Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

02.09.2022, 10:20 336

ӨЛЕРМЕН  АҚЫЛШЫ

«Бәрібір менің ақылымды тыңдамайсыңдар ғой…» деп қолын сілкіне бір сілтеп қойып, сол топқа кешке дейін ақыл айтатын өлермен.

ТОБАШЫЛДЫҢ  ТОҚТАМЫ

«Бұл дүниеге өкпем жоқ. Біреулер маған жетсе де, біреулер маған жеткен жоқ».

БӘЛЕКЕТ  ШАЛ

Ақсақалдық, абыздық айдынды айбыны болмағанымен де, ауыл-елдің арыстарын аңдатпай шалып жығар шалдық шап бермесі бар.

КӨНЕРМЕС  КӨНЕЛЕР

Жаңарған еліміздегі жаңа мүмкіндіктердің бәрі баяғы көне адамдарға арналған екен.

ЖЕҢДІРМЕДІ

Даму даңғылымыздағы әкімшілік кедергілерді әкімшіліктегілердің өзі ақыры жеңе алмай, шаршап-шалдығып тынды.

ҚОЛБАЛА

Үкіметтік емес ұйымдар ақыр аяғында үкіметтің жұмысын атқарып, оның қоңды қолтығының астына кіріп, қолбала болып кетті.

КЕҢЕСШІСІ  КІМ  ЕКЕН?

«Менің кеңесшім – халық» деп жарияға жар салып еді. Алайда ізіне еріп жүрген «ескі гвардияны» көріп, оның кеңесшілерінің кімдер екені білініп қалды.

БЫТ-БЫТТАП-АҚ

Быт-быт деп сөйлеп-ақ талайлардың быт-шытын шығарып жүр.

МАРАПАТҚА  ЖОЛ

Біреулер үндейтін жерлерде үндемей жүргендері үшін марапат алады. Біреулер үндемейтін-ақ жерлерде үнін алабөтен шығарып жүрген «тентектігі» үшін марапат алады.

СОЛ  СЕБЕП

Үнемі шүкіршілік ету, үнемі шүкіршілік деу бір қара қасқаларды қу кедейшіліктің тар құрсауынан өмір бойы шығармай тастауы мүмкін.

ҚОРЫҚПА,  ҚАЛАМГЕР!

«Әкім не дейді? Қатын не дейді?» деп іштей үркіп, қаралай қорқып жүріп те қолға қалам алып, жөні түзу бірдеңе жазуға бола ма екен?

ИМАНДЫЛЫҚ  «ИІРІМДЕРІ»

Имандылық туралы иландырып айтатындардың бәрін иманды екен деп қалып жүргендер көп.

ШЕКСІЗ  СҰЛУЛЫҚ

Әжіміне дейін әдемі екен.

ҚАРАПАЙЫМ  ЗАҢДЫЛЫҚ

Бұл күндердің бағасын бұл күндер өтіп кеткен соң барып білесің.

БІЗДІҢ  ӘДЕБИЕТТЕ

Біздің әдебиеттің ерекшелігі – кітабын адам оқып ұқпайтын атақты-атақты ақын-жазушылар бар.

КЕРІ  АЙНАЛЫС

Біздің жиналыстарымыз концерт сияқты. Ал концерттеріміз жиналыс сияқты…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Соңы. Басы өткен санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: