Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басылымның мақсат-мұраты – мұқым елдің мұңымен параллель

01.05.2025, 10:20 265

Ғасырлар тоғысында сөз бен жазу өнерінің ғаламат қасиетін ұштастырған баспасөз саласы тағы бір басылыммен толысқан еді. Тәуелсіздіктен кейінгі дағдарыс салдарынан еңсесін әлі толық тіктей қоймаған халық бұл уақытта қоғамдық сананы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалыптастырғаны баршаға мәлім. Ел ішіндегі, мемлекет сыртындағы жылт еткен жаңалықты оқу үшін сағаттап, апталап, айлап күтетін шақ қазіргі буынға ертегі секілді көрінгенмен, сол кездің шынайы көрінісі екені аға буынға анық. Тоқырау жылдарынан өрлеу уақытына аяқ басқан шақта дүр дүниенің есігін ашқан сәби секілді жарыққа шыққан республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетіне биыл 25 жыл толып отыр. Айтулы, атаулы, арнайы мерекемен басылымның жанашыр оқырманын, редакция ұжымын құттықтаймын!

Ойлы оқырманымен қауышып келе жатқан ширек ғасыр уақыт ішінде ел мүддесі мен мәртебесін, түйткілді мәселесін, түйінді жайттарын сөз киесі арқылы тарқатып келе жатқан басылымның өткен тарихы мен бүгін­гі мәртебесі бұқараға аян. Қоғам бедері мен заман үні бола білген қазақ баспасөзінің ізін жалғаған «Халық» газетінің өзіндік позициясы, мақсат-­мұраты – қаумалаған қауымның қуа­нышымен қадамдас, мұқым елдің мұңымен  параллель.

Халықтың үніне, журналистиканың ұстаханасына айналған, шындықтың шырақшысы бола білген басылым – уақыт сынынан сүрінбей өткен санаулы баспасөз құралдарының бірі. Жаңалық атаулыны шынайы жеткізу, қоғамның қордаланған мәселелерін талдап-тара­зылау, қарапайым халықтың үніне құлақ түру, билік пен бұқара арасында­ғы көпір болу – бұл газеттің басты ұстанымдары. Уақыт өзгерсе де, басылымның бағыт-бағдарының өзгермегені, газет мұқабасындағы «Халық – Құдайдың бір аты» деген сөз де – оның тұғыр тұрақтылығының, сертіне сенімділігінің айғағы. Қай кезеңде болмасын, «Халық» газеті шындықтың жағында, ел ішіндегі ең өзекті мәселелерді ашық және ашып қозғаудан тайсалған жоқ. Бүгін де сол межеден жаңылмай келе жатқанына  уақыт  пен  оқырман куә.

Қаламгер мен оқырман арасын жалғаған алтын көпір іспеттес бұл газет ширек ғасыр ішінде қаншама жас тілшінің қанатын қатайтты, талай тәжірибелі журналистің шеберлігін шыңдады. Солардың қатарында болғанымды өмірімнің маңызды кезеңі деп бағалаймын. Бұлай деуіме дәлелді себеп те, нақты негіз де бар. Басылым толымды тоғыз жасқа толар-толмас уақыттың шеңберінде осы газеттің жас тілшісі ретінде жұмысқа қабылдандым.

Көксегені – шындық, бағыты – айқын, мақсаты анық басылымның апта сайын оқырманға жол тартуына тілші, аға тілші, жауапты хатшы ретінде 2009-2021 жылдар аралығында 13 жылға жуық еңбек еткенімді мақтан етемін. Қоғамдық көзқарас пен азаматтық позиция арасындағы түрлі тақырыпты мәселе етіп көтеріп, оның шешімін табуына ықпал еткен басылым мені жас  маман  ретінде  шыңдағанын  айту – азаматтық парызым һәм аға буынға айтар алғаусыз  алғысым.

Шыны  керек, менің қоғам алдындағы тәлім-тәрбием, азаматтық ұстанымым отбасында қалыптасса, журналистік көзқарасым, пікір-пайымым қоғаммен араласу, білім алу, қызмет ету,  осы  ұжымдағы аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибеге бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеуі арқылы қалыптасты. Сондықтан, «Халық» газеті – мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, кәсіби жолымды айқындаған рухани мектеп, тәрбие мен тәртіптің ордасы болды десем артық  айтқандық  емес.

Қоғам өміріндегі алуан түрлі құбылысты саралап, әрбір санында ойлы, көлемді, тартымды мақалалар ұсынатын газетке тек ақпарат таратушы құрал емес, ұлттың рухани тірегі, ұлттық мүдденің жанашыры ретінде қарауымыз керек. Бұл жолда қажырлы еңбек етіп келе жатқан редакция ұжымының еңбегі орасан. Ұжым үшін әрбір шығарылым – үлкен жауапкершілік, әрбір мақала – шынайылық пен шеберліктің, жанашырлықтың туындысы. Газет бетіне жарияланған өткір мақалалар арқылы халықтың күрмеуі қиын талай мәселесі, қала, облыс, тіпті республикалық маңызы бар проблемалар да өз ретімен игі бағытқа  бұрылғанының  өзі  журналистиканың  ықпалын  аңғартады.

Әріге бармай-ақ, өзім қызмет еткен жылдарды жадымда қалған жазу-сызулармен еске түсіріп көрейін. Ұмытпасам, 2009-2010 жылдары қаланың шет аймағы саналатын Әл-Фараби көшесінің бойындағы «Ер Төстік» балабақшасына қатынайтын ата-аналар үшін қоғамдық көлік қатынасының жоқтығы туралы жазып, нәтижесінде жеке №4 бағыттағы маршруттың соңғы аялдамасын сол маңайға қойғаны да халыққа жанашырлық еді. Бертін келе, 2013 жылы аталмыш басылым бетінде жарияланған «700 мың халықта 700 орындық театр бар» мәселесі, 2018 жылдың мамыр айында «Неке сарайы» қашан салынады?» тақырыбымен көтерілген мәселелер «Halyqline» ақпараттық порталында «Театр тар, неке сарайы жоқ» тақырыбымен тағы бір толысты. Дәл осы 2013 жылы газет бетінде театр мәселесімен қатар жарияланған «Жыр елінің төрінде «Жыраулар үйі» жоқ» атты мақала 2020 жылы басылым жанынан ашылған сайтта қайталап көтерілді. Бұқараның базынасын қаламның сиясымен, сөздің киесімен жеткізуден тартынбайтын басылымның осы секілді халықтық мүддені көздейтін шығарылымдары 25 жылдық тігіндінің мұрағатында жетіп артылады. Мәселені көру, назарға ұсыну, жазу, жариялау, түйіндеу және оның нәтижесін шығару бар. Осы тұрғыдан келгенде облыс орталығындағы қала сәулетіне көрік келтіре салынған бірнеше ғимараттың ішінен басылым проблема етіп жазған мәселелердің түйінін көруге әбден болады. Сондай-ақ, есте қалған тағы бір жайт, Орталық алаң жанындағы «Мейрфото» деп аталатын тұста қоғамдық аялдаманың жоқтығы туралы газеттің 2018 жылғы санында «Дені сау адам секірер, ал мүмкіндігі шектеулі жандар ше?» тақырыбымен шағын ғана дүние жарияланды. Ізінше жауапты мекемелер тарапынан аялдама салынып, ел игілігіне берілді. Бұдан шығатын қорытынды – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзінше, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі».

Хош. 25 жыл – аз уақыт та емес, күнтізбедегі жай ғана жылдар да емес.  Бұл – тарих, бұл – тәжірибе. Бұл – халықтың сенімімен келген биік белес. Осы белестен көріне білген ұжымға шынайы алғыс айта отырып, шығармашылық табыс тілеймін.

Ойлы  оқырманының  көзайымына айналған «Халық» газетінің ғұмыры ұзақ, мән-мазмұны  терең,  шығар  биігі  көп  болсын!

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының аға сарапшысы,

«Халық» газетінің бұрынғы тілшісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: