Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

23.02.2023, 9:40 253

Ерғали  АБДУЛЛА

Көнелердің көмегі

Жаңа Қазақстанды жасайтын жаңа адамдарды көне Қазақстандағы көне адамдар іріктеп беріп жатыр.

Күйелеш

Әр сайлау сайын, әр тағайындау  сайын  тектен-текке күйіне-күйіне, күйіне-күйіне  күйелеш болдық…

Дей  алмаушылық

Дей алмаушылық қанымызға әбден сіңіп кетті. Ұрыны ұры дей алмай, қарыны қары дей алмай, парақорды парақор дей алмай, жалақорды жалақор дей алмай, ең аяғы әйелді қатын дей алмай, тік сөйлегеннің алдында күмілжіп, тік қарағанның алдында қыпылықтап, аяғымызды сүйретіп, өзімізді сімерлікке үйретіп жүріп жатырмыз.

Жаңаша  бір  түсінік

Ақ дастарқанның басында ішкен арақ – арақ. Әр бұрышта бір ішкен адам – дорақ.

Жаман  заман

Жемқорлардың, жебірлердің, жылмаңбайлардың, жылпылбайлардың, жалбақбайлардың, жағымпаздардың, жұтқындардың заманы – замандардың ең жаманы.

Бақытты  ойсыз

Ойсыздық та кей адамды бақыттың буына бөлейді. Өйткені ойсыздың ешқашанда ешқандай уайымы болмайды.

Заманауи  сүйсініс

Паһ-паһ!  Тісінің  бәрі  самсап  тұр.  Аппақ  болғанда  да аппақ!  Аппақтығы  көз  қарықтырады. Тек тісі  өзінікі  емес  демесең…

Өзіңдей  емес

Бәрін  де  өзіңдей  көресің. Айтса – мақұлдайсың.  Сұраса – көмектесесің. Қиналса – қол ұшын бересің. Бірақ бәрі де өзің сияқты болып шыға бермейді.

Төл  тағдыр

Біз өмірді өзгертеміз. Өмір бізді өзгертеді. Солайша біздің төл тағдырымыз жасалып жатады.

Бастау

Ақылыңның бір қараға жетіп толуы өз кемшіліктеріңді біле бастаған  кезіңнен  басталады.

Бұл  да  қазақ

Тілі де орыстанған. Түрі де орыстанған. Ділі де орыстанған. Тірлігі де орыстанған…

Сиыржанды  сұрқыл

Әйтеуір «жем» жеуден айырылып қалмасам деп жүр. Жемшелекті алдынан алып кетіп, өзін итеріп тастамаса болды, кез келгеннің ізіне сүмеңдеп еруге, кез келгеннің сөзін сөйлеуге, кез келгеннің құйрығына көпшік қоюға дайын…

Аты  өшкен

«Атың өшкір» деген өңменнен өтетін сөз бар еді. Бұл кімге айтылады деп жүр едік. Сөйтсек, оның да өз кезеңі бар екен ғой. Бас-аяғы бір жар жылда көз алдымызда бір ат күн сайын өшіп бара жатыр…

Арманы  –  мойынға  міну

Біздің жұрт қызық: төрт құбыласы тең байдың баласы сияқты. Зауыттарымызды шетелдіктер келіп салып береді, жер астындағы кен байлығымызды шетелдіктер келіп алып береді деп, біреудің мойнына мінгісі келіп талтаяды да отырады…

Кер  талап

Біздің қайраткер болады деген бір мықтымыз көрінген артистің қасында жылтыңдап суретке түсіп, өзінше халыққа танымал болғысы келіп жүр.

Өзгерттірмес

Ата заңмен өмір сүргіміз келсе де, «атамандарымыздың» заңдары желкемізден тартады да тұрады…

Жағымпаздықтың 

қайтарымы

Жағымпазданса  жағымпаздана берсін, онда не тұр дейді. Ал оның артында не тұрғанын жағымпаздың өзі біледі: ол – қызмет, мансап, марапат, атақ, депутаттық, жылы-жұмсақ.

Отырыстың  түрі

Кең кабинетінің төрінде терісіне сыймай ісініп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: