Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс аумағындағы тарихи орындарға бақылау күшейтілген

16.04.2026, 17:55 140

HALYQLINE.KZ

Әр жылдың 18 сәуірінде әлем жұртшылығы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күнін атап өтеді. Бұл күннің басты мақсаты – адамзаттың ортақ мұрасы саналатын тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды сақтау мен қорғаудың маңыздылығына қоғам назарын аудару. Мәдени мұра – әрбір халықтың тарихы мен рухани байлығын айқындайтын баға жетпес құндылық. Сондықтан да бұл күннің халықаралық деңгейде аталып өтілуі ерекше мәнге ие. Атаулы күн қарсаңында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерғазы Алданазаров өңірдегі мәдени ескерткіштердің маңызы туралы айтып өтті.

— Облыс көлемінде 483 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31-і республикалық, 398-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ал 54 нысан алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұралар қатарында. Бүгінгі күні ескерткіштерді қорғау мәселелері қолданыстағы заңдылықтармен реттеледі және облыс аумағындағы тарихи орындар қала, ауыл, кент әкімдіктерінің теңгеріміне беріліп, бақылау күшейтілген. Одан бөлек, биыл облыс әкімдігінің қолдауымен бірқатар жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ежелгі өркениет ошақтары саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қыпшақ, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, республикалық және жекелеген ұйымдардың қолдауымен Жаңақорған ауданындағы Сығанақ және Қазалы ауданындағы Кескен күйік қалашықтарында археологиялық зерттеулер жоспарланып отыр. Өңірдегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, насихаттау және сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Алдағы уақытта да бұл саладағы атқарылатын шаралар ауқымды бола түседі деп сенемін, — деді Ерғазы Жарылқасынұлы.

Сонымен қатар, спикер тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және тиімді пайдалану бағытында еңбек етіп жүрген барлық әріптесті айтулы күнмен құттықтады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: