Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

10.08.2023, 9:20 186

Ортаның  олқылығы

Көп мақталатын, айрықша аспандатылатын, аяғы жерге тигізілмей мақталатын орташалардың арасында бола қалсам, ақыр соңында көңілім ортайып қалады…

Фотоальбом

Анаумен де суретке түскен. Мынаумен де суретке түскен. Ылғи елге танымал атақтылар. Бірсыпырасы шаңы басылмаған шатақтылар… Суреттегі әрқайсысына бір қарап отырып, оның өзін ұмытып кетесің…

Шалабурыл  шалдар

Қай заманнан бері әр кеңеске, әр ұйымға бір кірген шалдардың ақылы мен айтары сарқылып таусылған. Енді содан босаған орынды арақпен толтырып жүр.

Ұлы  жеңіс  жолында

Бюрократизмді бюрократтардың күшімен, жемқорлықты жемқорлардың күшімен бір замандарда жеңе білсек, о, тоба, бұл адамзат баласы естімеген, басынан өткермеген тарихи ұлы жеңіс болар еді.

Бұл  да  мықтылық

Мойны жуан, қалталы жігіттердің өмірбаяндарының бір артықшылығы: онда міндетті түрде «бұрынғы әйелі» деген сөздер болады.

Бір  абырой  үшін

Мектеп оқушыларының көрсеткіштік абыройын ойлай-ойлай мұғалімдердің де діңкәсі құрыды: оқушылар үшін байқауларға эссе жазады, онлайн олимпиадаларға қатысады, ғылыми жобаларды зерделейді, тесттерге жауап іздейді…

Есек  мінез

Бірдеңе айтсаң, әңгі есекше мөңкіп шыға келеді. Сөзге тоқтам деген жоқ. Бұдан әрі жақындасаң, не төбесінен асырып  лақтырады, не тас тұяғымен теуіп өлтіруге  бар.

Мұратсыз  мұңсыз

Мақсаты – медаль алу, одан әрі – орден алу. Бұдан басқа мұраты да, мұңы да жоқ.

Сайлауда

Кандидаттар өзіне сенімсіз болса да, партия сенім білдірсе, халықтың сенімі керек болмай қалады…

Баюдың  жолында

Баюдың көптеген жолы бар. Олардың біразы терең білімді, тер төгетін жұмысты керек етеді. Сондықтан да біздегілер мемлекеттен ұрлау жолын таңдап алады…

Бір  ақымақтық

Біздегі қалыптасқан бір ақымақтық: қазақ орысша білмесе, сауатсыз деп есептелінеді.

Жасқаншақтардың  «ауруы»

Шындықты айтудан әбден жасқаншақтап қалғанымыз сондай – шындыққа ұқсайтын бірдеңені біреу айта қалса, соған қаралай табынып қалатын «ауруымыз» бар.

Бүгінгі  депутат  кім?

Халықтың қамын ойлап, қас-қабағына қарағандар емес, жоғарыдағылардың қас-қабағын баққандарға мандат өзінен-өзі келеді.

Тыртақай  «тұлға»

Көп  адамнан  асқан ақылдылығы бар. Өзгеден оздырар білімі де бар. Қажымас қайраткерлігі де көзге ұрып тұрады. Анау айтқандай тектілігі мен біршама батылдығы бас идіреді. Алайда бойындағы «барлардың» бәрі тек өзіне  ғана  қызмет  етуге  басыбүтін  бағытталған.

Қандай  тілек?

«Қатыныңмен бірге қартай» деген сөз еркектер үшін жағымды тілек пе, әлде жағымсыз тілек пе?

Жоғарыдағыларға  не  болған?

Халық өзгеріп болды. Өзгермей қалған жоғарыдағылар мен соларды жағалаған он шақты шал-шауқан ғана…

«Қызметкер»

Қызмет ете білмесе де, қызметкер атанып, гүмпитіп үлкен айлық алып жүр.

Өзгеше  бітімділер

Адамның барлығы бір қалыптан шыққандай: тек данышпандар мен нақұрыстар ғана өзгеше бітімді болады.

Әртүрлі  халық

Өз даналары мен таланттарына табынатын халықтар бар. Өз даналары мен таланттарын танымайтын халықтар бар.

Жалған  күрес

Біздегі ең жалған күрес – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Отыз жыл бойы жүргізілген бұл күрестінің нәтижесі – сыбайластықты жою емес, оны жықпылды жолға қою боп шықты.

Жүк

Бәріміздің де арқалаған өзіндік жүгіміз бар. Сол жүкті біреулер дұрыс жолмен, біреулер бұрыс  жолмен  арқалап  өтеді. Өйткені    біреудікі – жеңіл, біреудікі – ауыр. Біреудікі – елеулі, біреудікі – мәнсіз. Біреудікі – ұрлық, біреудікі – қарлық…

Логикасыз

Билікте бола алмасаң да, билікте отырғандардың музыкасына билей білсең, билікке біртабан болса да жақындай түсесің…

Тағы  да  жиналыс

Көрген-баққаны жиналыс болып өскен шенеуніктер жиналыстарды жұмыс деп түсінеді. Сондықтан да әр жиналысты жиі де ұзақ жасауға тырысып бағады.

Қилы  кезең

Сыннан бездік… Сұқсырларға ердік… Көресімізді көрдік…

Жеңілдік

Таңертеңнен кешке дейін жеңіл әндерді тыңдай-тыңдай желігіп, желпініп, жеңіл тартып, желөкпеленіп, ақыр аяғында бар салмағынан айырылып, үп етіп ұшып кетуге шақ жүр…

Өлеңнің  болмысы

Өлеңнің өзегі – шындық, өрнегі – көркемдік.

Астапыралла

«Жемқорлық – қауіпті дерт, түбегейлі құртайық» деді ол күретамырлары шодырайып. Жемқор көрсе, буындырып өлтіретін адамдай. Оның мына кескінін көріп, ойымнан көпке дейін кетпеді. Өзін-өзі өлтіріп тастай ма деп алағзумен болдым.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: