Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Құлшылық етушінің қолдары»

06.04.2023, 9:20 395

Альбрехт  Дюрердің  бұл  атақты  суретін бәріміз  білгенімізбен,  оның  салу  тарихын білмейміз.  XV  ғасырда  Нюрнбергке  таяу жердегі шағын ауылда, бір  отбасында  18  баласы  бар әке өмір сүріп  жатты.  Он сегіз!!!

Осыншама  баласын  асырау  үшін  әке  күніне 18  сағат бойы белін жазбастан зергерлік шеберханада еңбек етті, балаларын да сондай тағдыр күтіп тұрған болатын. Бірақ екі  баласы Альберт пен Альбрехт ерекше  болып өсті, екеуі де алдына Нюрнбергтегі өнер Академиясына оқуға түсеміз деп мақсат қойды. Ол үшін екеуі келісіп, темір тиыннан жеребе тастады. Інісі Альбрехттің таңдағаны жік болып түсіп, айы оңынан туып, оқуға түсті. Ағасы Альберт төрт жыл бойы шахтада ауыр жұмыс істеп, серт бойынша інісінің Академиядағы оқу ақысын төлеп тұрды. Альбрехт оқуын бітіргесін ағасының оқуын төлейтін  болып  келіскен  болатын.

Альбрехт Нюренберг Академиясында үздік  оқыды, соңғы жылдарында сабақ берген  ұстаздарынан озып, салған гравюралары жоғары бағаға өте бастады. Оқуын бітіріп келгеннен кейін көршілерін шақырып, үлкен  дастарқан жайып, төрге ағасы Альбертті отырғызып қойып, алғысын айтып, «енді­гі кезек, қымбатты ағажан, өзіңдікі, енді уәдем бойынша оқу ақысын мен төлеймін, Нюренберке ертең менімен бірге жүресіз» дегенде, ағасы Альберттің көзінен аққан жас бетін жуып кетті. Тек кемсеңдеп: «жоқ… жоқ… жоқ….» деп жылай берді. Сосын көз жасын сүртіп: «Академияда оқи алмаймын. Мен кеш қалдым… Міне, қарашы мына саусақпен кист түгіл, калам да ұстай алмаймын» деп екі қолын жоғары қарай көтерді. Шахтадағы ауыр жұмыстан саусағының барлығы сынып, қисық бітіп, алақаны быт-шыты шыққан  екен,  оң  қолында  артрит пайда болып, шарап құйылған бокалды әрең ұстайтын  болып  шықты.

Қазір  әлемге  әйгілі  суретші  Альбрехт Дюрердің  картиналары  әр елдің  музейле­рінде  көрнекті  орында  тұр. Алайда,  450 жыл бұрын салған «Қолдар» картинасының орны ерекше. Кейін бұл сурет дүниежүзіне «Құлшылық  етушінің  қолдары»  деген атпен белгілі  болды.

Ағасы інісінің жолы болуы үшін құлшылық етіп тұрғандай болып көрінеді де тұрады маған. Сурет қолжетімді дерек­көзінен  алынды.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: