Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың бас ақынына арналған айтыс өтті

13.07.2022, 18:20 965

HALYQLINE.KZ Бүгін Шиелі ауданында Сыр өңірінің ардақтысы, сахнада жыр тасқынын селдетіп, талай айтыс дүлдүлдерін сөзден сүріндірген айтыскер ақын Маханбетқали Тұрсановтың 85 жылдығына орай «Жарқылдап өткен алдаспан, Махамбетқали марқасқам» атты облыстық оқушылар айтысы өтті.

Айтысты аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде қарымды қолтаңбасы бар қалам иесі, шоқтығы биік ақын, жерлесіміз Дүйсенбек Аяшұлы мен Маханбетқали Тұрсановтың төл перзенттері сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.Аламан айтыста 10 оқушы (5 жұп) өнер көрсетті. Ақындарымыз кіші болса да ірі сөздерімен, көңілге қонымды ұсыныстарымен елді тәнті етті. Махамбетқали Тұрсановты дәріптей отырып, көңілді, тартысты айтыс көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Бірінші кезеңнің қорытындысымен финалға 4 ақын жолдама алып, екінші кезеңде Құлмамбет айтысы бойынша бақ сынады. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Елдар Әмірхан (Шиелі ауданы) жеңіп алса, І орынды – Дильназ Ержігіт (Шиелі ауданы), ІІ орынды – Мұхамедали Абдуллаев (Жаңақорған ауданы) пен тағы бір ІІ орынды – Ұлықбек Бектай (Қызылорда қаласы), ІІІ орынды – Олжас Азатжанұлы (Шиелі ауданы) және Біржан Сандыбай (Қызылорда қаласы) қанжығалады.

Ауданымыздың жеке кәсіпкерлері де бұл іс-шарада бас көтеріп, ақындарымызға қаржылай сыйлық ұсынды.

Нартай Бекежанов атындағы арнайы жүлдені – Ерасыл Сейтжанұлы (Арал ауданы), Шахмардан Есенов атындағы арнайы жүлдені – Нұржігіт Бихожа (Қызылорда қаласы), Құрманбек Бекпейісов атындағы арнайы жүлдені – Өміртай Есебай (Қазалы ауданы), Әбдіманап Шорабаев атындағы арнайы жүлдені – Ердәулет Орынбасар (Қармақшы ауданы) иеленді.

Пікірлер:
  • Шиелінің атақты айтыскері, батырлардың ұрпағы Махамбетқали Тұрсанов – Сыр елінің танымал өнерпаз дүлдүлі. Шараны ұйымдастырушылардың ісі өнеге боларлық.жас айтыскерлерге аруақты аталарының жолын берсін, өнерде биіктіктерді бағындыра беруге тілектеспін

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: