Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

10.01.2022, 10:00 350

Ерғали  АБДУЛЛА

Қыршаңқы

Жұмыс істеуді үйренбесе де, жымысқылық істеуді әбден үйренген.

Болмас  демейік

Сенің балаң – сен болмас. Менің балам – мен болмас, қатарынан кем болмас.

«Ойсыз»  ойлы

Үнемі ой үстінде жүретін адамның ойында ештеңе болмайды.

Істіктер

Болбыр әкімнің босаң бөксесіне күнде батар  істігі – дәудіреген шал-шауқан.

Ашылған  жол

Сыйласам деп жүріп сүйкеніп еді, сыбайласып кетті.

Шалдар  шалқығанда

Ана кеңестің басында – бір шал. Мына кеңестің басында – бір шал. Ана ұйымның тұт­қасы – бір шал, мына ұйымның  топсасы – бір шал. Мына жиналыстың төрағасы – бір шал,  ана жиналыстың төр алқасы – бір шал.

Басыңды  бос  қалдырма!

Басыңа үнемі ой кіргізіп үйрен. Басыңа ой кіргізбесең, басқа нәрселер кіріп кетуі мүмкін.

Қу  кедейшілік-ай…

Алдында малы жоқ, астында көлігі жоқ, төсегінде тоқалы жоқ…

Жай – ахуал

«Оян, қазақ!» деп тақылдай берген соң қазақ оянды. Бірақ ұзақ, алаңсыз, шырт ұйқыдан оянғандықтан, әлі де біраз уақыт ұйқылы-ояу жүретін түрі бар.

Көңілбұзғыш

Көптің  көпірте  мақтай  бергені  көңілді  бұза­ды.

«Шедевр»

Әкімдер құндылыққа айналыпты. Ол көлігінен түскенде аяғын жерге тигізбей көтеріп алып, шедевр картинадай төрге әкеліп бір-ақ қояды.

Бас  асау

Басының құйқасына басқа түгілі тарақ та тиіп көрмеген тарпаң…

Нарциссизм

Өздеріне-өздері ғашық болған билік…

Мақтау  жарыс

Бірін-бірі мақтаған ақындар. Бірін-бірі мақтаған әкімдер. Бірін-бірі мақтаған байшыкештер. Бірін-бірі мақтаған шалдар. Бірін-бірі мақтағандар озып тұр.

Кезбе

Бақ пен дәулеттің мәңгілік ат шалдырар тұрағы жоқ.

Басы…

Бәрі де бір қадам жолдан, бір ауыз сөзден, бір кішкентай қызметтен басталады.

Болған  бала  туралы  тақпақ

Болатындай-ақ бала еді шопыр,

Кабинада емес енді, кең кабинетте отыр.

Екі  өлең

Алаш арыстарының өлеңі: «Мен жастарды сүйемін».

Ауыл әкімдерінің өлеңі: «Мен шалдарсыз өлемін».

Шаршаған  топ

Шалдар да шаршап жүр. Оларға әбден сеніп қалған «балдар» одан да бетер шаршап жүр.

Адамдар

Ойдың  адамы. Тойдың адамы. Қойдың адамы.

Нарыққа  сай

Нарық заңы: сұранысқа – ұсыныс. Осыған сайсақ, сұраныстың өршіп кеткені сондай – алдағы уақытта медальдің түр-түрі серпінді түрде  жедел  дамитын  түрі  бар.

Жортақбай

Шаруаңды тісіңнен шығармас бұрын қалтаңның сыртын қақсаң, балық көзі жайнаңдап түздегі қояндай алдыңа түсіп алып жортады.

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: