Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаратаудың қаһары

21.12.2023, 9:20 151

Көз алдыңа не келеді? Өз басым биік тастың үстінде тұрған қасқыр­дың сұлбасын көремін. Рас, Қара­тауға барған сайын тастың биік төбесі­нен көкке ұлып тұрған бөріні көргендей күй кешемін. Ішкі дауысым солай сыбырлайды. Иә, солай! Солай!
Мен үшін Қаратау мен қасқыр егіз ұғымдай.
Ал ғалым, жазушы Жолтай Әлмашұлы: «Қаратаудың мұнарлы биік шыңының бір иеніндегі кезеңге көкжал қасқыр келіп тоқтағалы біраз уақыт: ол селт етіп бір орнынан қозғалар емес; бар дүние қызығын бір сәтке тәрк еткен өлі қалып! Бәлкім, тас мүсін бе екен? Жоқ! Кенет қарт көкжал басын зеңгір аспанға қарай кекжите көтеріп алды да, ащы дауысымен ұлысын кеп! Сол зарлы үн аспанды жаңғырықтырды, тіпті ауыл үстінде де біршама уақыт күңіреніп тұрып алып еді».
Жолтай ағам да мен көрген қас­қырды көрді ме екен! Жоқ! Жөкең­дікі – қарт, менікі – жас бөрі!
Бірақ екеуміз де Қаратаудан қас­қырды көретініміз анық! Иә, көкжал арқылы бүгінгі әлсіреген болмысты қамшылауға, бөрінің мінезін дәріптеу арқылы адамдарды ерлікке, елдік­ке шақырады.
«Қаратау қаһары» кітабына өзі «Күнің де, жолың да нұрлы бола берсін» деп қолтаңбасын қойып жібер­гелі бас алмай, бір беттен екінші бетке өткенше асығып, көңілді бұрдық.
Содан романнан не түйдік?
Қыраш – Қаратаудың етегіндегі бір бұлақтан нәр алған шағын ғана ауыл. Жолтай Әлмашұлының кіндігі сонда кесілді.
Елді мекен тұрғындары – шетінен бәрі айтқыш! Қиыннан қиыс­тырып сөйлеген ділмарлық, тастың тамырын толқытып жіберердей отты сөзді сол ауылдан естисіз.
Жөкең жастайынан қоныс үлкендерінің әңгімесіне әуес болып, құлағын түре жүріп, ақсақалдардың арасынан табылуға тырасады. Шежірелі шалдар елдің жайымен қатар, Қаратаудың сырын жақсы біледі. Таудың тарихымен байла­нысты есті сөздерді жиі айтады. Ол сол әңгімелерді көңіліне түйіп, сана­сына сіңіруге тырысады.
Сөйтіп, ес біліп, ел танығалы тау­дың тас-тасына секіріп, әсерлі, бедер­лі тастарын жинап, керек кезде достарына сыйға тартып, тау-тастың сырын ұғуға, тыңын тыңдап, тарихын білуге құмартып өскен-ді. Осы түйген-білгеніңді, оқыған-тоқығаныңды шығарма арқауына айналдырып, өр бөріні бейнелі образ ретінде әспеттеп, адамдарға адамдықтың, адалдықтың парқын түсіндіру, түсіндіріп қана қоймай, нақты бағдар, айқын бағыт көрсету маңызды міндет болса керек-ті. Міне, «Қаратаудың қаһары» осы тұрғыдан құнды.
Көрнекті ғалым Зейнолла Қаб­долов сөз өнерінің ішінде ең қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет деп бағасын бергені белгілі. Осы асыл өнерді ауыл ақсақалдарының сөзтанымынан танып, зердесіне құйып, елдің киесін, жердің қасие­тін жете түсініп өсті. Оның «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ» еңбектерінен осындай зеректікті танып, адамның болмыс-бітімін терең суреттеп, заманның өрісін дәл тапқанын санаға түйесіз.
Енді оқырман ретінде айтар болсақ, шағын-шағын ой-толғамдарды көп жұлдызбен бөліп, бүгінгі еріншек оқырманды кітап оқуға ша­қырып, танымды, тағылымды үйлестіреді.
Бір әңгіме екінші әңгіменің идея­сын ашып, мән-мағынасын түрлендіріп, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді терең қаузап, бір түйін­ге ұйыстырып, романның маңызын арттыра түседі. Романның жалпы түйініне сәл кейіндеу тоқталып, ал­ды­мен жазушының суреткерлік шебер­лігі мен бүгінгі қоғамдық өмірдің шындығын ашқан әңгіме­нің желісіне тоқталсақ.
«Жаңбыр жауды. Төпелеп, тоқтамай ұзақ-қ жауып, жер төсіне инесін аямай тыққылап тұрып алды. Аспан әлденеше рет күркіреп-ақырып, зәре-құтыңды алатын алапат дауыспен жерді сілкіндіріп-сілкіндіріп жіберген».
Осы жердегі «жер төсіне инесін аямай тыққылап тұрып алды» деген теңеуі қандай әсерлі, қандай ұтымды шыққан! Жаңбырды инеге теңеп, жерді жібекке баласа, жібектен көркем де көрікті киім дайындау иненің міндеті десек, жаңбыр да жер бетін көк шалғынға орап, гүлмен көмкеретін күшке ие емес пе?! Бір ғана ойдан осындай кең мағына тарқатуға болады.
«Аспан ашуы» атты шағын әңгі­меде табиғаттың тосын мінезін әспеттегенімен, негізгі мәні желтоқсаншы азаматтың қоғамдағы қиын да күрделі өмірін баяндайды.
Шағын туындыда адамдардың әлеуметтік психологиясы, жүріс-­тұрысы, әдет-дағдысы туралы да жақсы бере білген.
«Қызметі жоғары ағалардың әйел­дері неліктен талтаңдап, жүре алмай қалады? Әй, семіздікті де қой көтеретіні рас-ау!» деп жаңбыр­лы күні вокзалға беттеген әйелдің міне­зін суреттейді. Солай ғой, қыз­меті өскеннің көкірегі керіліп, көкте жүргенде кербезденіп, жердегі адамдармен маңғаз сөйлесетінін көріп те, біліп те жүрміз!
Жасан ауылда бір қызды жүкті етіп, Алматыға із суытып, жиен ағасы Жекеңді паналап, ақыры кірпіш зауыты­на жұмысқа орналас­қаны, онда желтоқсаншы Есімбекпен танысып, өмірге деген көзқарасы өзгергені суреттеліп, Желтоқсан көте­рілісінің ақиқатын кейіпкерле­рінің аузына салады.
Жақсы шығарма үшін: бірінші – шабыт, екінші – сезім, үшінші – қиял, төртінші – шеберлік, бесінші – өмір­дің ақиқаты керек десек, «Қара­тау қаһары» осындай жазушылық талап­тың жемісі екені анық.
Мәселен, «Пәтер мен қатерді» оқып, Алматы қаласындағы «лақтырып кеткіш» құрылыс компаниялары туралы оқып, осыдан 5-6 жыл бұрынғы оқиғалар көз алдыңа келе­ді. Мұнда шығыстың тумасы Өсер, батыс­тың азаматы Өмен және Хасанның басынан өткен оқиға өріледі. Шағын бөлмеде тұратын бұл үшеуі баспаналы болуды армандайды…
«Желқайық» құрылыс компа­ниясының басшысы Тоқан Шел­пеков салымшылардың ақшасын қалтасына басып, шетелге тайып тұрады. Автор шен-шекпенділер елдің бақ-ырысын сүліктей сорып, шетелге тасығанын ашық жазады.
«Қаратау көкжалымен қоштасу» алды үміт, арты өкініш алдамшы өмірді суреттеген шығармасында Қоңыр-Бегім ананың бейнетті өмірі, етжақында­ры арасындағы алауыз­дық, дүние­ге таласы жан-жақты жазылады. Қайтыс болған адамды жөнелтудегі жөн-жоралғылар мен қаралы күндегі туыстары мен ауылдастарының көңіл күйі, мінез-құлқын тануға болады. Қызметке талас, тартыс, адамдардың тұрақсыздығы және т.б. туралы оқисыз…
Сөз халықтың қазынасы, тіпті халықты ерекшелейтін құбылыс деу­ге негіз бар. Ал осы сөздің кені саналатын жазушының зерде-қоры мейлінше бай, шұрайлы болуы тиіс. Содан болар, Жолтай аға жиі-жиі сөз мырзамен тілдесіп, заманның сыры туралы сыр шертіп тұрады. Жазушы секілді Алғашбек те жансыз жатқан анасы салынған табытпен тілдесіп, «Анамның жаны ауырмасыншы! Жүрегі қысылмасыншы! Әлдилеші, әлдилеп алып ұшшы!» деп жазады.
Ұлы Алашбектің қызметтегі кейбір сәттері, әсіресе перзенттік сезімін анасы тастап кеткен түйіншекті ашқан кезде әсерлі жеткізеді.
– Түйіншек бес рет байланыпты: оның шешуін ағытып болғанша, бұл да асығыс кетті; ішіндегіні көргенше ынтық…
Әуелі ер кісінің белдігі шықты. Белдіктің ұзына бойы күміспен қапталыпты. Сол апталған күміс қаусыр­мада жазу бар: «Қолым жетті деп аспандама – Алла көріп тұр!» деген жазуды алдымен оқыды. Содан соң тағы да жазылыпты: «Қор болдым деп қорланба – Жаратқан ие оны да көріп тұр!..». Тағы бір жазуды оқыды: «Сен де Алланың құлысың, қамыңды бір Алла жейді…».
Көзіне жас іркіліп қалып, онысын байқатқысы келмей:
– Бұл белдік туралы айтпады ма? – деп сұраған.
– Айтты.
– Не деді?
– Бұны өзінің әкесі – атақты Шарай байдан қалған мұра екен. Анасы үзілер сәтте ұсынып тұрып: «ең жақсы көретін балаңа сыйлап кетерсің» деп тапсырыпты.
Одан бетер көңілі босай түскен. Енді ұятты қойып, көз жасын қай­та-­қайта сүрткіледі.
– Қайран, апатай-й…
Майра түйіншектің түбіндегі тағы бір затты шығарды.
– Бұл не?
– Бұл – жайнамаз.
– Мұны не істеймін?
– Анам айтты: егер балам Алла жолына түсіп, намазға жығылуға ниет­тенсе, осы жайнамазды берерсің деген…
Алашбек жайнамазды қолына ұстап, бетіне басып, көңілі алабұртып, ұзақ-қ отырып қалған-ды, – деп кейіпкерінің жан-күйін әспеттейді.
Жолтай Әлмашұлы ақыл-пара­саты кемелденіп, өмір мен адамды тануы тағылымданған кезде Алланың бірлігі мен сипатын өте әсерлі жеткізіп, оқырманына астамшылыққа барма, тәкәппар болма деген ой тас­тайды.
Жеке-жеке тақырыптар берілген шағын әңгімелер бір-бірінің идеясын ашып, үйлесім тауып, аяғында бір түйінді ойға қызмет етеді. Ол – бүгінгі замандағы абыздықтың қадірі қашып, кім көрінген өзінікін дұрыс дейтін керімінездіктің белең алуы, қария уәжінің қадірі кеткенін қаламына арқау етеді. Көненің көзін көрген, кешегі ақсақалдар институтының пәрмені кетіп, «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұлағатының ұмытыла бастағанын жазады.
Бір кітаптағы екінші роман бүгінгі кейуана бейнесін ашуға арналған. Кейуана мен келіндердің қазіргі кикілжіңі арқылы жалпы қоғам дертін баяндайды.
Қарт Қаратаудың көкжалын символдық бейне ретінде әспеттеп, бөрінің өр мінезін бүгінгі ұзақталған адамдармен салыстыра сабақтайды. Міне, романның «Қаратау қаһары» деп аталуында осындай мән бар!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: