Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірге шексіз ғашық

12.05.2022, 9:00 899

*Жанымызға салмақ түсіп, ойымыз өзгеріп, негізгі бағытымыздан ауытқып, бүліне бастаймыз. Сондағы қозғалтқыш күш не? Ол – реніш! Ал оған қарсы құрал бар ма? Бар. Ол – кешірім!

*Ең ауыр өкпесін жеңе білген адам өмірде барлық қиындықты да жеңе біледі. Ол – жеңімпаз!

*Ешнәрсеге қызығушылық танытпай, дәмін татып көруге өзіңе рұқсат бермей, ыңғайлы ортасында қалу әлсіздік.

*Бақыттың құпиясын білесіз бе? Ешқандай да құпиясы жоқ! Бақыт – өз өміріңнің дәмін сезіп өмір сүру. Бәрінің: сөздің, дыбыстардың, құшақтардың, оқиғалар мен сезімдердің дәмі қашан да тәтті болады деп үміттенбе! Бар қызығы өз өміріңді «дәмді» дайындай білуде жатыр.

*Жүз жерден біздің қолымызда мансап, дәулет, атақ болса да, оның біреуі де ер адаммен қатынас қана сыйлай алатын әйел бақытының орнын баса алмайды.

*Ішіндегі сезімдерін білдіре алмай, тірлік үшін сондай қажет жылы сөзді жақын адамдарынан ести алмай қиналып жүргендер қаншама. Сезім шығарылу керек. Жақсы сөз айтылу керек.

*Жаңа ғасырдың этикасы бір-бірімізді сыйлаудан басталады. Жаңа ғасырдың этикасы ешкімге зиянымызды тигізбеу түсінігіне негізделеді. Сөзбен, уақытпен, әрекетпен. Күн сайын.

*Әйел бақытының кілті – оның әйел туралы түсінігінде. Өзінің ғана миында. Басқа ешкімнің де қолында емес. Ең әуелі өзіңіз әйел деген түсінікке тек қана жар, ана деп қарасаңыз, оның бақытын тек осы екеуімен шектеп қойсаңыз, сізге ешкім көмектесе алмайды.

*Көпке, жүйеге, өзгеге сәйкес болу үшін сезімдерімізді тұншықтырмайық. Әсіресе қуануға себеп барда қуану керек. Өмір барда  қуану  керек.

*Әр адам іштей өзімен мақтана алатындай болса, шіркін! Біреудің жетістігімен, жақсылығымен бүркеніп өмір сүріп, өзін-өзі алдауды қояр  еді.

*Өзі бақытты, жаны тыныш, ауыр мұңсыз өз қалауындағы өмір сүріп жатыр және дәл осылай болу үшін күресті, жасады. Міне, әр адамның өзіне тиесілі жетістік.

*Өмірдің ең ғажабы оның бір орында тұрмайтындығы. Материалдық жағдайыңыз төмен болса, өзіңізді түкке тұрғысыз сезінсеңіз, бірнеше жылда барлығы өзгеріп шыға келуі мүмкін. Еңбек пен сәл уақыт керек.

*Әр адам сонша аңсайтын жетістік ол сондай бір қиын, алыс нәрсе емес. Біреудің бабы шабады, біреудің бағы шабады. Белгілі бір уақыттан кейін қай биіктік те жазыққа айналады.

*Қателесу, қоғамдық пікірге қарсы шешімге келу жаман адам, кем адам дегенді білдірмейді. Түсік жасау, ажырасу, баласыз болу, тұрмыс құрмау сияқты жағдайлар сіздің өміріңіздің көрсеткіші емес. Ол оның кішкентай бөлігі ғана. Бақытты өмір сүруге  әлі  мүмкіндік  бар.

*Өзгенің пікірінен қорықпайтын, сынына мән бермейтін адам жоқ. Жүректің нәзіктігі баршамызға ортақ. Бірақ, бізді ұнатпайтын адамдарға қарағанда, бізді жақсы көретін адам көп. Бәрінен де шын жанашыр­лардың  ойы  маңызды.

*Өмірдегі ең қорқынышты нәрсе – жағдайды өзгертуге мүмкіндіктің, уақыттың болмай қалуы. Сол себепті де өзіміз үшін маңызды нәрселерге асық болайық. Бәрінен де үлгермей қалу қорқынышты.

*Өзгенің арманына, бақытына, бір-ақ рет берілетін ғұмыры­на тұсау саламыз. Оның осы өмірден өкінішпен өтуіне себепші боламыз. Себебі, оның бақыты – біздің жайлы өмірімізге кедергі.

*Әрине, әркімнің ішінде бала көңіл бар. Бірақ, бала көңіл баладай қуануға, таң қалуға, сүйсінуге, қиялдауға берілген. Ренжи  салу  үшін  емес.

*Бәрінен де көңілді сақтау маңызды. Ал қалған маңыздылық жасанды. Сақталған көңілде жылу бар. Жылулық бар жерде  мәнге  ие  өмір  бар.

*Өмір сценарийін дұрыс құру үшін білім керек. Ар жағында еңбек керек. Өзіңді аямау керек. Кей нәрселерге бас көтеріп алғанша шыдау керек. Кейін бәрі өз жемісін береді. Бізде басқа формула жоқ.

*Бір орныңда қалу – тоқырау. Өмірдің көп ғажабын көруге ұмтылмай, бір жағын ғана көріп оған ренжу әділетсіз. Жүр, көр, саяхатта, таны! Тіпті психологтың жүз сеансы да қажет емес. Адамды әлем өзі емдейді.

Психолог,  мотиватор  Динара  Болаттың  кітабынан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: