Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап оқуға кедергі жоқ

13.07.2023, 11:50 196

HALYQLINE.KZ

Кітап – рухани байлыққа жетелейтін қазына. Ақылына ақы сұрамайтын ең құнды зат болып табылатын кітаптың кез келген адамға әкелер пайдасы орасан. Қазіргі технология қарыштап дамыған заманның тиімді тұстары көп болғанымен, жаңа технология мен түрлі ағымдар себебінен таным көкжиегімізді кеңейтуді кейінге ысырып тастайтынымыз өкінішті. Әсіресе, қалтафонды жанына серік етіп, кез келген ақпаратты ұялы телефоннан оңай тауып алуға үйренген жас буында кітап оқуға деген қызығушылық қалыс қалып келеді. Күніге ішетін ауқатымыз денеге нәр беріп, толтырса, кітап та миды дәл солай толтыратыны сөзсіз. Кітап дегенде санада сан түрлі түсінік пайда болып, әлемге деген көзқарас та өзгере бастайды. Жетістікке жету жолы да жеңілдей түседі. Әрине, кітап оқуда әркімнің мақсаты әртүрлі. Бірі оны аса қызығушылықпен оқыса, келесі бірі білім мен ғылым жолында пайдасы зор екенін ескереді. Бірақ қандай мақсатта пайдаланса да кітаптың әкелер жақсылығы өзгермейді. Мұны Ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады.

Жоғарыда жастардың көбі кітап оқуды қойды деп едік. Енді мәселенің мәнісіне тоқталайықшы. Неліктен қазіргі заман ұрпағы кітап оқуға қызықпайды? Себебі олардың көз алдына сөрелерде том-том болып шаң басып жатқан әдеби туындылар елестейді. Қарапайым ұялы телефондағы шағын мәліметті оқуды жүк санайтын жасөспірімдер бір емес, бірнеше томнан тұратын рухани қазынаның бетін парақтайды ма екен? Соның салдарынан ба, жас буын классикалық әдебиетке әуес. Не болмаса өзге тілдегі туындыларды оқуға құмар. Себебі шетелден аударылған кітаптың тілі оқуға жеңіл, есте сақталуы тез. Осы тұсымен-ақ, оқырманды, оның ішінде жастарды өзіне тез елітеді. Алайда жастарға ұнайды екен деп өзіміздің отандық туындылардан да ат тонымызды ала қашпауымыз керек. Керісінше болашақ ұрпақтың талабын қанағаттандырып, ой-санасы мен рухани өрісін дамытып, қалыптастыруға әсер ететін қазақ жазушыларының шығармаларын жаңа деңгейде үгіттеп, жаңа ортаға сай бейімдеу керек. Бұл орайда кітап ішінен әріп пен әдемілікті емес, ойды іздейтіндер ешқандай айырмашылық жоқ деуі мүмкін. Бірақ оқырман санын арттырып, қазақ тіліндегі әдеби туындылардың тоқырап қалмауы үшін бұл мүмкіндікті де пайдаланып көрген артық болмас. Тіпті әлдеқашан тәжірибеде байқап көріп, іс жүзінде жемісті нәтижеге жетіп отырған баспалар да бар. Солардың ішінде 1988 жылдан бастап кітап басумен айналысып келе жатқан «Алматыкітап» баспасы ойып тұрып орын алады. Еліміздегі өзге баспалардан бөлек атын атап, түсін түстеп ерекше атауымыздың да өзіндік себептері жоқ емес.

Атап айтар болсақ, «Алматыкітап» баспасы елімізде бірінші болып 5 және 6 жастағы балаларға арнап мектепалды даярлық бойынша оқу-әдістемелік кешендер даярлап, басып шығарды. Өскелең ұрпақтың білімді болуын басты мақсат етіп қойған баспа 2013 жылы алғаш болып «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары бойынша мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған оқу-әдістемелік кешендерін жасады және оны халық игілігіне ұсынды. Баспа ісімен айналыса бастаған жылдары да ерекше дизайнымен және жоғары сапасымен өзге баспалардан дараланып тұрды. Әлі де өрісін кеңейтіп, дамудың даңғыл жолында келе жатқан бірден-бір ұйым. Еселі еңбектің нәтижесінде бүгінде «Алматыкітап» баспасының басылымдары Франкфурт, Лондон, Лейпциг, Париж, Мәскеу, Түркіменстанда бой көрсетіп, халықаралық кітап жәрмеңкелерінде көрмеге қойылған. Қазіргі таңда бұл баспа Ұлыбритания, Франция, Ресей, Белоруссия, Үндістан, Латын Америкасы елдерінің баспалар Ассоциациясымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.

Оқырманымен бірге жасап келе жатқан баспаның жұмыс барысы да қазіргі заман талабына сай өзгертілген. Мұндайда ең бірінші ойға түсетіні – баспаның электронды сайты. Кез келген жерде, кез келген уақытта қалаған кітапты оқуға немесе сатып алуға бар мүмкіндік жасалған. Тіпті үйден шықпай-ақ, кітапханадағы ішектей созылған кезекке тұрмай-ақ қалаған кітапты алуға болады. Не болмаса қалаған туындымен телефоннан-ақ танысуға болады. Сәт сайын қолынан ұялысын тастамайтын жастар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Тек жастар ғана емес, жасы егде тартқан қариялар да, еңбектеген сәби де, жалпы айтқанда кітапқа қызығушылығы бар барлығы бұл сайтты пайдаланып, өзіне қажет қымбат қазынаны таба алады.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш аға айтпақшы, кітап жан сарайыңды байытар жалғыз қазына. Алайда көпшілік аудандарда, я болмаса елді мекендерде қазіргі сұранысқа ие кітаптарды табу қиын. Алматы немесе Астана қаласының тұрғындары секілді кей ауданның адамдары кітап дүкеніне барып, қалаған шығармасын шертіп жүріп таңдай алмайды. Амал жоқ, ауыл кітапханасында не бар, соны оқуға тура келеді. Ал ондай шағын кітапханаларда психология, қаржы сауаттылығы, бизнес бағытында кеңес беретін туындылар жоқтың қасы. Міне, осылай оқитын оқулық таппағанда «Алматыкітап» баспасының сайтын пайдалана салу тиімдірек. Себебі баспаның арнайы сайтында әртүрлі жанрда жазылған шығармаларды сататын онлайн кітап дүкені, әртүрлі автордың туындылары толып тұр. Міне, жаһандану. Қазақстанның о шетінен бұ шетіне кітапқа тапсырыс беріп, рухани баюға да, бизнеске бағыт алуға да, қаржы туралы сауатыңды ашып, өзіңді жетілдіруге де болады. Ал егер кітаптың электронды нұсқасы емес, өзі керек дейтін болсаңыз, аталған баспаның басылымдары да жетерлік. Әсіресе қазақтың бітім-болмысын баяндап, тарихынан сыр шертетін туындыларды ерекше, жаңа, жарық дизайнмен басып шығару арқылы аталған баспа оқырман ойынан шығуда. Осылайша «Алматыкітап» баспасы заман көшінен қалмай келе жатыр. Оның үстіне тың идеяларының арқасында келешек ұрпақтың кемелденуіне үлес қосуда.

Бақытжан  ЫБРАШЕВ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: