Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап керуені Таң ауылында жалғасты

30.06.2026, 11:25 47

HALYQLINE.KZ

Аймақта бастау алған «Кітап керуені» жобасы Жалағаш ауданының Таң ауылына жетті. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындары арасында кітап оқуды насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және оқырман мәдениетін дамыту. Бұл туралы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.

Іс-шарада Жалағаш аудандық мәслихаттың төрағасы Өмірзақ Елеусінов, Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев құттықтау сөз сөйлеп, жобаға сәттілік тіледі. Кітап керуеніне өңірдің ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлері де арнайы қатысты.

Акция аясында кітапхана саласының үздік мамандары мен белсенді оқырмандары марапатталды. Кітапхана мамандарына Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты табысталды. Кітапхана оқырмандарына «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман», «Үлгілі оқырман отбасы» номинациялары және қаржылай сертификаттар табысталды.

Бағдарлама аясында «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиза Әбілда, ақын Гаухар Қожахметова, жыршы, Мәдениет саласының үздігі Берік Саймағанбетов, жыршы, Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай қатысып, руханият пен әдебиеттің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті. Сондай ақ «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбында шеберлік сағаты, кітап талқылау, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өткізілді. Акцияда жазушы Құттыбай Сыдықовтың зайыбы Қуанышкүл Сыдықова, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрақ Адисұлы, ақын қыздарымыз Ғазиза Әбілда, Гаухар Қожахметова кітаптарын сыйға берді.

Іс-шарада жаңа кітаптар таныстырылып, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, кітап оқу мәдениеті мен әдебиеттің қоғамдағы маңызы туралы пікір алмасты.

Ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай игі жобалардың ауыл-аймақта жиі ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.

Кітап керуенінің келесі сапары Жаңақорған ауданы, М.Нәлібаев ауылында жалғасады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: