Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ежелден қалған аманат

27.05.2021, 10:00 393

Тарихы терең туған жеріміз – Сыр өңірінің әрбір тасы тұнып тұрған сыр десек артық болмас… Қасиетті мекеніміздің өткен тарихын аманаттай сақтап, өскелең ұрпаққа тапсыру – парызымыз деп білген Қызылорда қаласының тарихы музейінің тағы бір тағылымды шарасы өткізілді.

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні қарсаңында қала тұрғындарынан музей қорына қабылданған заттардан «Жәдігер жерде қалмасын» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жыл бойы тұрғындар сый етіп өткізген әшекей бұйымдары мен қолөнер туындыларымен қатар атақты ақын-жазушылардың жеке заттары қойылды. Мәселен, қызылордалық Алпысбай Шүкіров ағасы Зейнолла Шүкіровтің жеке тұтынған заттарын музей қорына тапсырды. Өздеріңіз білетіндей, ақын ағамыз – 8 жасында түйеден құлап, мүгедек халге түссе де, науқастығына қарамастан, өз бетінше білімін жетілдіріп, жазушылықпен, ақындықпен айналысқан, халқы үшін өз еңбегін тоқтатпаған үлкен тұлғалардың бірі.

Өткізілген экспонаттардың ішіндегі ең құнды жәдігер – пианино. Бұл пианиноның (суретте) ерекшелігін айтатын болсақ, халықтың шоқтығы биік әндердің бірі «Сыр сұлуы» әуенін қазақ вальсінің королі, алты Алашқа әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов, сөзін Сыр перзенті, тағдырлы ақын Зейнолла Шүкіров жазды. Осы пианино – сол бір ғажайып әннің әуенін сыңғырлатқан музыкалық аспап. Бауыры Алпысбай Шүкіров сыйға тапсырып, музей қорын одан әрі толықтырды, сондай-ақ ақынның үстел сағаты, баспа машинасы, радио, қолжазбалары, көптеген кітаптары және де бала кезінде киген аяқкиімі музей төрінен орын алды.

Ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова ақын, драматург, әдебиет зерттеуші, ғалым Әбділдә Тәжібаевтің қосауыз мылтығын, қолжазбаларын, фотосуреттерін, хаттарын музейге сыйға тапсырды. Қатира апаның айтуынша, осы мылтықты Әбділдә ағамыздың өзі музейге аманат етіп өткізуді тапсырыпты.

Мазмұны зор іс-шараға қатысқан көрермендер де дән риза. Жаңа жәдігерлерді көріп, ата-бабаларымыздың өткен өміріне саяхат жасағандай болған кеш қонақтары осындай мәдени шаралардың жиі өткізілуіне, жастарға тарихымызға тереңдеп үңілуге зор мүмкіндік болар еді деп тілек білдірді.

Қызылорда қаласының тарихы музейінің басшысы көрме ұйымдастырылуына үлес қосқан, музей қорын бағалы заттармен толықтырған белсенді азаматтарға алғысын білдіріп, науқан бір күнмен шектелмей, әрі қарай жалғасын табатынын ескертті.

– Ертеңгі тарих, өткен күнде тұтынған бұйым – көненің көзін, сол заманның шежіресін ертеңгі ұрпаққа жеткізу, сондықтан осы қағиданы музей қызметкерлері ұстана отырып, қала тұрғындарына музейге жәдігер жинауға өз үлесін қосуға шақырамыз, – дейді музей директоры.

Демек, үйіңізде ата-бабаларыңыздан, апа-әжелеріңізден қалған көне бұйымдар немесе танымал тұлға туысқаныңыздан қалған жеке заттар болса, музей төрінен табылуына тілектеспіз!

Халықтың қолдауымен сыйға тапсырылған заттарды көздің қарашығындай сақтаймыз, тұрмыс-тіршілікті сипаттайтын дүниелерді жинақтау арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінінің куәсін келешек ұрпаққа жеткізу – біз үшін үлкен аманат.

Алтын  СӘДІРҚЫЗЫ,

Қызылорда  қала  тарихы  музейінің экскурсоводы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: