Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қиясбайдың «қызығы»

25.12.2021, 14:00 210

HALYQLINE.KZ Абайдың жасы ұлғайған шағында атын ерттейтін, төсегін салатын, тартылған табақтағы етін турайтын атқосшы қызметкер серігі болған Қиясбай жайында Шыңғыстау атырабында тараған хикая қыруар дүние. Солардың бір-екеуін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Көп тапқырлықтың бірі

Жидебайдағы қыстауға қыстың күні бір топ қонақ кеп, Абай үйіне түседі. Бұлар ақынның аса бір сыйлайтын кісілері екен. Кешкіде жаңа сойылған тайдың еті мен қысырдың қымызына бөгіп көйлекшең-дамбалшаң әңгіме-дүкен құрып отырған қонақтардың үстіне сырттан Қиясбай кіріп келеді де:

– Абай ағамда тығыз бір сөзім бар еді, тысқа шыға тұрыңыздаршы, – деп басқаларға байқатпай ақынға көзін қысып қалады. Қиясбайдың тағы да бір қызық көрсетейін деп тұрғанын сезген Абай:

– Иә, кішкене шыға тұрсаңыздар, – депті. Саптамаларын аяқтарына сұға-сұға, көйлекшең қонақтар апыл-ғұпыл қораға шығып кетіседі. Мейманхана бөлмесінде Абай мен Қиясбай екеуі оңаша қалады.

– Ол не сөз, Қиясжан?! – деп сұрайды ақын.

– Өздері бір мазасыз қонақтар екен. Міне, екі күн бойы «біздің аттар су ішті ме, жем жеді ме?» – деп қайта-қайта сұрап, тыншымды ала берді… Өздерін бір қатырайын дегенім ғой осылай аязды кеште қораға шығарып, – дейді Қиясбай.

– Мына тапқырлығыңа бір қой берейін, көрші ауылдағы шешеңе жеткізіп сал, – депті Абай.

– Тәйірі, Абай ағам өңгертіп жібереді дейсің бе, айдатып жібереді де! – депті Қиясбай.

Жалғыз қойды айдау мүмкін бе, содан да Абай:

– Он қой, он қой! – деген көрінеді.

Әлімбаев М. – Өмір. Өнер. Өнерпаз: Эссе, естеліктер, ой-толғамдар.

– Алматы: Өнер, 1990. – 6-8 б.б.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: