Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақ боп қонған Бағланова

08.07.2021, 10:40 398

Қазақ КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның қаһарманы, сапрано, опера, эстрада әншісі Роза Бағланова ел маңдайына қонған бақ болды. Майданда ән салып, көптің таңдайын қақтырған әншінің әсем дауысы қазақ жерінде ғана емес, шетелге де шарықтап кеткен-ді. Совет үкіметі кезінде дүниеге келіп, соғыс уақытына тап болған қыз балалық шағын ашаршылық пен қиыншылықты көру арқылы өткерген. Жасынан сырнай тартып, әжесінен ән айтуды үйренген дарынды бойжеткеннің жұлдызы жанар шағы небәрі 20 жасында болған. Алайда өз жерінде емес, өзбек елінде ән салып, танымал болған Бағланова алғашқы жұмысын Ташкент филармония­сында бастайды. Ел көзіне бірден іліккен жас әрі сұлу арудың ән айтқандағы ырғағы да әу бастан-ақ адамдардың құлақ құрышын қандырды. Қазақ мәде­ниет өнерінің өркендеуіне де ерекше үлесін қосты. Қазақпен қатар қырғыз, өзбек жұртының беделін көкке көтерген әнші болды. Шетел асып концерт берген Тәжібайқызының орындауында халық әндері «Ақмаңдайлым», «Желсіз түнде жарық ай», «Сәулем-ай», «Сол бір кеш», «Ақтамақ» және тағы көптеген ақын, композиторлардың туын­дылары  болған.

Өмірінің 70 жылын өнерге арнаған Роза Бағланованың бұл жолда көрген қиындығын жеңу арқылы қалай биікке жеткендігі бәрімізге мәлім. Өнерін қастерлеген, бағамдаған қазақ әншісінің шыңды бағындырғаны осы жолда келе жатқандарға айшықты бағыт болары анық. Қабілеті мен орындау шебер­лігі асқақтаған Роза апамыздың қазақ эстрадасында ойып тұрып алған орнын  қазіргі әншілер баса алмасы хақ.  Себебі,  «ұялмаған  әнші  бола­ды»  демекші,  киелі  саналған сахнамыз­да қазір екінің бірі қолына микрофон ұстап  жүр.

Талайларды өзінің күміс көмей дауысымен таңғалдырған қазақ жұлдызының 100 жылдық мерейтойы жақындап келеді және үлкен дәрежеде ұйымдастырылуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масымен 2022 жылдың 1 қаңтарында бұлбұл әнші Роза Бағланованың есімін ел есінде  жаңғырту  үшін  іс-шаралар реті бекітілді. Күні бүгінге де­йін абыро­йы тасыған, мерейлі, сыйлы орындаушымыздың көзі тірі кезінде қалдырған ақыл-пайымы келешек күнге мәңгі жалғасады. Батыл қыздары­мыздың қатарынан көрінген Роза Тәжібайқызының өмір тарихы әйел  қауы­мын өнегеге, парасаттыққа апарар айқын бастама деп білемін. Өмірінің соңына дейін шығармашылықпен еңбек етіп келген апамыз халқына керемет көңіл күй, жүрегі мейірімге бөленетін қуаныш сыйлай білді. Өзіміз түгілі, өзге ұлттың сүйіктісіне айнал­ғаны және қазақи мүсін бейнесі  санамыздан  еш  уақытта  кетпейді.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: