Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаламгерлердің қағытпалары

28.06.2023, 12:20 301

«ЖАРАМДЫЛЫҚ  МЕРЗІМІ  ӨТІП  КЕТКЕН…»

«Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожас әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялайды. Пост тақырыбы теледидар болғанымен, мәтінде қыздар туралы айтылса керек-ті.

Соны оқыған бір оқырман «Qazaqstan» ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақановты (суретте) арнайы белгілеп, «Үйлендіріңдерші, мына қасқа құлынды үзіктіре бермей» деп жазыпты.

Ержанның бойдақ екенін тағы бір еске салған Әділбек: «Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болып тұр ғой, әйтпесе әрі-бері  тықпалап  жатырмыз»  деп  көпшілікті әлеужеліде  бір  күлдірген  екен.

«ҚОЗЫ  ЕКЕНІҢДІ   БІЛІП  ТҰРҒАН БОЛАР…»

«Qyzylorda»  телеарнасының тілшісі Қозы-Көрпеш  Жасаралұлы  қаланың қақ ортасында қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін, өзіне қарай үріп, жақындап келе жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді.

Оны  көрген «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Сейітжанұлы (суретте) «Қозы екеніңді біліп тұрған  болар» деген  екен  есімін есіне  салып.

«ЛЕВЫЙҒА»  БАРАСЫЗ  БА?

Журналист, қазіргі кезде Халыққа қызмет көрсету орталығының пиар-менеджері Ерқанат Сәрсенбайұлы (суретте) әлеуметтік желідегі парақшасына:

«Өткенде қаланың шалғай шетінде тұратын бір ағайынның үйіне тойға бардым. Қызын ұзатып еді. Той соңы қайтпақшы болып, көлігімді оталдырдым. Ұзатылып жатқан қыздың әріптесі болса керек, үріп ауызға салғандай әдемі бойжеткен маған жетіп келді.

– Аға, «левыйға» барасыз ба? – деді.

Сұлудың Сырдарияның сол жағалауын меңзеп тұрғанын білсем де:

– Қарындасым-ай, бұрын «левый» бармаған жерім еді. Сіздей сұлу өтініп тұрған соң, күнә болса да тәуекел етейін, – дедім.

Әлгі қыз өз сұрағынан ұялып қалды. Одан әрі қызартпай, көлікке отырғызып, сол жағалауға тартып кеттім» деп жазады.

Мұны оқыған қызылордалық қырғитілді қаламгерлер қойсын ба, «Әй, сен де қызды қызартып…», «Сен «левыйға» бармайсың ғой, қонасың», «Сенен сөз артылған ба?» деп жарыса  пікір  жазған  екен.

«МАКСИМАЛЬНО  БАҚЫТТЫ  БОЛАЙЫҚ!»

Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова (суретте) әлеуметтік желідегі парақшасына #әтешкүр хештегімен қызықты жазба жариялайды.

«Бірен-саран тележурналист аты-жөнін пайдаланып, көрерменмен қоштасу сөзін айтады ғой.

«Тасыған өзенде аман жүрейік!» (Аман Тасыған), «Өте бай болайық!» (Руслан Өтепбай), т.с.с.

Енді осыны біз жалғастырып көрейікші… Не шығады екен?» деп оқырмандарына сұрау салыпты.

100-ге тарта пікірдің арасынан сырбойылық журналистердің жазғанын іріктеп көрген едік.

Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков «Өзіміз де әз болайық, артымызға да әз із қалдырайық!» деп жазса, «Халық» газеті бас редакторының орынбасары Рыскелді Жахман «Әр отбасына ырыс келсін!» деп пікір қалдырыпты. «Ойдағы-қырдағы бауырлар дәулетті болсын!» деп түйіндепті «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Дәулет Қырдан.

Ал, дәл осы жазбаның астына экс-журналист, қазіргі депутат Максим Рожин «Жер жүзінде жүрген бәріміз максимально бақытты болайық!» деп жазып, көпшілікті бір серпілткен екен.

«АУЫЗДАРЫҢЫЗ  ЖАБЫЛЫПТЫ  ҒОЙ…»

Қызылорда облысы әкімінің мобилографы Айдос Мырзалы: «Партнёрларымды емес, партнёрларды ұстап алдым» деп облыс әкімінің фотографы Бағдат Есжанов пен видео операторы Бахтияр Алмусаев үшеуінің ауруханада жұмыс бабымен түскен фотосын жүктепті.

Үнемі бір-бірін қағытып сөйлеп, көңілді жүретін үшеудің бетперде тағып алғанын байқаған «Хабар» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков (суретте)  «Ауыздарыңыз жабылыпты ғой…» деп пікір қалдырған екен.

«ҰЙҚЫ  ЖАЙЫНА  ҚАЛАДЫ»

«Бас жуамын» деп ваннаға барып, ол жақты тазалап шығасың. Бас жуу далада қалады. Енді бір кесе шай ішкім кеп отыр, асханаға кіруге қорқып отырмын» деп «Халық» газетінің тілшісі Әйгерім Нажмадинқызы әлеуметтік желідегі парақшасына жазыпты.

Мұны оқыған Бағдат Есжанов (суретте) іле-шала «Бізде де сол ғой, ұйықтаймын деп келіншегіңнің қасына жатасың да, ұйқы жайына қалады» деп қағытпа пікір жазған екен.

Жинақтаған Рыскелді Жахман.
Суретпен «сәндеген» Ердәулет ҚАЛИ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: