Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәдуақас Аңсат: «Ақиқатты айту азаматтық күрескерлігімді арттырды»

30.05.2022, 11:30 604

HALYQLINE.KZ Көрермендердің қай түрі болмасын, шығармашылық адамның дүниетанымы, қоғамдағы іргелі өзгерістер мен өзі өмір сүрген ортасындағы оқиғаларға деген көзқарасы мен бағамы қалыптасып, содан барып оның ішкі жан дүниесі мен рухани болмысы көрінеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, саясаттанушы Сәдуақас Аңсаттың «Сөзім – ұстанымым» атты 2 томдық кітабы жарыққа шыққан болатын. Жаңа кітапты насихаттау мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасының тілдерді оқыту орталығы КММ-нің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел басында оқырмандармен кездесу өтті. Іс-шараны аталған орталықтың директоры Мартана Дәулетбаева жүргізді.

Алғашқы сөз кезегі кітап авторы Сәдуақас Аңсатқа берілді.

– Негізгі мамандығым – құрылысшы, алайда бойымдағы ұлтқа деген биік ұстаным мен табанды мінезім мені қоғаммен, бұқарамен тығыз араласуға мүдделі етті. Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, саясаттанушы дәрежесінде кеңестік партия органдарында көп жыл қызмет атқардым. Қиын да жауапты міндетті атқаруда ақиқат жолын ұстанып, ағысқа қарсы жүзіп, сол үшін қысым көрген кездерім де болды. Алайда ондай кедергілер мені жолымнан тосылдырған жоқ, қайта азаматтық күрескерлігімді арттыра түсті, – дейді кітап авторы.

«Сөзім – ұстанымым» атты жаңа кітаптың жалпы мазмұны жайлы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Бауыржан Елеусінов, Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жақсыбек Егізбаев, қоғам белсендісі Болат Нұрхожаевтар жаңа туындының ойлы оқырманға берері мол екенін айта келіп, бүгінгі қоғамның өзекті де өткір мәселелерін арқау еткен жазбалардың қай кезеңде де құнын жоймайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігін орнатуда, мемлекеттік тіл мәртебесін қалыптастыруда, ұлттық идеологияны насихаттауда өзіндік салмағы бар елеулі еңбек жас ұрпақпен арадағы сабақтастықты нығайта түсетіні айтылды.

Қаламгердің айтуынша, кітаптың бірінші томында 2015 жылға дейін мерзімді басылымда жарық көрген мақалалары жарияланған. Ал екінші томында 2015-2020 жылдары жазған публицистикалық дүниелері енген. Бұл еңбектерден байқағанымыздай, жастардың еліміздің тәуелсіздігін тұғарлы ету үшін ұлттық ұстанымға берік болуға, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде қаламгердің азаматтық ұстанымын айқын аңғартады. Сөз соңында автор: «Өз ұлтының тілін білмеген адам, ұлттың азаматы бола алмайды» деген керемет сөзбен қорытындылады.

Пікірталас кезінде «Кітап құрттары» ұйымының төрағасы Талғат Меңдібай, журналист Тұрар Бекмырзаев бастаған белсенді жастар мен студенттер кітап авторына сауалын қойып, ойын ортаға салды.

Ақерке КЕНЖЕБЕК,

студент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: