Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

10.09.2020, 10:00 591 0

Айырмашылық

Адамдар арасындағы айырмашылық жас шағыңда қызметі мен ақшасынан көрінеді, қартайғанд­а үбірлі-түбірлі қатын, бала-шаға­сынан  көрінеді…

Көк  қатын

Еркек көрсе ғана бүлк ететін май бөксесі болмаса, беті ешқашан бүлк етпейтін қара сіреу, көк қатын…

Аңдыспақ

Біреудің сөзін аңдиды. Біреудің өзін аңдиды. Біреудің ізін аңдиды. Біреуді тағы біреуге аңдытып қояды… Аңдыспақпен алмағайып күндер  өтіп  жатыр.

«Біз  біргеміз»

Шындықты төменде жүрген біздер ғана айта алмай жүрген шығармыз  десем, төбеде жүр­ген олар да айта алмай жүр  екен  ғой…

«Нәтиже»

Барлық артық-ауыс ойлар, ойқы-шойқы пікір­лер, ұңғыл-шұңғыл көзқарастар түбірімен  жойылған: майлы  бастарға масайрай  беруге  болады.

Мутация

Басы, көзі, аузы, миы – барлығы да кеңірдекке айналып кеткен. Оған ойлаудың да, көрудің де, шайнаудың да, байқаудың да керегі жоқ, қылғытып  жұта  берсе  болды…

Бүлдіргіштер

Күлме дейді. Күлме дейді. Келген күлкі шыдата­ ма?! Жарылып кеп күлесің. Жарылмай қайтесің? Өздері күлдіріп, бәрін бүлдіріп отыр.

«Қаныпезер»

Өзінің аяулы адамдығын, алғаусыз адал­дығын, риясыз  тазалығын, айнымас ары мен өр намысын қызмет креслосы жолында мерт қылған­  адам.

Кер  өлең

Анау бір ақынның өлеңдерін қанша тырыссаң да, жүрегіңмен оқи алмай діңкәң құрып қалады. Болмаған соң тіске саласың, күшке саласың­… Күшене-күшене бірдеңе түсінгендей боласың… Алайда көпке дейін азу тістерің қақсап, жағың қарысып, басың мәңгіріп жүреді…

Білмеген  соң  сұрап  отырмын

Мемлекетті мемлекет қылатын, ұлтты ұлт қылатын, халықты халық қылатын нәрсе не?

Шындыққа  жақындық

Бір пікірінен өлсе де қайтпайтын қасарыспалардан гөрі, бір қайырым даудан соң артық-кемді мойындайтындар шындыққа біртабан жақын  болады  екен.

Жұмбақ  өмір

Жас кезінде бәрі де түсінікті сияқты. Жас келгенде  бәрі  де  түсініксіз  сияқты…

 Жаратқан

Жалғызбын деме! Жабырқама! Жан-жағыңдағылар жылыстап қашып, жаныңда ешкім қалмаға­нның өзінде сенімен бірге әрқашан Біреу  бар…

Руласың  келгенде

Біздің кез келген асыл мұратымызды, биік қағидатымызды екі кештің арасында келген бір руласымыз күл-паршасын шығарып кетеді…

Жеті  түнде  жүргендер

Өліп-талып әйел іздеп жүргендер де бар… Жығылып-сүрініп әйелі іздеп жүргендер де бар…

Теріс  даму

Басында бәрі де жақсы еді, аяғында бәрі жаман­  боп  шықты.

Жоғарыдан  созылған  қол

Ұмтылып, талпынып, өз күшімен көтеріліп кететіндер азайып, жоғарыдан пәрменді қол созылып­  көтеріліп алынатын жеңіл-желпілер  көбейіп  барады.

Есірік

Сенің жұмсақтық танытып кешіре бергеніңді  өзінше  түсінген  келтекбастар­ төбеңде  ойнап  ешіре  береді.

Күлкінің  сыны

Аз күлкі – дәрумен, дәрі, көп күлкі – жын-шайтанның  зәрі.

Қиқым-сиқымшыл

Бірде болмаса бірде орайын тауып кінәлап қалу, мұқату үшін керек болар деп, ең майда, қылт еткен қиқым-сиқымды да жинап, есіне сақтап, миына  «хаттап» жүреді.

Тілге  оралған  түйін  сөз

Жаман әйел – іріткі, жақсы әйел – ұйытқы.

Ақталмаған  үміт

Ұлы болатын шығар деп едік, ұры боп шықты…­

Қартайған  ару

Ысайын  десе, тісі  жоқ.

«Орын»

Қызмет ету үшін емес, отырып кету үшін жасалған  жұмыс  орындары  да бар  екен.

Дініңнен  айырады

Дүмбілез діндарлардың арасына түсіп қал­саң, дініңнен  айырылып  қаласың…

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Соңы. Басы өткен санда)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: