Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Прагада шырқалған «Той жыры»

30.11.2020, 9:35 562 0

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Менің шебер гитарист, керемет әнші Қайрат Ильясов деген досым бар. Сазгерлігі де мықты.

«Әне қарашы, Жетіқарақшы,

Бізді қимай сөніп барады» деген жан баураған сөздері бар «Жетіқарақшы» атты тамаша әннің авторы. Осы әнді өз ортамызда жанды дауыспен өзі орындағанда Қайрекең мүлде өзгеріп, арқаланып кетеді. Мұндайда маңайды мүлгіген тыныштық жайлап, жігіттер жағы бір-біріне ұрлана қарап қойып, елжірей жымияды.

Тәтті әуенге еліте отырып, санаңа ұзын шашың иығыңды жауып, мықыны жоқ, жарты метр балағы жер сыпырған кала-кала шалбар, биік өкшелі «платформа» туфли киіп, көйлегіңнің жағасын кәстөміңнің сыртына шығарып қойған сонаууу бозбала шағың жалт еткенде, бойыңды қимастық сезім кернейді. Сүйсіне түсіп, Қайратқа деген қошемет-тілегіңді жаңбырша жаудырасың.

Менің Қайрат және оның достарымен жақын араласып кетуіме «көше оқиғасы» себеп болған еді. Ауылдағы өзіммен жақсы сыйласатын бір жігіттің армияға аттану рәсімін атап өтуге арналған (сол кездегі тілмен «бешір») отырыспасына кештеу барғанмын.

Баруын, бардым… Есіктен аттасымен тосын көрініске тап болдым.

Шағын бөлменің ортасында қолына түскен затпен қаруланған бірнеше жігітті ауылдың «көкжалдары» қаумалап, тықсырып бара жатыр. Бір-жарынан кастет, тросс байқадым. Бейтаныс жігіттердің де ештеңеден тайынатын түрі жоқ. Талай сойқанды бастарынан өткерген «көше тентектері» екені байқалып тұр. Біріне-бірі арқасын беріп, шеңбер жасап, қорғануға көшкен. Мені көріп екі жағы да қуанып кетті. Ауылдың балдары мені дем береді деп күтсе… қонақтар менің жақсы танысым Қайрат пен оның достары тұғын. Арашаға түсіп, тоқтатуға тура келді.

«Адам баласы тілдескенше…» Сәлден кейін Қайрат, Хамади, Әділбек пен Жидебай (өмірден ерте өтіп кетті) қосыла шырқаған әуенге риза болмаған жан қалмады. Таң ата Қазалының «Маршалынан» (крайдың атауы) келген өнерпаз жандармен қимай қоштасып, жолаяғын жасап, шығарып салдық.

Сол күннен бастап жоғарыда есімдері аталған жігіттермен сыйластығымыз шынайы достыққа айналды. Міне, оған да 40 жылдан асыпты. Әлі күнге жұбымыз жазылған емес. Жаңа ғана Алматыда тұратын Хамади (Хамит Медетов) қоңырау шалып, қауқылдасып қалдық. Іле-шала Қайрат хабарласты. Төбем көкке жеткендей қуандым.

Айтпақшы, ортақ досымыз Хамади маған «Сен сөзін, Қайрат әнін жазып, бір өлең дайындап қойыңдар» деп тапсырма берген еді. Бай Шөмекейдің (Хаманың руы Шөмекей екенін жақында білдім. Қаншама жыл дос болып жүргенде ру сұраспаған екенбіз) сөзін жерге тастауға бола ма?! Тапсырмасын тап-тұйнақтай қылып, орындап қойдық. Алла қаласа, бір-жар күнде менің сөзіме, Қайраттың әніне жазылған жаңа туынды тыңдарманға жол тартады. Көпшілікке ұнайды деп үміттенемін.

Қайрат – бірқатар ән байқауларында топ жарған азамат. Оның репертуарындағы әндерді көпшілік құмарта тыңдайды. Себебі табиғи таза дауыспен, ырғақты бұзбай айтуында жатса керек. Ілиясовтар – аудандағы отбасылық ансамбльдердің негізін қалаушылардың бірегейі. Сексенінші жылы құрылған «Сая» тобының жетекшісі Қайрат болатын. Көрермендер алғашқы концерттен-ақ жылы қабылды. Көп ұзамай ағайындылар республикалық «Жігер» фестивалының лауреаты атанды. Әскери борышын Чехословакияда өтеген Қайрат әскери ансамбльдің әншісі болды. Мерекелік шараларда Қайрат шырқаған «Той жыры» Прага аспанында қазақ тілінде талай шарықтады. Досымның шеберлігіне тәнті қалған рота командирі өзінің некелесу тойында осы өлеңді арнайы сұраныспен орындатыпты.

Қайраттың әкесі Әлмәмбет көкеміздің мамандығы «математика пәні мұғалімі» болса да, дарынды күйші екен. Небары 37 жасында «Білім беру ісінің үздігін» иеленген. Бір ғажабы, Қайраттың бауырлары да, ұлы Саят та өнерді серік қылған жандар. Аман болыңдаршы, достарым!

Суретте: Қайрат Ильясов, Хамит (Хамади) Медетов, Жұмабек Табынбаев және 40 жыл өткен соң.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: