Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

04.11.2021, 9:30 357

ӨЗГЕРТКІШ   КЕРЕК

Өзгерістер өздігінен келмейді. Өгіз аяңмен келсін, өңмеңдеп келсін, әй­теуір  бір өзгерткіштер керек-ақ…

ШЕҢБЕР

Бір жемқордан құтылдық дегенде, орнына тағы бір жемқор келеді. Бұл жемқор кетсе, аспаннан түскендей боп жалаңдап бір жемқор орнын басады. Мына жемқор енді-енді жылжығанда, ана жақтан апайтөс бір жемқор келеді…

ТАҢҒАЛДЫРМАС  «ТАНЫСТАР»

Балаққа жабысқан биттерім… Етектен алған иттерім…

КЕРІ  ӨЗГЕРІС

Күрбиген қолақпандай басшы еді, дәудіреп үрпиген қолтоқпақтай қара қосшы боп қалыпты.

МАҒЫНА

Өмірдің мағынасы жоқ деп сұңқылдама! Сол мағынаны апалақтап іздегеніңнің өзі – өмірдің мағынасы емес пе?! Сұрау салып іздеу арқылы адам әйтеу­ір бір шекке жетеді.

ЖЫЛҚЫ  МІНЕЗДЕН  ЖҰРНАҚ  ЖОҚ

Ежелден жылқы мінезді жұрт едік. Солайы солай болған. Ал бүгінде тұяғы қызып дүбірлеп тұрған тұлпар мінезділер жоқ сияқты. Біршама жұрт қойға мінген қойторыдай боп қалған. Жетекке шаққа ілесіп отырады. Тағы бір қауым қашыр сияқты боп қалған. Ілгері бассын десең, басы кекжеңдеп, кейін қарай көткеншектейді-ай… Өзінің жалы төгілген жылқы екенін не салпаң құлақ есек екенін білмейтін түрі бар.

ШУЫЛДАҚ

«Дубай боламыз» деп дуылдап едік, аяғында «Шу бай» болып шуылдап жүрміз…

ЖЕТІСТІК

Қаланың қақ ортасында тұрып, алыстағы ауылды басқара беретін ауыл әкімдерінің жаңа буыны толық қалыптасып үлгірді.

ШАРШАҒЫШ

Шаршап тұрады. Шаршап отырады. Шаршап жүреді. Оның шаршап, шалдық­қан түрін көріп, өзің де шаршап кетесің…

ЖАРАЙСЫҢДАР!

Жоғарыдағылар өздері жолдауын жолдап алып, енді өздері жиналып дүркіре­тіп қолдап жатыр.

ТАНУ  ЖОЛЫ

Жайлауына қарап малын танисың. Сайлауына қарап халқын танисың.

ҚОС  САНА

Әйелдің санасын өсек жайлайды, еркектің санасын төсек жайлайды.

КІШКЕНТАЙ  ШЕНЕУНІК

Кабинетінен шығарма! Кабинетінен шығарсаң, кәдеге аспай қалады.

МІНЕ,  САҒАН!

Кітап оқымайтын елден оқымыс­тылардың көптеп шыға бастағанына таңғаламын да отырамын. Екі ғалымның бірі – академик, екі оқытушының бірі – профессор, екі оқушының бірі – ғылыми жоба байқауларының жеңімпазы.

ОРЫН  мен  ОРЫНДЫҚ

Ол қыртқа «Жастарға орын бер, орын бер» деп қақсап жүрсің. Ол қасқа орнын бермек түгілі, талай жыл тақымын жылытқан орындығын пұлдап сатып  кеткісі  келіп  сүмеңдеп  жүр.

Ерғали  АБДУЛЛА

Арал қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: