Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір барда өнер бар

24.09.2020, 9:10 605

«Өнерді  үйрен  де  жирен»

Мәтел

Тірлікпен түрлі қабаттас,

Өнерге үлгір қалап тас!

Өмір барда өнер бар,

Өнер мен өмір сабақтас…

Домбыра, гармон, гитарда,

Ойнауды ептеп үйрендім…

Өнерден артық сый бар ма?

Келмеді одан жиренгім.

Балалайка, мандолды,

Ойнадым алып оң қолға…

Приманы да шерттім,

Түспедім бірақ ол жолға.

Домбыра – ділі жұртымның,

Домбыра – тілі ұлтымның…

Соңында маған сол қалды,

Серігім болып бұл күннің…

Аса бай дастан мол мұра –

Атадан қалған домбыра.

Соңғы кезде сенімді,

Сырласым болды сол мұра…

Қалай  білуге  болады?

Ата-ананың  қадірін  балалы  болғанда  білерсің,

Ағайынның  қадірін  жалалы  болғанда  білерсің.

Халық  даналығы

Жемістің жақсы болуы – ағашынан,

Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан.

Інінің жақсы болуы – ағасынан,

Заттың жақсы болуы – бағасынан.

Алаяқты  алдауынан танисың,

Білімдіні  талдауынан танисың.

Таланттыны  самғауынан танисың,

Талғампазды  таңдауынан танисың.

Коррупционерді – былығынан,

Қызды – қылығынан,

Қазекеңді – шылығынан,

Тұлпарды  құлынынан білуге болады.

Барды – киген бөзінен,

Кісіні – сөйлеген сөзінен,

Тәртіпті – темірдей тезінен,

Тұрақсызды  ойнақшыған көзінен білуге болады.

Жылпосты – жылпыңынан,

Жағымпазды – құлдығынан,

Қорқауды – құлқынынан,

Пасықты  қулығынан білуге болады.

Көсемді – айтқан ақылынан,

Шешенді  айтқан нақылынан білуге болады.

Тілдесе қалсаң кісімен,

Түңілме еш түсінен.

Көп кешікпей білерсің,

Сөзі менен ісінен.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: