Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

20.01.2022, 9:00 578

Ерғали  АБДУЛЛА

Айтуға  ғана  жақсы

Ауыз толтырып айтуға, мың құбыл­тып мақтауға ғана лайық жақсы адамдар болады. Ал олармен кездес­кеннен кейін, жүз көріскеннен кейін, аз-кем таныс-біліс болғаннан кейін, асылы, әлгі жақсылармен қатар жүруді маңдайыма жазбай-ақ қойсын дегің келеді…

Сезім  сырлары

Жас кезіңде сұлу көрсең, сезімің бал-шырын татиды. Жас келгенде сұлу көрсең, сезімің татып кеткен қымыз­дай  кермек  тартады.

Аяр  тілек

Жалақ-жалақ етіп іші-бауырыңа кіріп айтқан тілегінің ыстықтығы сондай – ұятыңның талшықтарын күйдіріп-күйдіріп  тастайды.

Мойындау

Әр туған күнімде құттықтауларды естіген са­йын, қатты қысылып қара терге түсемін. «Осы жылы не бітірдім?» деген жалғыз сұрақ ойымды әрқашан тұйық­қа  тіреп  тастайды.

Орындарын   қара

Жұрттың ұрылары түңі­ліп түрмеде отыр. Біздің ұрылар  жалпиып желке­міз­де  отыр.

Тәрк

Білімі қораш, топастан­ған қауым – білімді білім министрін керек етпейді.

Жұттың  себебі

Жұтқындар ақыры жұтты келтіріп тынды.

Қонақ

«Адам – өмірге қонақ» дегенді өзінше түсінген кейбіреулер жарық дүние­де тек қана ішіп-жеп қарнын тойдырып  кету  үшін  ғана  жүреді.

Ұятқа  қатысты  жай

«Ұялмағаннан ұялма» деген сөздің өмірде аса қажетті болатын сәттері тым-тым жиілеп барады.

Қос  дидар

Күндіз жаныңда күн дидарлы боп жарқырап көрінетіндердің, түнде таса­да жын дидарлыға айналатыны бар…

Бас-аяғы

Мансабын шікірейіп бастап, сүмі­рейіп  аяқтады.

Тісқақты  пысықай

Келген бастықтың алдынан жүгіріп үйренген, кеткен бастықтың артынан түкіріп үйренген.

Лепсіз  өлең

Сөз бар, ырғақ бар, ұйқас бар, мөлдіреген шумақтар бар, бірақ жанға дем берер жаңа леп жоқ.

Арамза  саясат

«Саясатқа жолама» деген саясаттың түбінде ең үлкен арамза саясат бұғып жатыр.

Түптер  көрінгенде

Өзен-көлдердің суын тауысып құртып, түбіне жеттік. Тегі жақсы-жайсаңдардың да етегінен тартып, еңсесін түсіріп, түбіне жеттік. Қазына байлығымызды да тонап, сарқыт та қалдырмай сарқып, түбіне жеттік. Осы түбіне жетулеріміз – өзіміздің түбімізге жетпесе не істесін!

Аяқтың  артықшылығы

Төрт аяқтылар төрге шығып кетіпті. Екі аяқтылар есіктің сыртында қалды.

«Атақты»

Жазған шығармасынан алған атағы көп.

Арал  қаласы

(Соңы. Басы өткен сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: