Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірлігімізді бекемдейік, берекемізді кетірмейік

11.05.2023, 10:20 276

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберген Елгезек қызметінен кеткелі бері одақ жұмысы мен келесі төрағасы жөнінде түрлі әңгіме айтылып жатыр. Әр алуан пікір де бар, тіпті кейбіреуі «Жазушылар одағы керек емес» деп бір-ақ кесіпті. Отқа май құйып, өршеленген өртке айналдырғысы келетіндер де кездеседі. Бірқатар жазушы төрағалыққа кандидатурасын ұсынып, бағдарламасын жариялады.

Ал Қазақстан Жазушылар одағының Жарғысына сәйкес қаламгерлердің кезекті құрылтайы 12 мамырда өтеді. Онда Басқарма мүшелері жаңа төрағаны сайлап, бұрынғы төраға одақтың қаржылық жағдайы жөнінде есеп береді.

Біз бүгін орталықтан шалғай ауылда қоңыртөбел күй кешіп, әдебиет пен журналистикаға адал қызмет етіп жүрген ақын Толыбай Абылаевтың қаламдас бауырларына  арнаған  хатын  жариялағанды  жөн  көрдік.

Аралдан  хат

Құрметті қаламдас бауырлар!

Атамыз қазақ: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаған  болар.

Мен Алматы мен Астанадағы шығармашылық ортадан шалғайда өмір кешіп жатқан қалам иесімін. Бұл жақта бізді ешкім қазір іздеп, маңдайы­мыздан сипап, елеп-ескеріп, жарылқап жатқан жоқ. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Өйткені жергілікті билікке де, былайғы оқыр­манға да міндетсімейміз. Жазсақ өзіміз үшін жазамыз. Бірақ Алматы қаласы мен бірқатар облыс­тың (оның ішінде бізге көршілес Ақтөбе облысы да бар) әкімдері өздерінде тұрып жатқан Жазушылар одағының мүшелерін қолдап, стипендия таға­йындап жатыр деген сүйінші хабарды құлағымыз шалғанда, кәдімгідей елеңдеп қала­мыз. Қаламынан басқа қарасы жоқ біз сияқты жазарманға бұл да болса демеу. Е, бізді де билік керек етеді екен ғой, іздейді екен ғой деп қаламыңа  қанат  біткен­дей  болады.

Қазіргі таңда ойдағы-қырдағы, қаладағы, далада­ғы одақ мүшелеріне мемлекет тарапынан шынайы қолдау болса екен деп дәмеленеміз. «Ауылдағының аузы сасық» деп айтқандай, «Әдебиет­тің әлеуметтік маңызды түрлері» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен кітабымызды шығарып берсе, жоғарыдағыдай біздің әкімдеріміз де жергілікті қаламгерлерге стипендия тағайындалуына көңіл бөлсе деп армандаймыз. Бұл жалғыз менің ғана емес, шалғайда тұратын барша әріптестерімнің ортақ ойы деп ойлаймын.

Осы күндері үкімет «Ауылым – ата бесігім» деп жарияға жар салып мемлекеттік бағдарлама қабылдап жатқан көрінеді. Соның бір бұрышына «Ауылым – ата мекенім, абыройым» деп ауыз­дары тозып жүрген біз сияқты ауылда тұратын одақ мүшелерін елеп-ескеріп ұмытпай қоса салса екен. Сонда біздің де еңсеміз тіктеліп, ел қатарына  қосылар  едік.

Ұлы Абай «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» дегенд­ей, Жазушылар одағының атына «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» мағынасында айты­лып жатқан алауыздық туғызатын алыпқашпа, ала бөтен пікірлерді тоқтату керек. Өзімізді өзіміз құрметтемесек, сыртта бізді кім сыйлайды? «Қазір демократия, әркім  өзінің пікірін ашық айтуы керек»  деп  бүйтіп  орынды-орынсыз күл шаша  берсек, береке-бірлігіміз  болмайды.

Байқаймын, одақтың бұрынғы басшылығына «жау көргендей жабылып» ит қосып айтақтаған кейбіреулер қазіргі басшылықтың атына да неше түрлі жала, ғайбат сөздер айтып жатыр. Бұл масқара  емес пе?!

Орыстың әйгілі ақыны Н.Некрасов «Ақын болмау – өз еркің, азамат болу – борышың» дегендей біз өз міндетімізді білейік, ар-ожданымызды асқақ ұстайық, адам деген атқа лайық болайық.

Елімізде бірнеше шығармашылық одақ бар екені  белгілі. Соның ішінде, халыққа етене жақыны – Жазушылар одағы. Ендеше бәріміздің қасиет­ті ордамыз – Жазушылар одағының қадірін қашырмайық.

Қаламгер атаулының басты мақсаты – оқырман ойынан шығатындай талантты шығармалар туғызу. Жақсы шығарма жерде қалмайды, егер қаламгер өзінің ар-ұятын, абыройын аяқ асты етіп арзан атақ сұрап, жоғары-төменгі биліктің табалдырығын тоздырып, босағасын жағалап жүрсе, онда  қандай  қадір-қасиет  қалмақ?

Ау, ағайындар, «өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» дейтін дарқан мінез, адал көңіл Алаштың ұрпағы емес пе едік. Мұнымыз не? Бір-бірімізді кекетіп-мұқатқанда табатынымыз не? Қайта құрылтай үстінде айрандай ұйысып, құшағымыз түйісіп, ауыз бірлігімізді адал көңілмен ашық көрсетіп жатсақ, билік те, ел-жұрт  та  «бәрекелді»  дейтініне  мен  кепіл.

Біздің Ақ ордамыз – Қазақстан Жазушылар одағының киелі ғимараты. Оның қасиетті табалдырығын қастерлі сезіммен, таза көңілімізбен аттай­ық  әрқашан!

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Қазақстан  Жазушылар  Одағының  мүшесі,

Жарасқан  Әбдірашев  атындағы  әдеби сыйлықтың  лауреаты,

Арал  ауданының  құрметті  азаматы

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: