Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қалам қуаты танылған күн

01.07.2021, 11:30 132 0

Қоғам өмірінің тың тенденцияларын қойындәптеріне түртіп ғана қоймай, бұқараға жеткізуде жарғақ құлағын жастыққа тигізбейтін мамандық иелері – журналистер. Тіршіліктің сала тамырына қан жүгіртіп, әлеуметтік мәселелерді шешуде ақпарат айдынының абадандары аянып жатқан жоқ. Заман талабына сай, технологияның қарыштап дамып тұрған кезінде оқырманға ақпаратты сан түрлі қырынан жеткізу мүмкіндігі де мол. Мәселен, бұрын халық тек газет-журнал оқып, көксандықтан берілетін жаңалықтарға тәуелді болса, қазір ақпарат кез келгеннің «алақанында» қолжетімді. Бүгінде Қызылорда облысының өзінде 100-ден аса бұқаралық ақпарат құралы бар, оның 6-ауы – интернет сайт пен ақпарат агенттігі, 8-і – электронды БАҚ, 87-сі – баспа түрінде тіркелген ақпарат құралдары. Ел игілігі жолында қаламының қуатымен еңбек етіп келе жатқан БАҚ өкілдері апта басында төл мерекесін атап өтті.

Өзінде жоқ нәрсені біреуге болса екен деп бо­лы­сатын, қоғам шындығының астарлы ақи­қатын ақтаруда жеке басын қауіпке тігуге де әзір БАҚ өкілдерінің құрметіне Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма  театрында  «Қанатты қалам – 2021» салтанатты шарасы ұйымдастырылды. Шара шымылдығын облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова  ашып, игі  тілегін  жеткізді.

– Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабар­шысы болып, әрдайым қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін ерекше кәсіп иелері – бұқаралық ақпарат құралдары саласының қыз­меткерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен  құттықтауға  рұқсат  етіңіздер!

Бүгінгідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген,  қалам қасиетін ардақ тұтқан журналист қауымына жақсы тілектерімізді айту үшін жиналып отырмыз. Бұрын мамыражай маусымда өңірдің тыныс-тіршілігін көпшілікке жеткізіп, маңызды қоғамдық міндетті арқалаған сіздерге алғыс айтып, құрмет көрсету дәстүрге айналған еді. Бір жылдан асты, жиі кездесіп, пікір алмасып тұру  мүмкіндігімізді  пандемия  шектеп  тастады.

Өздеріңіздей туған жердің тарихын қадір тұтып, бүгінгісіне марқайып, ертеңіне алаңдайтын қауыммен жүздесуді сағынып қалғанымыз да рас. Төтенше жағдай кезінде дәрігерлер, күштік құрылым қызметкерлері сапында сіздер де жүріп, ең қиын сәттерде шынайы ақпарат тараттыңыздар. Сенсацияны мақсат тұтқан жаңалықтардың ақ-қарасын ажыратып, көрермен мен оқырманға дұрысын жеткізу үшін тынбай еңбек еттіңіздер. Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің  болашағы  мықты»  деп  ХХ  ғасырдың  басында  айтқан сөзі ХХІ ғасырда да өз  маңызын  жойған  жоқ.

…Ұлт болып ұйысуға, мемлекет болып ілгері­леуге бағытталған елдік шаруаларға, Елбасы бас­тамалары мен мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін өздеріңізге риясыз алғысымызды айтамыз!

Өздеріңізді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, барша баспасөз, теледидар, радио қызметкерлерінің еңбегіне табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-бере­ке, амандық тілейміз, – деді аймақ басшысы құттықтау  сөзінде.

Салтанатты шараға жиналғандар Сыр елінің журналистика саласының даму тарихы туралы дайындалған бейнероликті тамашалады. Өткен күннің бедерінен баяндалған мәліметтер аймақ­тың тыныс-тіршілігін айқын­дап-ақ тұр. Төл мере­ке қарсаңында көңілдің құлпы ашылған сәтте ақпарат тас­қынында елеулі қызмет етіп жүрген  журна­листер  марапат   биігінен  көрінді.

Құттықтаудың алғашқы легі ҚР Президен­ті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хатымен» басталды. Бұл құрметке республикалық «Хабар 24» теле­арнасының меншікті тілшісі Қамбар Бекенов, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Әділбек Жақанов және республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті­нің бас редакторы Нұржан Нұрмаған­бетов  лайық  деп  танылды.

Бұл марапат мемлекет басшысының «Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекет­шілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың  жаршысы  болып  келесіз­дер. Ақпарат   саласын  дамыту­ға  мемлекет тара­пы­нан  қашанда  ерекше  көңіл бөлінеді. … Сіздер егемендік жылдарында ұрпақ­тың бойы­на азаттық рухын сіңіруге зор үлес қостыңыздар. Мен мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймын. Әрқайсыңыз шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенемін» деп құттықтауының айқын дәлелі  іспеттес.

Сондай-ақ, тілшілік тіршілікте халықпен етене жақын болып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтау­да қасиетті қаламынан туған жаз­басы арқылы елдік мүддені қорғай білген ардагер-журналист Нұрмахан Елтай мен ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақ­тарының мүшесі Тіле­ген Бекарыс­тановқа «Еңбек ар­дагері» медалі табыс­талды. Ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы қалып­тас­қан «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының бас редак­торы Айнұр Тұңғышбаева, Қызыл­орда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редак­торының орынбасары Гүлжазира Жалға­сова, респуб­ликалық «Atameken Business News» теле­арнасының меншікті тілшісі Шарипа Сақтапова, облыстық «Кызыл­ординские вес­ти» газетінің бас редак­торы Қазбек Ботаев, респуб­ли­калық «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Қамбар Бекенов­ке «Ақпарат саласының үздігі» меда­лі табыс­талды. Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Құрмет грамотасы» респуб­ликалық «Казахстанская правда» газе­ті­нің меншікті тілшісі Юрий Ли, Жалағ­аш  аудандық  «Жалағаш  жар­шысы»  газеті­нің бас редакторының орынбасары Гаухар Қожахме­това,  «Қоғам ТВ» телеарнасының шеф-редак­торы және бағдарламалар директоры Баян Құлтанова, Жаңақорған  аудандық  «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторының орын­басары Баян Үсейінова, республикалық «Ұстаз мәртебесі» газетінің және «Әлімсақ» журналының бас  редак­торы   Нұрлан  Нұрмахановқа  бұйыр­ды.

Сыр өңірінің ғана емес, еліміздің ақпарат саласының дамуына үлес қосқан ардагер-журналист Айткүл Шалғынбаеваға Қазақстан  Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі»  атағы  берілді.

Коммуникациялық құрылғылар дамыған сайын ақпарат та желмен жарыса діттеген же­ріне  жетіп тұрған кез екені белгілі. Тіпті кейбір жаңалықтар дәстүрлі БАҚ-тан бұрын сайттарда жарияланады. Бұл – оң жетістік, технологиялық  даму  тетігінің  маңызы. Соны­мен қатар әлеуметтік желі қолданушылары арасында да ақпараттың қайнап жатқанының куәсі – өзіміз. Алайда оның шынайылығы мен мазмұнына мән берілмейтіндігі  журналистика  саласының  жүгін  жүктеп, «жілік майын» алмастыра алмайды. Мұны облыс әкімінің өзі құттықтау сөзінде «Әлеумет­тік желі арқылы ақпарат тез тарайды, бірақ, оның бәрі бірдей шынайы ма? Мәселе – сонда! Сондықтан, баспасөз бен теледидардың халыққа дұрыс мәлімет жеткізіп, жалғандыққа жол бермей, шынайылықты сақтаудағы орны жоғары бола бермек!» деген екі-үш ауыз сөзіне сыйғызып, арнайы  тоқталды.

Айта кетейік, жауынгерлік жанрда қалам тербеп, билік пен бұқараның арасында «алтын  көпір»  болып жүрген БАҚ өкілдерін биыл да облыс әкімі  елеусіз қалдырмады. Атап айт­қанда, республикалық «Жас Алаш» газетінің мен­шікті тілшісі, «Тіл мерейі» газетінің бас редак­торы Миуа Байназарова, «Ақпарат kz» газеті­нің бас редакторы Бибайша Алпыс­баева, республи­калық  «Караван»  газетінің  меншікті тілшісі Наталья Денисова, «Егемен Қазақстан» газеті­нің меншікті тілшісі Мұрат Жетпіс­баев, «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжан­ұлы, «Qyzylorda» телеарнасының бас продюсері Алтынай Молжановаларға облыс әкімінің «Құрмет  грамотасы»  табыс­талды.

Расы керек, тарихы мен тамыры тереңнен бастау алатын журналистика саласында еңбек етудің өзі – ерлік. Оның үстіне интернет сайттар мен электронды БАҚ-тың дамыған тұсында сапалы контент пен тұрақты оқырман қалып­тастыру да оңай шаруа емес. Десек те осы сала­ның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қару­сыз жауын­герлер қандай болса да марапатқа  лайық.

Халық әдебиеті арқылы жеткен Бұқар жырау­дың өнегесінде «Ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, Шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» демекші бұқараның базынасын шаршы алаңда шырқыратып айтып, шешімін тап­қанша «тақымын қысып» отыратын бір топ журналист  облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы номинацияларын иеленді. Сондай-ақ, жастық жігерімен жалындап, Сыр журналис­тикасының шоқжұлдызына айнала білген, көрерменнің ыстық ықыласын арқалаған күйі жарқ етіп мәңгілік мекеніне жол тартқан журна­лист  Сахитжан  Бермағам­бетовке  жуыр­да  қала  ішінен көше атауы берілген еді. Ізінше төл мерекеде журналист атына таға­йындалған шығармашылық байқау жеңім­паздары мара­па­тталды. Олардың арасында «Халық» газеті­нің тілшісі, «Halyqline.kz» ақпараттық сайты­ның редакторы Рыскелді Жахман «Үздік жарияланым» иесі деп танылды. «Үздік сюжет» жеңімпазы «Қоғам ТВ» теле­арнасының редакторы Назгүл Алмабекқызы болса, «Үздік мақала» жеңімпазы «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ерсін Шамшадин деп танылды. Ал ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай об­лыстық шығарма жазу байқауының жүлдесі Сырда­рия аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай  Ордабековке  бұйырды.

Салтанатты шара соңында сахна төріне облыс әкімінің ықылас гүлі қойылып, марапат алушылар облыс әкімімен естелік суретке түсті. БАҚ өкілдерінің төл мерекесі концерттік бағдарламаға  ұласты.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ.

Н.Нұржаубай (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: