Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

20.07.2023, 9:20 189

АҚЫЛДЫҢ  КЕМШІЛІГІ

Ақымақтар да ақылды сұрақ қоя алады. Ал ақылдылар ешқашан да ақымақ сұрақ қоюы мүмкін емес.

БАСУ  СӨЗДІҢ  КЕСІРІ-АЙ…

«Осы тыныш болса екен» деген басу сөз талай-талай тентекті одан әрі есіртіп, тас төбемізде ойнатып жүр.

ТӘРКІ  ДҮНИЕ

Тымпиған, тып-тыныш періште көңіліңді бейдауа пенделікпен ойлай қалған бір ойың, не айта салған бір сөзің біржолата тәркі етеді.

ЗАҢДЫЛЫҚ

Үлкендер азая береді, кішілер көбейе береді.

КӨНТУЛАҚ  ТІРЛІК

Былай десе де – көнесің, «тұр, әй» десе де – көнесің, «жүр, әй» десе де – көнесің, бір күні «құры, әй» десе де – көнесің. Көне-көне көнбістеніп, аяқ астында түте-түтесі шыққан көнтулақтан айырмаң болмай қалады…

ӨМІРЛІК  ТАҢДАУ

Жасың жетіп, ақылың толып үйленгеніңде, тек қана құлай сүйген аруыңды ғана алмайсың. Содан былайғы бүкіл тағдыр-талайыңды біржолата таңдап аласың…

КӨЛЕҢКЕ

Ізіңнен өкшелеген көлеңкең өзіңнен зорайып кетсе, күніңнің батып бара жатқаны…

ЖАҒЫМПАЗДЫҢ  ӨЛІМІ

Жағымпаздар ақырында жағы талып өледі. Өйткені жағынудың шет-шегіне жету мүмкін емес.

СОРЛЫ  ӘКІМ

Блогердің бұғауына түскен сорлы әкім…

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Бәрі қиялдан туады, ойдан өрбиді, санада сараланады, жүрекке жүктеледі…

АЛДАМШЫ

Аузы «үріп» тұрса да, көзі жайнаңдап күліп тұр.

ДАРЫНЫНА  ҚАРАЙ

Дарындылар дара жүреді. Ортақолдылар топ құрады. Дарынсыздар сол топтарды басқарады…

ЗАМАНАУИ  ТУЫНДЫ

Автордың өзі ғана оқып, түсінетін кітаптар заманауи туындылар деп аталады…

АДАСҚАН  ЖОЛ

Біреудің көзімен көріп алып, біреудің айтқанымен танып алып, біреудің сөзінен біліп алып та өз шындығымыз осы деп айғайлап  айтқымыз  келеді…

ӨЗГЕРГЕН  ДАҒДЫ

Бұрын ауылдағылар ақын келді, жырау келді десе, тайлы-тұяғы қалмай жинала қалатын. Бүгінде ауылға әкім келді десе, жиналыс-жиынға шақырам дегенше-ақ жиналатын болыпты…

ЖАҢА  ТОП

Қоғамға емес, адамға емес, ақшаға қызмет ететіндердің тобы қалыптасқан екен…

ДЕЙДІ

Бәйбішемен шектелгеннің бойы мұздайды. Тоқал алғанның тоңы жібиді.

НӘРЛЕУІШТЕР

Әйелдер еркекпен, еркектер әйелмен әдемі дидарласып, жүз көрісіп-ақ өлшеусіз нәр алады…

ДЕНДЕП  КЕТКЕН  АУРУЛАР

Әншілер мен әртістер арасында жұлдыздық ауруы дендеп тұр. Шөре-шөрешіл шенеуніктер арасында жағымпаздық, жалтақтық ауруы дендеп тұр. Билікке қол жеткендер арасында пара алу деген  ауру  дендеп  тұр.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

Жалғасы бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: