Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ: Таным мен тұжырым һәм шешім

14.03.2024, 11:00 179

Бүгінгі оқырманның сауаты мен сәуесіне сенгендіктен, мақаламызда тәптіштеп, егжейлеп баяндаудан гөрі, Наурыз мейрамына қатысты танымдар мен дәйектерді тұжырымдап жеткізуді жөн көрдік. Көзіқарақты оқырман қалғанын өзі толықтырып, санасына тоқитыны сөзсіз.

Мейрамның  мәртебесі

ХХ ғасыр басында негізі қалана бастаған Алашорда мемлекетінің идеологиясына алғышарт есебінде Наурыз мейрамының уақытына қатыс­ты тартысты 22 наурызға тіреп, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан нүкте қойып, 1915 жылдан бастап қоғамдық  ортада  бекіді.

1920 жылы 26 наурызда Түркістан республикасының Атқару комитеті­нің төрағасы Тұрар Рысқұлов №406 бұйрығымен юлианша күнтізбемен 9 наурыз, григорианша 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мерекесі», «Наурыз» болып бекітілсін деген шешім  шығарып, саяси  сабақтас­тық  ресми  сипатқа  ұласты.

Наурыз  мейрамының ұлттық рухты көтеретін қасиетін аңдаған Сталин билігі 1926 жылдан бастап бұл мейрамды ресми мерекелеуге астыртын тыйым  салды. Ресми түрде  шешім  әзір  табылған  жоқ.

Алайда елдің көптеген өңірінде бұл мейрам бейресми түрде атап өтіле берді. Тек қана «наурыз» атауы­ның орнына енді «амал», «қамал» деген кезекші сөздер қолданылды. Батыс өңірде юлианша 1 наурыз, григо­рианша 13-14 наурызда көже асылып, бірін-бірі халық көрісіп құттықтаса, оңтүстік өңірде григорианша күнтізбемен 1 наурыздан бастап «тілеукөже» асып, «уызмереке» атап жалғастыра  берді.

Қазақ елі тәуелсіздік алу қарсаңында Қазақ КСР президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен күн мен түннің теңелген мезгілін  «Көктемгі  халықтық мереке – Наурыз мейрамы» ретінде ресми тойлау бекітілді. Ал, 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында атап  өтілетін  болды.

Сондай-ақ бұл айтулы мереке 2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан елдерімен бірге көпұлтты аталым бойынша «Наурыз. Мерекелік дәстүр» деген мәртебемен ЮНЕС­КО-ның Адамзаттың материалдық емес  мәдени  мұрасының  репрезентатив  тізіміне  енгізілді.

Дегенмен, Наурыз мейрамы соңғы 30 жыл бойы өзінің толық­қанды келбетін көрсете алмай келді: көбінесе этнографиялық сипат пен сахналық қойылымнан әрі аспай, азаматтық мейрамның мазмұны қалып­таспады.

2021 жылғы 5 қаңтардағы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында (https://egemen.kz/article/260146-tauelsizdik-barinen-qymbat) «…Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырым­дама  жасауды  ұсынған  еді.

Сонда да ештеңе  өзгере  қойма­ған соң Президент Қ.К.Тоқаев 2024 жылы 3 қаңтарда  «Egemen Qazaqstan» газетіне  берген  сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деп бұл тақырыпқа қайтадан оралды.

Наурыз  мейрамының  қос  сипаты

Бүгінгі Наурыз мейрамында ескерілмей келген екі бірдей мазмұн бар: біреуі – түркілік мүшелдік Жыл басы, екіншісі – Күн мен Түннің теңесуі ретіндегі адамзаттық таным. Бұған дейінгі Наурыз мейрамы біржақты ғана соңғы танымды ескергенмен, халық жадындағы «Амал келді – жыл келді» деген тәмсілмен мүшелдік жылдың межесі де Наурыз мейрамымен ұштасып жатқандығы рас еді. Осыдан келіп толыққанды мерекенің жартылай мазмұнын халқымыздың өзі шашау шығармай, тыйым салынған «наурыз» атауын «амал», «көрісу» деп 14 наурызда ежелгі ғұрыпты мейрамның басты жоралғысы ретінде атаумен келеді. Қысқасы, Наурыз мейрамы әубаста мүшелдік Жыл басымен басталып, Күн мен Түннің теңесуімен аяқталған ресми нұсқасы болған. Бұл туралы Бұқарада оқыған кезінде 8 күндік (юлианша 1-8 наурыз аралығында) мерекеге қатысқан белгілі жазушы, фольклоршы, діндар әулие­міз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырды.

Сайып келгенде, Наурыз прото­түркілік онекімүшелдік күнтізбенің басты  рәсімі  болатын.

Ежелден келе жатқан прототүркілік таным бойынша жыл мезгілі 90 күндік төрт маусымнан тұрады: көктем, жаз, күз, қыс. 90 күндік қыс 13 наурызда шығып, 14-іне мүшел­дік жаңа жылмен бірге көктем мезгілі кіреді. Міне, осы қос айтулы танымды ата-бабамыз шеберлікпен жымдастырып, тұтастыра мейрам­даған. Мұның зерттеуі толыққанды болмағандықтан, идеологиясы ашылмағандықтан, соңғы кездері ұшқары, қате, шатасқан ұғымдар мен атаулар шығып кетті. 21-22 күндері Теңелім мерекесі делінеді де, ал ешбір үзілмей аталып келе жатқан мүшелдік жыл басы «амал», «көрісу» деген қарабайыр атауға ілікті. Себе­бі, Колбиннің рұқсатымен өткен 1988 жылғы алғашқы ресми Наурыз мейрамы түркілік Жаңа жылды қарас­тырмаған  болатын.

Наурыз  бен  Мүшелдік  күнтізбе

Енді аспан ілімінің айғақтарына жүгінейік. Птолмейдің «Альмагест» еңбегінде Қамал (амал, қамал – қазақша) жұлдызы шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан және ол жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының  екінші  мүйізі»  аталған.

Наурыздың қазақ үшін басты мәні – жылдың ауысуы. Күн-Түн теңесімінен бұрын, наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттейді, онымен «көріседі». Бұның әсері жерге беріліп, жыл маусымы ауысады – көктем шығады, мүшелдік жыл алмаса­ды. Жыл алмасу Күн мен Түннің теңелуіне қатысты емес, осы айтыл­ған аспандық үдеріске қатыс­ты. Бұл юлианша – 1 наурыз, григорианша – 14  наурызға  келеді.

Этнограф ғалым, белгілі географ Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбені үш тілде келтірген астроло­гия­лық сызбасында юлианша 1 наурыздан бастайды. Ал наурыз айы қазіргіше 14 наурыз екені мәлім.

Шәкәрім Құдайбердінің баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні» дейді…

Аталған жыл ауысу күнтізбесін ХVІІІ ғасырға дейін дүниежүзі мойын­даған: христиандық Рождес­т­вомен жыл ауыстырғанға дейін, Рим империясы мен Ресей патшалығы күнтізбесін 1 марттан бастаған. Бұл күнтізбе – бүкіладамзаттық сипа­ты бар құндылық. Демек, Юлиан күн­тізбесі мүшелдік күнтізбенің бас­талуымен парапар болып тұр және  мейлінше  ғылыми  негізі  бар.

Наурызды зерттеу барысында мүшел­дік танымды да қамтуға тура келеді, оны айналып өту мүмкін емес. Сонда байқағанымыз, онекіжылдық мүшел танымы жылға ғана қатысты емес, он екі айға да тара­лады екен. Тіпті ай атаулары да сол ізбен аталғанын  байқауға  болады.

«Халық календары» еңбегінің авторы М.Ысқақовтың жазуына қара­ғанда, Бируни мен Ұлықбектің келтірген мағлұматтарында мүшелдік ай атаулары болған, олар былай аталыпты:

1) октябрь – кешку немесе күску (мағынасы – «тышқан),

2) ноябрь – ут немес ұд (сиыр),

3) декабрь – барыс,

4) январь – тувушқан немесе табыш­қан (қоян),

5) февраль – ұлу немесе нек (айда­һар),

6) март – ыйлан (жылан),

7) апрель – юнед немесе юнд (жылқы),

8) май – қон (қой),

9) июнь – бічін немесе січен (мешін),

10) июль – доқұқ немесе тақығу (тауық),

11) август – іт (ит),

12) сентябрь – лағзын (доңыз).

Негізі қазақ күнтізбесінде тарихта март айын «Амал» деп те атаған. Яғни, парсылық  күнтізбенің ықпалы да жүрген: һүт, март – һамал, апрель – саратан, май – зауза… деп кете  береді.

«Амал»  һәм  жыл  басы

Қазақтың жаңа жылын Күн-Түн теңелісімен дәйектеушілер 21-22 нау­рызда  дейді.  Бірақ  Ресейдегі 1917 жылғы революцияға дейінгі фольклорда, тіпті қазіргі әдебиетте де жыл басының көктемге сәйкес келеті­ні айтылады, жырланады. Ешбір туынды Күн мен Түн теңесімін бұған қатыс­ты әңгіме етпейді. Неге? Себебі, қазақтың жыл ауысымы көктем мезгілімен бір келеді. Бұл дәстүр ортаазиялық ғылыми-әдеби туындыларда әбден орныққан. Бұл да – Амал/һамал айының келуімен тіке­лей байланысты астрологиялық үдеріс. Қазақтағы «Амал келді – Жыл келді» дейтін тәмсіл, көктеммен бірге ғана жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр. Көктем Күн мен Түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. Күн мен Түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмаспайды?! Мәселе Күн мен Түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы  жоқтығында! Бұл – ежелгі диалектикалық таным, күнек пен түнек, ақ пен қара арбасуы, үйлесімі – бұл аса ежелгі қоснегізді танымдық пәлсапалық құндылық! Алайда бұл таным көктемде жаңа жылмен қабаттаса келеді. Содан  жұрт  шатасады.

Амал айының Наурыз мейрамына, жаңа жылға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыр­уар. Күн мен Амал жұлдызына қатыс­ты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде  былайша  суреттейді:

«Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,

Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.

Аяз бенен қарға бөккен ел еді…

Қарашы енді: Күн келеді, Күн келеді!».

Ортаазиялық уақыт өлшеуші орын ертеден Бұқар хандығындағы жұлдызшылардың есебімен «Бұқар есебі» ретінде мойындалған. Өйткені, көп уақыт бойы бұқарлық математиктер мен астрономдар ешкімге дес бермеген. Соның бірі Омар Хаям болатын.

Наурыз мейрамының бастау уақытын нақтылап жоғарыда Ақат Шәкәрімұлының естелігінен үзінді келтірдік. Мұны белгілі әулие, жазушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеев былайша қолдайды: «Жиыр­ма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәриф­те Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының  сегіз  күн  ішінде  (ескіше     1-8 наурыз  аралығы – С.Е.) болдым…» деп Наурыз мейрамы да, ай да бүгін­гі 14 наурыздан басталатынын және ресми 8 күн және бейресми халық­тық мейрам бір айға созылады деп дерек  береді.

Белгілі фарабитанушы Ақжан Машанов өзінің «Әл-Фараби» тарихи деректі кітабында «нау» сөзіне қатысты былайша ашып көрсетеді: «Ал айдың тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын нау деп атайды. Демек, нау туралы дау туады. Ол дау – астрономдар, есепшілер арасында атам замандардан бері бітпей келе жатқан дау. Сондықтан «нау құрымай, дау құрымас деген» деп тілімізде сақталған белгілі тәмсілді ашып  береді.

Мерекенің  түркілік  сипаты

Наурыз мейрамын парсытілді «Наурызнама», «Шахнаме» секілді жазбаларға қарап, парсының мерекесі деген қасаң пікірдің қалдығы әлі де қалмай келеді. Алайда бұл мейрам­ды ежелгі Шумер мемлекетінің де атап өткендігі, тіпті Мексикадағы Теотиуакан мекеніндегі ацтектерге жатқызылып жүрген Ай мен Күнге арналған пирамидаларды тегін нәрсе деуге болмайды. Сондықтан Күн мен Түннің бір-бірін толықтыратын қос негіздің төркіні десек, онымен бірге мерекені де ешкім меншіктей алмас.

Бұл тақырыптың, сондай-ақ бабатүркілерге де тән жағы аз емес, тіпті өте айқын етерлік айғақ та бар. Бұны бес мың жыл бұрынғы тасқа қашалған Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглифтен байқауға әбден бола­ды. Күндидарлы Тәңір мен түнкейіп­ті Іңір бір-біріне құшақ жайып көрісіп тұр; олардың ортасында Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кейпіндегі 12 бейне қол ұстасып билеп жүр. Бұл – қола заманынан да ерте неолит дәуіріне жетелейтін дерек және бұл бүгінгі Наурыз мейрамының толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деуге болады!

САҚТАР айтулы күнді қалай қарсы алған? Күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жылды құрайтын әрбір тәуліктің келешегін алдын ала жақсарту үшін 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Квинт Курций Руф. Поход Александра. б.з.д. І ғ.

ҒҰНДАР  мерекені қалай баста­ған? Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы Мәскеудегі архивте көрген қытайша жазуға сүйеніп, «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатта былайша суреттейді: «Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар  Наурыз  бас­талатын күні  тау  басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден  күй  тартады.

ТҮРКІЛЕРдің наурызы. Махмұт Қашғари: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақ­тарын тастап, бір-біріне ізгі тілектерін  айтады».

ҚАЗАҚТАРдың бас таңды қарсы алуы. Қазақтар Қыдыр түнін ұйқысыз өткізіп, Бас таңды қалай қарсы алады? «… Жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады…» Ақселеу Сейдімбекұлы. «Қазақ  әлемі».

Көрісуге  қатысты  дәйектер

Көрісу салты есте жоқ ескі заманнан бар екен. Оны жоғарыда келтірген Таңбалы петроглифінен де анық байқаймыз. Тәңір мен Іңір бір-біріне құшақтарын  жайып  тұр.

1736 жылы Әбілқайыр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жидасын салып, тарихымызға елеу­лі үлес қалдырған  ағылшынның сурет­шісі Дж. Кестел көрісу ғұрпын бейне­леген: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен  әйел  қос  қолын бүгілген тізе­ге  салып  сәлем  етуде.

Абай Құнанбайұлының әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде қазақтың жаңа жылды қарсы алатын көрісу салтына  қатысты  жолдары  бар:

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып».

Көрісуге қатысты Ахмет Байтұрсынұлы да қалам тартқан:

«Келгенінше құттықтап бірін-бірі,

Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.

Көңілі түгел адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп түскен тасы».

Бұрмаланған  танымдар

Материалдық танымға негізделген ғылым барлық ғұрып пен салтты қарабайыр қалыпқа түсіріп түсіндірумен келді. Тоталитарлық диктатураға бағынышты ғылым Көшеген халықтың терең танымын танығысы келмеді, оны паш етуден қорықты.

Кеңестік этнография Алтыбақан ғұрпын ұлттық ойын деп сендірді. Алайда мұнда ойынға тән ереже жоқ, бар болғаны кешкісін құрылған алтыбақан таң атқанша ойын-сауықтың сайманына айналады. Мәні неде? Ежелгі бас таңды қарсы алудан қалған мәнінде. Тербелетін қыз бен жігіт – Түнек пен Жарықтың, ай мен күннің рөліндегі аналық-аталық негіздердің кейпі болатын. Бұл аса ежелгі  танымның  сарқыты  еді!

Бастаңғы. Халықтың ұйық­тамастан бас таңды қарсы алуы. Қыз-­келіншектер дастарқан жасап, «Ұйқы­ашар» әзірлеуі, жігіттер бөлек жиналып, жарлары мен ғашықтарына «Селтеткізер» дайындауы, егделерге «Белкөтерер» өткізілуінің бәрі ежелгі сақ-ғұн бабалардан қалған баталы жоралғы болатын. Енді бізге осы мол дүниені заманауи қалыпқа түсіріп, өзіміз де, өзге де таңғалардай танымдарымызды тұжырымдап, қызығын көретін уақыт келді, ағайын.

Серік  Ерғали,

мәдениеттанушы,  этнолог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: