Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батыр әрі би Дабыл Бекшеұлы

05.12.2020, 10:00 954

HALYQLINE.KZ

Рухани  жаңғыру

«Табандары таймастан қай сойқан, қай қан кешулерде де бірін-бірі демеп, қара қазақтың қалқаны болған үш тұлға бар. Олар – майдан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, қарасақал Дабыл Бекшеұлы, қаракесек Ақтан Ахайұлы. Бұлар алмағайып заманда табандары тайып көрмеген, қашанда халқы үшін қан кешкен таласы жоқ ірі тұлғалар».

М.Қаназов.

Бекше батырұлы Дабыл батыр қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы өңірінде дүниеге келіп, 1770/1771-1860 жылдар аралығында өмір сүрген. Арғы бабасы Маңғытайұлы Құдайсүгір батырдан Мырзакелді батыр, Еремен (Ремен), Сұлтанкелді, 3 бала. Еременнің үш әйелінен 12 ер бала тарайды. ҮлкеніЕременұлы Итемген батырдан ағайынды Ақша, Бекше, Қаблан, Жолбарыс батырлар. Бекше батырдан Дабыл батыр, Қожа батыр және Пұсырман, 3 бала. Дабыл батыр – «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, төрт атасы батыр болған тектілер ұрпағы.

2010 жылғы Алаш тарихи-зерттеу орталығы шығарған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» 100 томдығының ХІІІ томының (1, 2, 3, 4 кітап) «Қаракесек бірлестігі»: (Әлім, Кете, Шөмекей), 2-кітап «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы ұлт-азаттық күрес жолында» тарауында, орыс зерттеушілері жазып қалдырған мәліметтерінде» Жанқожа батыр жорықтарының көбінде Дабыл батырдың аты аталып, ең сенімді қолбасшыларының бірі болғаны көрсетілген. Дабыл батыр туралы Молдахмет Қаназовпен Самат Қалуовтың «Ел қорғаған ер Жәкем» кітабында, Лұқпан Кенжеевтің, Сардарбек Қожағұловтың және Жұмабек Айдарбекұлының «Жанқожа батыр» дастандарында Жанқожа батырдың әкелері Өтеген, Нұрымбетпен бірге соғысқа қатысқаны айтылады. Халық батыры Жанқожамен ағалы-інілі сыйласқан достықтары, Дабыл батырдың немере туысы Ақшаұлы Көлдейбекке Жанқожаның ағасы Ақмырзаның қызы Зәурені атастырып, құдай қосқан құдалыққа жалғасқан. Көлдейбектен Қарасақал Ерімбет шайыр дүниеге келген.

Дабыл батыр туралы осы уақытқа дейін баспасөз беттерінде негізсіз мәліметтер жазылып келді. 1790 жылғы қазақтар мен қарақалпақтар арасында болған соғыста Тықы батырға қарсы Дабыл батырды жекпе-жекке шығарып, Дабыл батырдың атының аяғы індікешке кіріп, аты сүрініп, содан кейін 17 жастағы Жанқожа шығып, Тықы батырды өлтірді деп жазылып жүр. 

Ол замандағы жекпе-жек қазіргі күрестегі жекпе-жек емес қой, жекпе-жекке шыққан батырлардың жеңілгені өліп, жеңгені тірі қалатын заман емес пе? Соғыс кезінде бас қолбасшы өзінің батырлығымен елге танылуы үшін жекпе-жекке сұранған жас батырларға жол беретін ертеден келе жатқан дәстүрді ұстап, егер ешкім жекпе-жекке шықпаған жағдайда қолбасшы шығатыны белгілі. Егер Дабыл батыр жекпе-жекке шыққан болса, аты сүрінген Дабыл батырды Тықы батыр аяп тірі жібере салмаған шығар.

Ботабай Рыстығұлұлы жазушы Ә.Оспановтан «Жекпе-жекке шыққан Дабылдың атының аяғы індікешке кіріп, аты сүрінгеннен кейін, Жанқожа шықты деген мәліметті қайдан алдыңыз» – деп сұрағанымда, «бір қателік кетті, кейін түзетеміз» деп әсірелеп жібергенін мойындады деген» болатын. Жазушының сол бір көркемдеп, әсірелеудегі қателігін өкінішке қрай кейінгі кітап, дастан жазғандар, естелік айтып, баяндама жасағандар қайталап, оқырманды адастырып, тарихқа қиянат жасалып жүр деуге болады. Жанқожа батырдың ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы, теңдесі жоқ ұлтжандылығымен, әділеттілігімен, көрегенділігімен, батырлығымен халықты ізіне ерте білген халық батыры, біртуар тұлға екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол тарихи құжаттармен дәлелденген. 

Бұрынғы сабақты әңгіме, шежіре айтатын үлкен кісілер қарақалпақтар мен қазақтар арасындағы соғыста «Қызылқұм беткейінде Қарақалпақпен шектесіп, мал жайымен отырған, қарасақал елінде жастай батырлығымен аты шығып жүрген Бекше батырұлы Дабыл, Қарақалпақ елінің Тықы есімді батыры әскер жиып, қазақ еліне жорық жасағалы жатқанын естіп, соғысқа өз руының сарбаздарын дайындап жатқанын және бірлесіп қарсы тұруға Сыр бойындағы Әлім-Шөменнің батыр-билеріне хабар жіберсе керек. Сол хабарға сәйкес Әлім-Шөменнің батырлары да қол жинапты. Сырда жасақталған әскермен соғысқа баруға жассың деп әкесі елге тастап кеткен Жанқожа атымен көрінбей әскердің ізінен шаңына еріп отырады. Екі елдің әскерлері бетпе-бет келгенде, Тықы батыр «жекпе-жек» деп атой салып, ортаға шыққанда, осыған дейін ерліктерімен көзге түсіп, қол бастаған сардар, соғыстың бас қолбасшысы жиырма жастың үстіндегі Дабыл батырдың алдына, 17 жастағы Жанқожа шауып шығып, Тықы батырмен жекпе-жекке шығуға бата сұраған»- деп Қарақалпақпен шекаралас Қызылқұм беткейінде өмір сүрген шежіреші Кәнісбек Төртқара Шоратайұлы Әліпбай ақсақал мен Жанқожа батырдың сардары болған кісілердің ұрпақтарының атадан балаға айтуымен жеткен әңгімелерінің ұлы жобасы осындай.

Жазылып жүргендей «Қылышбай Әлім-Шөменнің ханы болған ба?» деген сұрақты көп жылдардан бері көне көз әңгіме білетін қариялардан сұрап жүрдім. Естіген жауабым: «Ондай әңгіме естімедік, ол заманда Шыңғысхан ұрпақтары билікке таласып, елді бөліп-бөліп алып, қазақты бір-біріне алауыз қылып, қарсы қойғаннан кейін, хан-сұлтандарға елдің сенімі кетіп, батыр-билер басқарған заман болған. Елдің бірлігін сақтау мақсатында, әр ру өздеріне ағайынға сөзі мен билігі жүретін кісілерді хан деп атаған. Солардың қатарында Арданадан Әлиұлы Бекмырза хан, Жиенейден Шабақұлы Сырлыбай хан, Жолшарадан Құдиярұлы Ашабай хан, Асаннан Амалдықұлы Бекарыстан би, Құттықтан Жұмағұлұлы Қылышбай хан сияқты ру басыларын хан атаған»-дейтін. Бұдан қарадан хан сайлау Әлімнің тек Жаманақ (Шекті) ұрпақтарында болғанын көреміз. Ал, Әлім-Шөменнің басқа руларында хан сайланды деген әңгіме естілмеген, өздерінің ру басы, би-батырлары билік жасап, басқарғанға ұқсайды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Назархановтың 08.10.2014 жылғы «Қазалы» газетінің №77 санында «Жәрімбет әулиенің батасы» атты мақаласында Жанқожа батырға бата берген бес тұлғаның есімі аталған. Олардың ішінде Тықы батырға қарсы жекпе-жекке шығуға сұранған Жанқожаға алғаш бата берген Дабыл батыр, екінші соғыстан қайтар жолда Құттықтың ханы Қылышбай ханға қол жұмсаған Жанқожаны елдегі өсек-аяң саябырсып, Қылышбай ханның ашуы басылды-ау деген шамада әкесі Нұрымбет ноқталап алып барғанда, Қылышбай хан: «Қате Жанқожа жаннан емес, қате менен кетті»- деп бата бергені айтылады. Үшінші ағайынаралық қатынас шиеленіспей бейбіт түрде шешілгеннен кейін, Нұрымбет халықтың қалауымен Жанқожаға бата алып беруге Әлім-Шөменнің игі жақсыларын шақырып, 65 жастағы Шөмекей Жәрімбет әулиеден бата сұрады десе, одан кейін Жақайым Жылқыаман батыр мен Мүсірәлі пір ұрпағы Әбжелұлы Дәрменқұл ишанның бата бергені жазылған. Бұл әңгімелер бұрынғы үлкендердің айтылған әңгімелеріне сәйкес келеді.

Қарақалпақтың бас батыры Тықы өліп, әскері ойсырай жеңіліп, тірі қалғаны еліне барса, қарсы тұрар еркек кіндіктің жоқтығын пайдаланған түрікпендер арғы жағынан келіп, қарақалпақтардың елін шауып, мал-мүлкін талап кетсе керек. Елінің үлкендері жиылып: «Тықы батыр қазақтармен соғыспа дегенімізді тыңдамады, ақыр басын жұтты, қазақтармен жауласқанымызбен түбіміз бір туысқан елміз, сый-жоралғымызды алып барып келісімге келейік. Біз отырықшы, егін егетін елміз, қазақтар көшпелі мал баққан ел, екі ел мал мен астықты айырбастап, біз егін егуді, арық қазуды үйретіп, тату көрші тұрайық, олар бізді түрікпендерден, Қоқан, Хиуа басқыншыларынан қорғасын» деген тұжырымға келіп, сол соғыстан кейін қазақтарға елші жібереді екен.

Мал жайылымына байланысты Қызылқұмда шекаралас қыстап отырған қарасақал тайпасының үлкендері келген елшілерді Кәдір, Сәдір, Дабыл батырларға сілтейді. Екі елдің ру басылары келісімге келіп, арасында достық қарым-қатынас орнайды. Қазақтарға арық қазып, егін егуді үйретеді. Қуаңдария сағасын Сырдариядан, Жаңадария Қуаңдариядан алса, Жаңадариядан «Қамысты» өзені шығып, Дәуқараның үстімен өтіп, Арал теңізіне құйған. Қарасақал тайпасының бір бөлігі сол «Қамысты» өзені бойына және Дәуқара көлінің айналасына егін егіп, өмір сүрген. Дабыл батыр ағайынға «Дәуқара» жерінде «Дабыл бөгеті», «Дабыл арығы», «Дабыл жармасы» деген атау алған 50-60 гектардай егін еккізген жерлерде, әлі күнге дейін атыз-арықтарының ізі жатыр екен. Тақтакөпір ауданының бұрынғы Карл Маркс кеңшары, қазіргі «Мүлік» ауылының шығыс бетінде 4-5 шақырым жерде «Дабыл қорғаны», 10 шақырым жерде қарауыл қарайтын (суретте) «Дабыл төбесі» деген осы күнге дейін жер атаулары бар екен. Дабыл батырдың әскерінің ішінде қарақалпақтың да сарбаздары болғаны айтылады. Жанқожа батырдың 1856 жылы орыстармен болған соңғы соғысында жеңілгеннен кейін ағайындарына өкпелеп, ағасы, досы әрі құдасы Дабыл батырды арқа тұтып, Қызылқұмға жанына көшіп баруы, кезіндегі Дабыл батырдың сарбаздары болып жүрген, 200 үй қарақалпақ жауынгерлерімен және өзінің ет жақын туыстары 35 үйімен Жанқожа батырдың қасында болғаны тарихи құжаттарда жазылған. Қарасақал ағайынның туын тіккен жері, Дәуқара өңірі, оның ішінде осы Мүлік ауылы. 2001 жылы Қарақалпақстанға барғанымда Мүлік ауылында 1200 түтін болса, соның 800-дің үстінде қарасақалдың шаңырағы бар екен, бұрын одан да көп болған, ал Өзбекстанның Хорезм облысы мен Қарақалпақстанның басқа да аудан-ауылдарының көбісінде елу-жүздеп саналған шаңырақтар болған, олардың ұрпақтарының көбісі Қазақстанға қоныс аударғандарымен, әлі де сол елде өмір кешіп жатқандары бар. Қарақалпақстанның халқының жарыға жуығы қазақ болып келуі, кеңес заманында Қызылорда облысымен шекаралас Қазақстанның құрамындағы Қарақалпақстан облысы болып келіп, Қазақстанды бөлшектей беру Мәскеудің қитұрқы саясатының кесірінен, 1932 жылы Қарақалпақ АССР-ына өзгертіліп, 1936 жылы Өзбекстан құрамына өткізілуінде болды.

Дабыл батырдың жаугершілікте руының әр аталығынан қасына жиналатын сарбаздары болса, Жанай ұлдары Кәдір, Сәдір батырлардың өздерінің бөлек сарбаздары болғанын Құдайберген Ысмағұлдың 21.10.2006ж. «Тұран Қазалы» газетіндегі «Қызылбас палуанның әңгімесі» атты мақаласынан оқып көз жеткізуге болады. Бұдан Жанайұлдары Кәдір, Сәдір, Бекшеұлы Дабыл бастаған қарасақалдың батырлары түрікпендер мен Қоқан, Хиуа хандығы басқыншыларынан қарақалпақ пен қазақ жерінің оңтүстік шебін қорғап жүргенін көреміз.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін, жазушы, зерттеуші, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназовтың Алматы қаласынан 2014 жылы шыққан «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты мұрағаттарда сақталған еліміздің және Ресей әкімшілігінің мәліметтерінен алынып жазылған кітабынан үзінділер алатын болсақ, 139 бетінде: «Казахи рода Карасакал имели черезвычайно большой район кочевания.

Их летовки находились на Тоболе и Тургае, а к зиме они спускались на Сыр-Дарью. Таким образом, за год стада рода Карасакал проделывали путь до 2 тысяч километров».

249 бетінде: «Ресейдің отаршылық саясатына қарсы Сыр бойының наразы халқы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы батырдың төңірегіне жиналып, 1856 жылы көтеріліске шықты. Көтерілісшілердің саны үш мың адамға жетті. Олар Хиуа ханынан тартып алған Сыр бойындағы Жаңақала бекінісіне жиналады. Мұнда Сыр бойындағы алты ата Әлім руларынан Кішкене және үлкен шектілер, Қарасақал, Шөмекей, Кете, т.б. жергілікті басқа тайпалардың қолдары шоғырланды. Көтерілісшілерді басқаруда Жанқожа батыр жеке болмай, оның тәжірибелі, батыр сарбаздары Бөрі сұлтан, Дабыл, қожа Баймұхамед және т.б. атсалысқан».

335 бетінде: «Хиуа мен Қоқан ықпалы біраз әлсірегеннен кейін, ендігі жерде орыстардың салған Қазалы бекінісі Сыр бойы қазақтарының басты жауына айналды. Осылайша 1856 жылы желтоқсан айының басында көтерілістің алғашқы нышандары байқала бастайды. Желтоқсан айының 11-жұлдызында №54 дистанция бастығы Тобабергенов Жайық бекінісінен билеуші сұлтан Жантөринге: «Бөрі сұлтан, Жанқожа, Дабыл, қожа Баймұхамед Үш өткелде 500-дей сарбаз жиып, қысқа қарай, №1 фортқа жылжымақшы» деп хабарлайды. Алайда шекаралық әкімшілік бұған баса назар аудара қоймайды. Наразылық күн санап өсіп, желтоқсан айының ортасында көтерілісшілер саны 1500-ден 3000-ға дейін жетеді. Жайық бекінісінің басшысы майор Михайлов Жанқожа батырдың жанында Кішкене-Шекті, Қарасақал, Төртқара, Шөмекей, Керейт, Қаракете ру тайпаларының жүргендігін дәлелдей түседі. (Шойынбаев Т. Восстание Сыр-Дарьинских казахов 81-89-76-79 бет.)

162 бетінде: «Обычно принято считать, что в восстании, руководимом Джанхожой Нурмухамедовым, участвовали одни кишкене-шектинцы. Однако это далеко не верно: среди повстанцев были и казаки других родов, в частности, Карасакал и Торткара. В шайках Джанхожи карасакаловцы, кишкене-шектинцы и часть торткаринцев» (ЦГВИА, ф. 1442, оп. 1, д. 2. л. 99) доносил начальнику Сыр-дарьинской линии Фитингофу начальник Уральского укрепления майор Михайлов».

279 бетінде: «1857 жылы қарақалпақтың 200 үйі Жанқожаның жанында. Асан Пұсырманов Аймұхаммедтің 200 шаңырақпен батыр жазым болғанға дейін қасында болғаны анық. 35 шаңырақты қарасақал Дабыл би, 30 үйлі Раба би де Қызылқұмда батырдың жанында. 1860 жылы өзінің ет жақын туыстарынан Жанқожаның маңында алты-ақ үй қалған. Қарасақал Шағырай өле-өлгенше батырмен бірге, оның атқосшысы, кейін шырақшысы болды. Көтеріліске қатысқандардың бәрі бірдей батырдың ізіне ерген жоқ, бекініске қайта келіп, орыс өкіметінің аяқтарына жығылып, кешірім сұрап, оларға адал қызмет етіп, шен алып, шекпен кигендері бар».

Бұл жерде Қарасақал Шағырай батыр деп қате жазылған, бұл Жанқожа батырдың күйеу баласы аттас Жақайым Шағырай. Оған дәлел: зерттеуші Марат Назархановтың 2018 жылы шыққан «Құрманай Төремұрат жырау» атты кітабының 165 бетінде: «Жанқожа батыр сол кеткеннен Сырдария бойына қайтып келген жоқ. Жалғыз өзі Боқан тауын жайлап, қыстап үш жыл өткізді. (1857-1860 жылдар аралығын айтып отыр. – Т.Т.) Қолында он екі жасар Жолшы баласы, Шағырай деген күйеу баласы, қызы және әйелі, бөтен жан адам болған жоқ»-делінген.

Үлкендердің айтуынша, Жанқожа батыр қайтыс болғаннан кейін, бейітінің басында шырақшысы болған Балдай есімді қызының жолдасы жақайым Шағырай болуы керек. Жанқожа батырдың жанында Шағырай болды деп айтылған әңгімеден, кейінгі зерттеушілер Дабыл батырмен бірге жүрген атақты Қарасақал Мырзакелдіұлы Шағырай (1710-1790 ж.ж.) батыр шығар деп, шыққан тегін нақтылай түсу мақсатында «Қарасақал» руы сөзін қосып қателескен болуы керек.

2005 жылдары шежіреші Тілеуберген Төребеков ақсақалмен Бозкөл ауылында кездесіп, «Қарасақал Шағырай батыр туралы не білесіз?» деп сұрағанымда: «Шағырайдың руы Жақайым ғой» -деді. Бұл кісі Шағырай батыр туралы білмейтін болды ғой деп ойлап, ол кісімен басқа сөзге келмедім. Кейін күйеу баласы Шағырай Жанқожаның атқосшысы, қайтыс болғаннан кейін шырақшысы болған деген әңгімені естідім және кітаптан оқып, Тілеуберген ағаның Жанқожа батырдың қасындағы күйеуі Жақайым Шағырайдың руын айтқанын түсіндім.

169 бетінде: «Созақ бекінісін аларда,Жанқожа батыр әр жүз басыға ертең не істеу керек екенін жеке-жеке түсіндірді. Өзі қасына он шақты адам алып, қақпаны бұзбақ. Қақпаны бұзып ашқан кезде қорғанға лап қойыңдар-деп Ақтан, Дабыл және Жылқаман батырларға тапсырды».

М.Қаназовтың «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» кітабының 363-364 бетінде: «Сұлтандар шапқыншылыққа Раманқұл да қатысты деп көрсетеді. Соған қарағанда, «қашқан қоян жатқан қоянды да ала кеткен». Бүкіл халық тайлы-таяғымен дүрк көтеріліп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей би қалай жалғыз қалмақ? Бәлкім, олжа бөлісуге қатысқан».

…Орыс өктемдігінің кесірінен келген бұл аласапыран қара халықты мүлде тұралатып кетті, атажұрттарынан босты, халық саны азайды, мал-мүліктерінен айырылды, талай қыздар мен әйелдер күңдікке кетті, талай азаматтар бірде ол жаққа, бірде бұл жаққа өтіп, сергелдеңге түсті. Сергелдеңге түскен елде халықты ұйымдастыра білген батырлардан өзге сүйеніш қалмады. Солардың да ішінде табандары таймастан қай сойқан, қай қан кешулерде де бірін-бірі демеп, қара қазақтың қалқаны болған үш тұлға бар. Ол майдан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, қарасақал Дабыл Бекшеұлы, қаракесек Ақтан Ахайұлы. Бұлар алмағайып заманда табандары тайып көрмеген, қашанда халқы үшін қан кешкен таласы жоқ ірі тұлғалар. Ақтан Ахайұлы (Қағазда Ақтан батырдың әкесінің аты Қабан. – М.Қ.) 1854 жылы өз ажалынан қайтты. Ізіне ерген аз ғана ағайынымен Мұғаджар тауының сілемдерінде қоныстап отырған. Бейіті Ақтөбе облысына қарасты Тебенсай деген жерде. Өз ажалынан өлген Дабыл қызылда биік төбе басында, қазіргі Қарақалпақстан аумағында тыныстап жатыр. Айтушылар Жанқожаның бейітінен таң сәрідегі сағым кезінде қараса көрінеді дейді. Екеулерінің араларынан Жанқожа бейітінің оңтүстігінен таяқ тастам жерінен шекара торы өтеді.

1856-1857 жылдардағы Қазалыдағы қанды қырғыннан соң қыстың көзі қырауда атақоныстан негізінен кішкенелер дүрк көтеріліп, Қызылқұм аймағына көшкен-ді. Орыстарға қызмет етіп жүрген сұлтан Ермұхаммед Қасымов Ақмешіттен 600 қарақшы жасақтап, бейқам кезде ел тонады, кісі өлтіріп, қарт батыр Жанқожаны жалғыз үйде намаз үстінде мерт етті. Хиуа жағында жүрген Жанқожаның айнымас серігі қарт батыр Дабыл қолдарына түскен жоқ. Бұл 1860 жылдың ерте көктемі. Генерал губернатор В.И.Катенин соғыс министрлігіне көтеріліс ошағының мүлде шығынсыз, барлық жағынан да, ең бастысы саяси жағынан да тиімді жағдайда қазақтардың өздері тындырып бергендігін шешесі ұл тапқандай қуана хабарлайды. Тағы да бір өкініштісі Дабыл Бекшиннің қолға түспеуі»-деп мәлімет берген. (Дабыл бұл кезде тоқсанның үстінде тұғын – М.Қ).

Сөзбе сөз келтірсек: «… Уничтожение шаек, смерть такого влиятельного батыра как Джанходжа и добровольное передание Боре несомненно производит большое приветствование, влияние на кыргиз, и по всей вероятности надолго отобьет у них охоту к мятежным попыткам. Из всех предводителей хищников один только карасакаловец Дабыл Бекшин не попался в руки и до сих пор находиться Хивинских владениях».

Қазақтың мойнына темір қамыт түсті. Ғасырлар қалыптастырған сертке берік, қасық қанын халқына қиюға пейіл далалық дәстүрдегі қайран да, қайран хас батырлардың ең соңғы тұяқтары солай да, солай ар-ұяттары таза күйінде өтті жалғаннан» – деп жазған екен жазушы.

Міне, жазушы, зерттеуші Молдахмет Қаназдың халық батыры Жанқожа батыр басшылық жасаған Қоқан, Хиуа, орыс басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихын еліміздің және Ресейдің шаң басқан мұрағаттарында отырып, көп жылғы еңбектенуінің арқасында жазған тарихи деректерін саралай келіп, Дабыл батырдың Жанқожа батырға алғашқы бата берген ағасы, пікірлері бір болып, тізе қосып, арқа сүйер сенімді серігі, құдай қосқан құдасы, барлық соғыстарының түгелге жуығына қатысқанын және өмірден өткендерінше бір-біріне айнымас дос, үнемі ойласып, бір-бірімен хабарласып, ат үстінде қатар жүріп, ел қорғаны болғанын көреміз. Елдің оңтүстік беттегі шекарасын жаулардан сақтап қалуда Дабыл батырдың алатын орны ерекше. Біз Жанқожа мен Ақтан батырларды қалай дәріптесек, Дабыл батырды да солай дәріптеуіміз керек.

Көне көз үлкендердің айтуынша, Дабыл батыр Жанқожа батырдан 3-4 жастай үлкен деп айтылуына қарағанда, туған жылы 1771 жылдар жобасына келеді. Сондықтан 2021 жылы Бекше батырұлы Дабыл батырдың туғанына (1771-2021 ж.ж.) 250 жылдығы Қазалы ауданынында облыстық деңгейде аталып өткізілсе дейміз.

Ел қорғаны болған батыр, әділетті билігімен ел бірлігіне елеулі үлес қосқан Бекшеұлы Дабыл батырды мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қазалы ауданы орталығы мен Қызылорда қаласынан көше атаулары беріліп, Жанқожа, Дабыл, Ақтан батырлардың үшеуінің біріккен мүсіндерін жасатып, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр кесенесі жанына қойылғаны жөн болар еді.

Төлепберген  Тілеуқабылұлы,

Еңбек ардагері

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: