Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ тілін тасада қалдыру – түксіз қалу

12.01.2023, 10:20 263

Тіл – қашанда өзекті өртеп тұрған, түнгі ұйқыны ұрлаған тақырыптың бірі. Тіл – адамның шартты қажеттіліктерінің бірі әрі бірегейі. Тіл – кез келген көк аттының мәдениетін де, әдебие­тін де, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын толық танудың құралы. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Қазақ тілінің кешесі мен  келешегі  қандай?

Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын, кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры. Тілдің бұзылуы, қолданыстан шығуы, ескіруі, ескерусіз қалуы – ұлттың тағдыры мен тарихына түсетін тыртық. Демек, қазақ тілін тасада қалдыру – талай жылғы ата-бабаның төккен қаны мен теріне түкіргендік, еңбегін еш кетіру. Түптеп  келгенде, түксіз  қалу. Ал, мұндай жағдайдың  алдын  алу, ана тіліміздің мәртебесін, қадір-қасиетін көтеру – әр қазақтың және қазақстандықтың адами парызы. Парыздың қарыз боп кетпеуі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілдік түйткілдердің түйінін тарқатып жүргендер жайлы не білеміз?

Қазақ тілін дәріптеушілер көп бүгінде. Мемлекеттік тілдің қолданыста  болуын  қадағалаушылар  да жетерлік. Тілді сүю,  тілдің  тазалығын  сақтаушылар  мен  сақтауды насихаттау да жүріп жатыр. Түрлі сайттар бетінде, әлеуметтік  желілерде, қоғамдық  орындарда  қазақ  тілінде қызмет көрсету жаппай талап етілуде. Әлеуметтік желіде мемлекеттік тілді дәріптеуші парақ­шалар  бар, солардың  бірнешеуін  атап  өтсек, @qaza­q­shazhaz,  @qazaqgrammar, @tilkespekjoq. Аталған парақшалар – тілді дамытуда, қолдану аясын кеңейтуде көптеп күш салып жүрген азаматтардың басын қосушы. 2020 жылдан бері #qazaqzhajaz хэштегі арқылы Қазақстан аумағында жұмыс істейтін трансұлттық  компаниялар, мемлекеттік мекемелер мен халық­аралық ұйымдардың  мемлекеттік тілде ақпарат беруін, қазақ тілін бірінші кезекте жазуын талап етіп, талай сайт пен аккаунттардың қазақша сайрауына әсер еткен. Ал, қазіргі таңда шетелдік фильмдердің қазақ тілінде дыбысталуын талап етіп, петицияға қол  жинауда.

Соңғы уақытта тек парақшалар ғана емес, сонымен қатар Instagram  және  Tiktok желілерінде қазақша әндер, өлең  шумақта­ры  да  трендке  айналып, өзге  елдің  біздің тілді,  мәдениетті  тануына ықпал  етуде. Әдебиет әлемі жайлы @oqyrmann, @gasyyrlyk_mun, Қазақстан тарихы жайлы @derek­koz.kz,  қазақ  тілі  емлесі, Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері жайлы @ainagrammar  парақшалар көптеп кездесіп, көрерменнің  көзайымына  айналып,  қызығушылықтарын  тудыруда.

Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Тілін білмеген түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады». Бай тіліміздің, бар тіліміздің берекесін бес тиын етпейік! Қазақ тілін көтеруге, көркейтуге, құрметтеуге  асық  болайық! Тіліміз – түбіріміз. Қазақ тілінің құлдырамауына  күш  салайық!

Мұхаммедшах  КАЮП,

Қорқыт  ата  атындағы Қызылорда  университетінің 

2-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: