Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос домбыраның құлағында ойнайтын «Сыр Қаршығасы»

28.03.2024, 9:20 127

Қызылорда облысы, Шиелі аудандық мәдениет үйінде оркестр жетекшісі болып жұмыс істейтін Әділбек Тәшімов қазақтың қара домбырасын қолынан бір тастамайды. Ол «Аққу» күйін қазақтың Қаршығасынан үйренген.

Ерекше өнер иесі қос домбыраны қатар тартудың қиындығы бар деп есептейді. Қолындағы домбыраны еліміздегі кәнігі ағаш шебері Жолаушы Тұрдығұлов жасапты.

– 2007-2016 жылдары Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрде қызмет еттім. Сонда атамыздың күйлерін қызметтес болған, көзін көрген ағалардан естідік. Консерватория қабырғасында «Аққу» күйінің ең алғашқы орындаушысы, ұстазым Қаршыға Ахмедияровтан үйрендім. Домбырашы Қошқарбек Тасбергенов ұстазымның да тәрбиесін көп көрдім, – дейді ол.

Отбасылық жағдайына байланысты елге келген өнер иесі сапалы домбыраға қалай қол жеткізгені туралы баяндады.

– Облыстың экс-әкімі Қырымбек Елеуұлы өнерімді көріп, қолдау білдіріп, ел ағаларының арқасында домбыралы болдым. Сол кезде телевизиялық жобаға да жолдама алған едім. Сондықтан, көмегі көп тиді дей аламын. Домбыраны елімізге белгілі кәнігі ағаш шебері Жолаушы Тұрдығұлов жасады. Аспап материалы – 11 шанақтық полисандра, бет қақпағы кепкен шырша пернелері, шпоны сүйекпен әрленген, екі бұрау құлағы қара ағаштан жасалған. Мұндай сапалы аспаптың өте қымбат тұратыны да белгілі, – деп  сөзін  жалғастырды  талант  иесі.

Кейіпкеріміз жақында ғана «Ақкөркем» деген жап-жаңа күйін шығарған. Шығармашылығын алдағы уақытта да дамытуды көздейді. Әділбек Тәшімов осы уақытқа дейін 50-ге тарта шәкірт тәрбиелегенін айтады. Олар бүгінде республиканың  түкпір-түкпірінде  өнерге  қызмет  етуде.

– Жалпы, көптеген ұстаздан дәріс алдық. Құбыш Мұхитов, Тмат Мерғалиев, Тұяқберді Шәмелов, Қошқарбек Тасбергенов, Қаршыға Ахмедияров, Төлепберген Тоқжанов, Абдулхамит Райымбергенов ағалардың алдын көрдік. Ұстаздарыма мың қайтара басымды идім.

Алтын ұядан ұшып, кейін оқу орнына түскенде «ұстаздан көп нәрсе жұғады» дегенді естідік. Қазанғап атындағы музыкалық колледжде елімізге белгілі күйші, ұстазым Төлепберген Тоқжанов ағайдан дәріс алдым. Жалпы, өнерде еліктеу арқылы өстік десек болады. Үлгі аларлық ағаларға еліктедік және еліктеу арқылы шеберлігімізді шыңдадық. Енді қазір шәкірттеріміз жақсы қасиеттерімізді алып, өнерге қызмет жасаса деген тілек, ниетіміз бар, – деп сөзін қорытындылады күйші.

Жақында  ғана  ашылған  облыстық  симфониялық оркестрінің  жетекшісі  әрі  дирижері, Қазақстан Республикасының  еңбек  сіңірген  қайраткері Мүсілім  Әмзе  кейіпкерімізді  «Дүлдүл  күйші»  десе, көптеген  республикалық  байқаудың  лауреаты,  күйші Абылайхан  Ысқақов  айдар  тағып  «Сыр Қаршығасы» деп  атапты.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: