Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бегалиндер туралы тың деректер

26.06.2023, 9:15 206

HALYQLINE.KZ

Сапарғали Ысқақұлы Бегалин (1895-1983) – қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Арғынның Қаракесек руының Байбөрі аталығынан тарайды. Алғашқы «Қазақ бозбаласы» өлеңі 1914 жылы «Айқап» журналында, соңғы романы «Замана белестері» 1975 жылы жарық көрді. Қазақ әдебиетіндегі С.Бегалиннің өшпес ерлік жасағаны қазір ұмытылып кетті. Сәкен Сейфуллин атылып кеткен соң жазушының «Тар жол, тайғақ кешу» романын барлық кітапхана мен жеке адамдардың қолындағы осы кітабын түгелдей құртып жібергенде, кешегі сұңқар ақының кітабын қорыққанынан адамдардың өздері-ақ өртеп жіберген болатын. Сапарғали атамыз өзінің басын өлімге тігіп, келешек үшін сақтап қалуды ойлап, Сәкеннің осы кітабын өзінің жастығының ішіне тігіп, аман алып қалған. 1956 жылы Сталиннің жеке басқа табынушылығын айыптаған партияның ХХ съезінен кейін ғана баспаға тапсырып шығартқан болатын. «Тар жол, тайғақ кешу» романы сол кездегі билік үшін тартысқа толы, бір-бірін әшкерелейтін тартыс жолында кінәлерін бетке басып, ашық жазған кітап еді. Солардың ұрпақтарының да, қазір билік басында отырғаны бар, соларды тарқатып жазатын рухы жететін адам болса ғой, мен білім саласында істегендіктен ол жағынан білетінім аз, Алматыдағы зиялы қауым өкілдері жақсы біледі деп ойлаймын.

Мәжит Сапарғалиұлы Бегалин (1922-1978 ) – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кино режиссер. Соғыс алдында тау-кен институтының дайындық курсында оқып «макшейдер» мамандығын алғысы келеді. Алайда соғыс басталып кеткесін, өз еркімен соғысқа аттанады, 1943 жылы оң қолынан айырылып Алматыға келгесін, соғыс кезінде көшіп келген ВГИК-ке түсіп режиссерлік факультетінде оқып, ұстазы С.Герасимов болды. Соғыстан соң ұстазы С.Герасимов түсірген «Жас гвардия» фильмі мен режиссер М.Чиаурели түсірген «Падение Берлина» фильмінің екінші режиссері болды. 1949 жылдан бастап «Қазақ фильмнің» көркемдік жетекшісі болды. 1952 жылы режиссер Ефим Дизган түсірген «Жамбыл» фильмінің жетекшісі болуы әрі қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді кино режиссер деген атағы күншілдердің тамағына тұрып қалған сүйектей болды. Сол кезде «москвалық жас келіншегіме ауа райы жақпады» деген сылтаумен Москваға көшіп кетуі дұрыс болды, себебі сол кезде Сталиннің тірі кезіндегі соңғы репрессия легі басталып келе жатыр еді. Сталин өлген соң Алматыға келіп 1955 жылы «Бұл Шұғылада болған еді» атты алғашқы фильмін түсірді. Фильмде колхоз төрағасы Телғара үлкен жетістікке жетіп, колхозды алдыңғы қатарға шығарады, алайда ол келген атақты көтере алмай жан-жағындағы жағымпаздарды жинап, менменшіл, ешкімнің пікірін тыңдамайтын басшыға айналып, колхоздың жұмысын құлдыратып алады. Өз қателігін түсінген Телғара фильм соңында өз қатесін түзеп, бәрін орнына келтіреді. Бұл киноны ол кез түгіл жағымпаздық күнделікті қалыпты жағдайға айналған осы заманда да көрсетпес еді, фильм әрине үлкен экранға шыққан жоқ. 1957 жылы сценарийді бес жыл бұрын жазып қойған, бірақ Шоқан Уәлиханов Шыңғысхан тұқымы болғандықтан түсіруді кейінге қалдыра берген «Оның уақыты келеді» фильмін түсіріп, прокатқа шыққан соң Мәжитті одақтық кино әлемі мойындай бастады. 1964 жылы жас жазушы Әкім Таразидің шығармасы бойынша «Іздер көкжиекке кетеді» («Следы уходят за горизонты») фильмін түсірді. Фильмде төрт қазақ шопанының қажырлы және ауыр жұмысын көрсетеді. Фильмді советтік цензура «фильмде комсомол жастар бригадасын, қазақ ауылына қызмет көрсететін автодүкен, автомонша және жылжымалы кино қондырғыларды көрмейміз, совет үкіметінің малшыларға деген қамқорлығы қайда?» деп прокатқа көрсетуге болмайды деп шешті. Шарасыз отырған Мәжитке ұстазы Сергей Герасимов қол ұшын созып, Москвадағы халықаралық кино фестиваль күндерінде бағдарламадан тыс фильмін көрсетеді, сеанс аяқталғанда көрермендер қазақ қойшысының еңбегін шынайы көрсеткен режиссерге орнынан тұрып қол шапалақтап құрмет көрсетті. Жапондардың атақты режиссері Акира Курасава: «Мәжит Бегалиннің бұл фильмі еңбекке арналған гимн, фильм жоғары кәсіби деңгейде түсірлген» деп баға берді. Бұл пікір Мәжитті қудалаудан құтқарып қалғанмен, фильм бәрібір прокатқа жіберілген жоқ. 1967 жылы М.Бегалин В.Соловьев екеуі А.Бектің «Волокалам тас жолы» кітабы бойынша фильмнің жартысын түсіріп болғасын, жазушы Бек: «Фильмде қазақ ұлтшылдығы басым, Москваны тек қазақтар ғана қорғандай етіп көрсетілген» деп өзінің келісімін қайтып алды. Сол кезде Василий Соловьев екеуі Б.Момышұлының «Артымызда Москва» кітабы бойынша қайтадан сценарий жазып түсіре бастайды. Жазушы А.Бек СССР Жазушылар Одағына арыз жазып, М.Бегалинге «плагиатшы, менің еңбегімді пайдалануда» деп айып тақты. Ең ақыры СССР Мемлекеттік кино комитеті төрағасының орынбасары Баскаков: «Тірі адам туралы кино түсіруге болмайды» деген сылтаумен фильмді түсіруді тоқтатып тастайды. Сол кездегі ҚазССР-нің мәдениет министрі Илияс Омаров Москвадағы зиялы қауым алдында беделі зор Бауыржан батырымыздың өзін фильмді құтқарып қалуға жұмсайды. Москваға келген батыр Бауыржан тікелей СССР Мемкинокомитетінің төрағасы Алексей Романовқа кіріп: «Алексей Владимирович, тірі адам туралы кино түсіруге болмайды деген орынбасарыңыз Баскаковқа «полковник Момышұлын өлтіріп тастаңыз деп бұйырық беріңіз! Сонда жұмсалып кеткен үкіметтің ақшасы мен адамдардың еңбегі босқа кетпейді!» дегенде орнынан тұрып Баукеңді құшақтап алады да, бірден орынбасары Баскаковқа фильмді түсіре берсін деген тапсырма береді. Фильм одақтық прокатта көрсетіліп, көрермендер жоғары бағалады, М.Бегалин Довженко атындағы күміс медальға ие болды. Мәншүк Мәметованың 50 жылдығына орай атақты досы Андрей (Андрон) Кончаловскийге киноға сценарий жазып беруге өтініш айтқанда Андрон: «Жақсы бірақ Мәншүктің ролін менің әйелім ойнайтын болсын» дегенде келісім береді, нәтижесінде Наталья Арынбасароваммен бірге Андронның туған інісі Никита Михалков та басты рольде ойнайды, фильм де сәтті шықты. 1974 жылы «Степные раскаты» фильмін түсіреді. Фильм оқиғасы азамат соғысы кезіндегі Орал қаласының қорғанысына арналған еді, фильмде қаланы қорғаған большевиктер емес, Алаштың көрнекті өкілі Бақытжан Қаратаев (кинодағы аты әрине бөлек) бастаған қазақ сарбаздары етіп суреттеген еді, фильмде майдан қолбасшысы М.Фрунзе мен комиссар В.Кубышевті көре алмаған кино саласының цензурасы «Қазақстандағы азамат соғысындағы большевиктердің ролін көрсете алмады» деп фильмді қойма текшесіне шаң басып жатуы үшін сақтауға қойды. Бұл фильмді қазақ халқы 2002 жылы Бегалиннің 80 жылдығына байланысты теледидардан бірінші рет көрді. Бұл фильмге режиссер Бегалин зор үміт артып еді, партияның кино саласындағы ескертулері, өктемдігі жүрегіне салмақ түсірді, еңсесі түсіп жүрсе де «Орман балладасы» деген соңғы фильмін түсіріп үлгерді. 1978 жылы 5 мамырда Москва қаласында ұлы суреткердің жүрегі шыдамай тоқтады. Өмірінің соңын Мәжит Москвада өткізуге тура келді, туған жерінде оған кино саласының күншілдері күн көрсетпеген болатын. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинорежиссер, тұңғыш рет қазақ тілінде «Тұлпардың ізі» деген кино түсірген режиссер, «Қазақфильмде» тұңғыш рет көркемдік жетекші болған, тұңғыш рет азамат пен екінші дүниежүзілік соғыс туралы кино түсірген режиссер болды. Қайтыс болардан бір жыл бұрын ғана Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері деген атақ ғана берілді, киносына түскен жасы кіші актерлер ол кезде «Халық артисі» деген атақты алып болған еді.

Нартай Мәжитұлы Бегалин (1951-1993) – Совет және Ресей кино актері және каскадері, анасы Людмила Иванова (1925-1995) – кино актриса. 1976 жылы ВГИК-тің актерлік факультетін С.Герасимов пен Т.Макарова сыныбынан бітірген. Актер және каскадер ретінде 31 фильмге түскен, сіздер оның көпшілігін көрдіңіздер, олар «Похищение Савойидегі» Джокер, «Пираты ХХ века» фильміндегі қарақшы-пулеметші, «Тегеран-43» фильміндегі совет барлаушысының жүргізушісі Нартай, т.б. 1993 жылы «Ермак» фильміндегі аса қауіпті трюкті орындау кезінде омыртқасы сынып ауыр жарақаттан 8 қарашада Москва ауруханасында қайтыс болды, екі жылдан соң анасы да дүниеден өтті.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Ашық  дереккөзден  алынған суретте: әке, бала, немере Бегалиндер

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: