Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаршадай қыз қара домбыраның құлағында ойнайды

25.01.2024, 9:20 132

Есімі елге мәлім Ешнияз сал, таланты тасада қалмаған Тұрмағамбет пен Жиенбай, Тасбергендей жүз жырау туып-өскен топырақтың жасы да, жасамысы да өнерге жақын. Қай үйге барсаңыз да, төрінде қазақтың қара домбырасы ілулі тұрады. Балалар кішкентайынан қолына домбыра ұстап, ән-жыр, терме-мысалдарды төгілтеді. Сондай өрендердің бірі – Фатима Мархабатова. 10 жастағы қыз бүгінде 10-нан аса жыр-термені жатқа біледі.

Жалпы, Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі 2006 жылы ашылған. Қазіргі уақытта жеті жыр-терме, бір ақындық, бір қыл қобыз үйірмесі жұмыс істейді, әр үйірмеде он сегіз оқушыдан бар.

– Шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық байқау-фестивальдарға қатысып жүр. Мен «Жиенбай жырау» үйірмесінде жұмыс істеймін. Оқушыларды алғаш домбыра құрылысымен таныстырып, оң қол, сол қол жаттығуын жасатамыз.

Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Оңғар жырау, т.б. ақын-жыраулардың терме-толғауларын, мысал өлеңдерін мақам-сазға салып үйретеміз. Осы үйірмедегі он жастағы Фатима Мархабатова шәкіртім оннан аса мысал-термелер біледі, – дейді Дінислам Тоқсанбаев.

Үйірмеге алғаш рет Фатиманы әжесі ертіп келіпті. Ұстазы сол уақыттағы диалогты әлі күнге дейін жадында сақтаған.

– «Домбыраға апаршы» деп қоймаған соң әкелдім» деді әжесі. «Ертең-ақ домбыраны шебер тартып, біз бен сізге жүлде алып, атымызды осы қыз шығарады, апа» деп айтқаным есімде. Міне, соның нәтижесі ғой. Ауыл халқы, аудан халқы әрдайым Фатиманың өнер жолына бата беріп, тілектестігін білдіріп отырады, – дейді  ол.

Кішкентай жыраудың арманы асқақ. Ол атадан балаға жеткен бекзат өнерді әлемге танытуды көздейді.

– Мен үйірмеге 7 жасымда келдім. Қазір 10-нан аса жыр-дастанды жатқа айтамын. Болашақта елімді әлемге танытар жыршы болғым келеді. Көптеген байқау-фестивальға қатыстым, жеңімпаз да атандым. Ұстазымнан үйренерім әлі де көп, – дейді 10  жастағы  өнерлі  қыз.

Аты Алашқа белгілі Шораяқтың Омарының шөбересі, ұстаз Дінислам Тоқсанбаев шәкірттері шыңға шықса, ерекше қуанатынын айтып отыр. Ұстаздық жолда ұядан небір талантты ұшырғанын жеткізді.

– Менің  алғашқы  шәкірттерімнің  бірі – Әлішер  Мырзағалиев  қазіргі  уақытта  өзіммен  қызметтес  болып  жүр. Алматыдағы  Жүсіпбек  Елебеков  атындағы колледжде  Шұғыла  Мархабатова  және Арай Оңғарқызы   есімді  екі шәкіртім  білім алуда. Одан өзге де  көптеген  оқушым  өз өнерін ел ішінде көрсетіп, көпшіліктің алғысына  бөленуде. Шәкірттерім жетістікке  жетсе, төбем көкке жеткендей  қуанамын, – дейді  ол.

Аядай ғана Тұрмағамбет ауылында «Жиенбай  жырау»  және  «Тасберген жырау»  атындағы қос  жыр-терме үйірмесі жұмыс  істейді. Мұның  өзі  осындағы ел-жұрттың  саф  өнерге  деген  құрметі  екенін  аңғартса  керек.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: