Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ баспасөзінің келешегі сөз болды

20.05.2022, 12:30 228

HALYQLINE.KZ

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде белгілі журналист, әлеуметтік ғылымдар магистрі Төлен Тілеубайдың жаңа кітабының таныстырылымы өтті.

БАҚ мәселесін талқылау түрінде өткен осы басқосуды ашқан алаштанушы-ғалым, аталған университеттің профессоры, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ: «Алдымызда үлкен саяси маңызды шешім тұр. Қазақстанның келешегін айқындайтын өзгерістер халықтық референдумға шығарылады. Бұл – мемлекеттік жүйені өзгертетін, әділетті Қазақстан орнатуға жасалған нақты қадам. Конституцияның баптарына күрделі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Журналистика – қоғамның айнасы, қозғаушы күші. Қоғам қандай болса, журналистиканың үні де сондай. Қоғамды өзгертетін де журналистика. Журналистика технологиясы жедел қарқынмен дамуда. Бүгін осы мәселе төңірегінде пікір алмасатын боламыз»,- деді.

Қатысушылар «Қазақ баспасөзі халықаралық деңгейде өзге елдердің медиасымен бәсекелесе ала ма?» деген сауалдар төңірегінде ой қозғады.

«Kazaknews» ақпарат агенттігінің жетекшісі, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Доған Йылдыз мырза: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында баспасөз саласына үлкен мән беріп, арнайы мәселе көтерді. Бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) бәсекеге қабілетін арттыру, жауапкершілігін күшейту қажет екенін айтты. БАҚ-тың келешегі қалай болатыны бәрімізді толғандырады. Өткен шақтың технологиясымен, әдіс-тәсілдерімен болашақты құра алмаймыз. Келер күндердің жаңа проблемаларына дайын болуымыз керек. Журналистиканың маңызы арта береді. Қазір кез келген жаңалық толассыз жүріп жатқан ақпарат ағыны арқылы әлемге тарап жатыр. Төлен Тілеубай осы оқу құралын жазамын дегенде, бірден қолдайтынымды айттым. Көп еңбек сіңірді. Өзінің тәжірибесіне сүйенді, көп адамдармен сұхбаттасты» деген пікірін білдірді.

Кітап авторы Төлен Тілеубай «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты өзінің оқу құралын профессор ұстазы Зарқын Тайшыбайдың басшылығымен жазып шыққан екен. Студенттердің сұрақтарына орай ол: «Ғылыми диссертациямды оқу құралына айналдырған себебім журналистика саласында білім алып жүрген студенттерге, магистранттарға пайдасы тисін дедім. Цифрлық технологияның қазіргі медиа саласына әкелген өзгерістері зерттелді. Классикалық модельдің дағдарысы, цифрлық жолайрықтағы журналистиканың даму үрдістері қамтылды. Сондай-ақ ықпалдасу заманындағы байланыстарды зерделеп, сараптама жасауға тырыстым»,- деп жауап берді.

Ақын-журналист Айбатыр Сейтақ оқырманға жаңа кітабын ұсынған Т.Тілеубайдың журналистика саласының келешегіне көз жүгіртіп, терең зерттеуі құптарлық іс екенін атап өтті. «Баспасөз қызметкерлерінің жауапкершілігі өте үлкен. Оның жазған ақпараты әлемді шарлап кетеді. Ешуақытта қателесуіне болмайды. Сондықтан біздің елімізде де оң өзгерістер болып, қаламақы төлеу жүйесі қалыптасып, журналистердің еңбегі жоғары бағаланып, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болатындай жағдай жасалуы қажет» деген ұсынысын алға тартты.

Аталған факультеттің білікті ұстаздары Гүлмира Әшірбекова, Ғалия Манатқызы, Гүлжазира Құдайбергенқызы жаңа кітап туралы пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, Г.Әшірбекова: «Әлемдік медиа күрделі өзгерістерді бастан кешкен. Батыс елдері сол жолдан өтіп, медиа нарығындағы өз аудиториясы үшін олар батыл шешімдерге барған. Оқырманмен кері байланыс орнатқан. Сол дәстүр бізге де еніп келеді. Қазір «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан», «Алаш айнасы» сияқты қазақ газеттері де соған бейімделуде. Олар сұранысқа орай ішкі құрылымы веб-редакция және дәстүрлі редакция болып бөлініп, жаңа жүйеде жұмыс істеуде. Цифрлық технологияның мүмкіндіктерін ашып көрсеткен Төлен Тілеубайдың кітабы біздің студенттер үшін өте қажет. Тіпті дипломдық жұмысқа пайдаланудамыз. Біздің іздегеніміз бұл кітапта бар»,- деп өз ойын ортаға салды.

Қайрат Сақ: «Бұл – жаңа заманның жаңа оқу құралы. Студенттердің өз мамандықтарын тереңірек зерделей түсуіне оң ықпал етеді деген ойдамын»,- деп басқосуды қорытындылады.

(Өз тілшімізден)

Нұр-Сұлтан қаласы.

Фотосуреттерді түсірген Ардақ Мүтәрбек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: