Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

02.03.2023, 9:00 318

Еститіндер  көбейсе,  есіміз  кіреді

Еститін үкімет керек дедік. Еститін үкіметтің ғана болуы ештеңе де бітіре алмайды екен. Енді еститін депутаттар, еститін ақсақалдар, еститін БАҚ-тар, еститін жастар, еститін келін-кепшіктер де керек-ақ… Сонда ғана еститіндер арасында есіміз кірер еді.

Күлкішіл  ел

Күлкі театрларын жабуды ұсынамын. Онсыз да бізді күлкіге көмілдіріп отыратын жайларымыз жетіп артылады…

Нар  жігіт

Толықсып, толып, найқалып, шайқалып, бай баласындай болып жүреді. Өйткені қозы қарнының ішінде үнемі бір-жар бөтелке коньяк, бірер саптыаяқ сыра-пыра жүреді.

Тірлік  кемесінде

Жаңа әкім келгенде, ауылымыздағы жағымпаздар жаңа кемеге мінгендей жамырап ендігі орындарын іздейді. Ал жағын байлап алғандай жағына білмейтіндер жағада қалғандай жаутаңдап тұрады.

«Талант»

Бұл да талай биіктерге шығатындай талант. Икемі жоқ болса да, итергіштері көп.

Гендік  өзгеріс

Бұрын алақаны астаудай парақор еді, зейнеткерлікке шыққан соң, көкірегі қарайып, көзі  алайып, жалақорға айналыпты.

Жас  лидер

Жас болса да грамота алғыш, алғыс жинағыш гәрамат екен.

Сұлулыққа  сипаттама

Үлбіреген үлбір қыз…

Ұрушыл  рубасы

Ру дегенді бір қызыл көз неме ұру деп түсініп, өзге рудың адамдарын оңтайы келсе ұрып жыққысы келіп жүр…

Зор  қылу  ма,  қор  қылу  ма?

«Пәлен деген орденнің иегері» деп таныстырғаннан асқан ақын үшін қорлау болмас. Пәлен деген шығарманың авторы деп таныстырса, міне, керемет сонда жатыр!

Замандар-ай,  замандар

Бір заман – шер заман, бір заман – кер заман, бір заман – дүр заман, бір заман – нұр заман, бұл заман – бер заман…

Көз  ашылғанда…

Өзімді-өзім іштей көре білетін едім. Бұл күнде сырт көзсіз-ақ өзімді-өзім сыртымнан да жете көретін болып жүрмін…

Қоғамына  сай

Дүмбілез қоғамда дымбілместер депутат болады…

Ішінде   жүр

Кішкентайлар ертелі-кеш смартфонның ішінде жүр. Үлкендер таусылып бітпес теледидардың сериалдарының ішінде жүр. Жастар кеш батырып, таң атырып, думандатып  кафе-сафенің ішінде  жүр…

Жан-жақты  жетілген

Қай партияға да қайым «қайраткер».

Болашақты  бұлдыр  қылған  сөз

Халықтың рухын сындырған, жігерін құм қылған, болашағын бұлдыр қылған, жүзін жасық қылған ауыр сөз: «Бізде ел басқаратын одан басқа ешбір адам жоқ!».

Сатқыштар

Біреу күні үшін тырбаңдап, ол-пұл затын сатып жүр. Біреу «жем» үшін абыройы мен атын сатып жүр.

Жетек  пен  етек

Қып-қызыл кезбе қиялдың жорға жетегі әкті білмес әйелдің етегіне орап тастамасын…

Ортақ  қасиеті  бар

Әкімдердің бәрінде қалыптасқан ортақ қасиет: мойындары қатты да, құйрықтары бос…

Бал-шырынның  айналасы

Байлар бал-шырындай-ақ. Ал біздің бұртыңдаған блогерлер шыбын сияқты. Солардың айналасына байланбай жүре алмайды…

Алдамшы  жетістік

Өзгелерді алдап-алдап болды-ау деймін. Енді қазір өздерін-өздері алдап жүр…

Өткенге  бір  баға

Быртиған базаркомдардан, балпылдаған барлардан балпанақтай мәжілісмендер мен сенаторлар шығатыны дәлелденіп қойды.

Жаңа  қауым

Кім берсе, ол берсін, әйтеуір грамота берсе, кеудесіне ілер темір берсе, оны қуана қабылдап алатын топан тобыр пайда болған…

Ерғали  АБДУЛЛА

(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: