Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің арманымдағы ҚАЗАҚСТАН

10.11.2022, 10:40 1093

«…Гүлдене бер қалам,

Мен дағы бір балаң.

Өзіңді сүйеді,

Таныды бар ғалам…».

Бұл менің 6-сыныбымда журналист болуды мақсат етіп, «Егемен Қазақстан» газетіне берген алғашқы тырнақалды туындым еді. Бала кезден егемен елімнің өзіндік ұстанымы бар, ұлттық ұстынды ұлықтайтын білімді де бәсекеге қабілетті азаматы болуды армандап, оқу мен білімге ерекше көңіл бөлдім. Өз Отаныма деген махаббатымның шексіз үлгісін көрсеткен шығармамның қазірде де бағасы биік. Алтай  мен Атыраудың арасын жалғаған даңғайыр дана халықтың ұрпағы ретінде патриот әрі ұлтшыл болуға серт бергенмін. Міне, бала кезден осы бір буырқанған толғанысым арманымды асқақ­татып, ерік-жігер беріп келеді. Өзім қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінен болған соң, ана тілімді әрдайым биік қойып, сатқындықтан сақтанамын. Дүйім жұрттың да болмыс-бітімі осылай деп сенемін.

Жалпы, соңғы уақытта еліміз ғана емес, түгел әлем алмағайып заманға тап болғаны жасырын емес. Тіпті соғыс отының алауына оранған елді, бала­бақшасына бомба түсіп, өмір мен өлім арасында қалған сәбиді, әкесін соғысқа жібергісі келмей шырылдаған бүлдіршінді көрдік. Дымы қалмай қираған қала орындары төбешікке айналғанына, жазықсыз жандардың жалын құшып жатқанына жүрегіміз езілді. Көрдік те бүгінгі бейбіт өмірімізге шүкіршілік  еттік. Тәубемізге  түсуге де тиіспіз!

Бодандықтың батпағын кешкен ата-бабамның аңсаған арманы, қолдан жасалған ашаршылық жылдарын бастан өткерген Алаш жұртының сол кездегі халі, соғыс жалдарында оқ құшқан отандастарымның Отанға деген махаббаты, бергі уақытта жазықсыз жапа шеккен желтоқсан оқиғасына қатысушы жастардың жүректілігі, тіпті жылдың басында ғана болған қаңтар оқиғасындағы қайғылы жағдай… Барлығы еңсемді басып, бейбітшіліктің буын тарқатып жіберердей көрінеді. «Бір қиындықтан соң жеңіс бар, жеңіс соңы – жетістік» деген тәмсілге сеніп, болашақта жетістікке жететін жасампаз жандардың қатарынан болуға тиіспіз деп өз-өзімді қайраймын. Иә, жақсылықтың туын көтерген перзент үшін жамандық атаулыны ойға алмай, алға нық қадам басатын тұлға ретінде «менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында қалам тербеуім де елге деген шексіз ықыласымның айнымас көрінісі емес пе?!

Ендеше, мен  армандаған  Қазақстан  былай  болмақ.

Таң  азанымен елімнің әнұранының әуенімен оянып,  күнімді шүкіршілікпен бастап, қоғаммен қарым-қатынас жасау үшін жұмысқа кірісемін. Өз тілі мен дінін, ділін құрметтеген жандардың бір-біріне мейірім көзбен қарап, адамгершілікті асқақ тұтар сәтіне куә боламын. Абыройын сақтаған арулар мен ермінезді ерлердің саны артып, Алаш қайраткерлері армандаған биік рух иелерімен сын сағатта етене жақын араласып, жаңа дамыған ортада бой түзеймін. Елімізден бөлек, дүниежүзінде тыныштықтың, бейбітшіліктің  лебі  соғып  тұрғанын  тілеймін.

Әр сала мамандары мен басшылары өз ісінің шебері әрі желкенді жетістік иелері екеніне сенім артып, қызметіне қорықпай жүгінемін. Әрбір қазақ­тың ұл-қызы өнер мен білімге құмар, ұстамдылық пен мәдениетке бай екеніне тағы да көз жеткізіп, ата-баба жолын жалғаған жандарды серік етіп жүремін. Елдегі әр адамның жеке мәселесі мен жағдайына мемлекет бейжай қарамай, оны шешу жолында қайсар қадамдарға барғанын көріп, сүйсінемін. Көпшілігінің наразылығын тудырған азық-түлік бағасының түскені мен қымбатшылықтың жойылғанына қуанып, ен байлықтың рақатын қарапайым қоғам мүшелері де көре бастағанына куә бола­мын. Әрине, елді арамниетті жандардан тазартып, педофиль, қарақшы, қанды қол қылмыскерлерге кешірім бермей, оларды темірторға тоғытқан әділ заңымыздың болғанына ризашылық білдіремін. Себебі қоғам, әлем таза болуы үшін оның тұрғындары да адал, әділ әрі заңды құрметтейтін болуы керек деп естептеймін. Зауыттар мен фабрикалар, өндіріс орындары көптеп ашылып, жұмыссыздар қатары едәуір азайғанын қуанышпен хабарлаймын. Және қазба байлықтың игілігін қарапайым халық көріп жатыр. Бұл – түсім емес, өңім! Елімнің бақытты ел қатарынан  табылғанына шаттанатын күн алыс емес екендігіне сенемін!

Осы  бір  менің  қиялымдағы ел ұғымы арман болып қалмаса екен… Ғ.Мүсіреповтің: «Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді», – деген пікіріне сүйенсек, өз арманымның орындалуы өзіме байланысты. Ендеше, мен Махмұд Қашқари сипаттаған атасына тартып туған ұл болуым керек.

Бала кезде ертегіні жанымызға серік етуші едік. Сол сәтте ғана мына өмірді түсініп, жалауын көкке көтеріп жүрдік. Себебі ғажайып ертегінің ғажап сәттері өмірде де болады деген ой-қиял болғаны рас. Осының өзі біздің елге деген махаббатымызды аша білді. Қазір жауапты тұлғалардың басым көпшілігі ел мен жер үшін істеген жұмыстарын жеке мүдде тұрғысынан атқаратын сияқты. Бұның соңы жұмыс­тың кері кетуіне апарады.  Десек те, бар жан-тәнімен елге қызмет ететіндердің бар екендігін жоққа шығара да алмаймыз. Алға қойылған жоспарлар жүйелі әрі тыңғылықты орындалса, сол елімізді жарқын етеді. Мен армандайтын Қазақстанның тұрғындары қаты­гездікпен қоштасып, бейбітшілік пен ашықтық ұғымын қалыптастырса деймін. Мөңке бидің мәуелі сөздері елдің ырысын арттырып, несібесін молайтады. Осыған сәйкес, ол «еліме бір күн туар, ақша, байлық алда, мейірім қамқорлық артта қалады. Бірақ, сол кезден аман өткен ел ғана егемендігін сақтайды» дейді. Егемендікті сақтайтын жұрттың басты арманы ақша емес, бауырмалдық пен бүтіндік болу керектігі осында  ашық  айтылып  тұрғандай.

Айтпақшы, «кедей халық қашан байып, тұрмысы түзеледі?» деген сауалға да жауап дайын.  Ол – елдегі ірі-шағын казино ойындарын ойнайтын дүңгіршектер мен арнайы ойын аппараттарының көзін жойғанда ғана болады. Себебі біреуді екеу қыламын дейтіндар, бар ақшасын сонда салып, қайырын көрместен босқалта қалуда. Үкімет  мұны көрмей отыр емес, барлығын біледі. Сонда да соның салығын пайдаға жаратуды көздеп, заңсыз жұмысты құртуға қауқарсыз болып отыр. Оны көрген адамдар ашынып, бар қолдан келерін жасап отыр. Яғни өзі одан аулақ болу ғана. Жалпы, кедейліктің басты ұшы осында жатқанын түсінбесек те, бар шындық – осы. Дана Абайдың өзі: «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» деді емес пе?!

Міне, менің арманымдағы Қазақстанның бола­шағы осындай болса, біздің елдің күн сөнгенше аты әлемге танылып, «әділ Қазақстан» болатынына сенім мол. Ол үшін үкімет ашық, билік тыңдаушы болса, болғаны…

Әділ Қазақстан… әділ мемлекет… әділ қоғам… Бұл менің санамда сарнап тұрған алыстағы үміт пен арманның  қолұстасқан  қалыбы  ғана  шығар,  кім білсін?!

Десек те, мен Мағжан сенген арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастардың қатарында болуға  талпынамын. Барлығы  уақыт  еншісінде.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: