Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балпақ іннен шыққан күн

18.03.2021, 11:30 1062

(қыстың соңғы күні)

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Халықа­ралық Наурыз күні» деп бекітіп, ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізг­ен жыл басы – Наурыз мерекесі жайында ғылыми тұжырымдар мен байыпты болжамдар жеткілікті. Осы күнді ойын-сауықпен атап өтетін халықтардың баспасөз беттерінде айтылып жататын жекелеген пікірлерден тіпті аяқ алып жүргісіз. Алайда осы пайым пардасынан іріктелген толымды толғамдарды қорытып, түпкілікті байлам жасаған жүйелі ғылыми еңбек жоқ десе де болады. Сол үшін бүгінде елдің таным-түсінігін екіұдай ой кеулей бастағаны жасырын емес. Өйткені шын мәнінде бұл қандай мереке және жыл басы наурыз айының нақты қай жұлдызында басталып, қанша күн тойлануға тиіс деген сұрақтар күні бүгінге дейін басы ашық мәселе күйінде  қалып  отыр.

Кейінгі кезде Наурыз діни мереке ретінде топшылана бастаған болса, этнограф ғалымдар мұны, әрісі жалпы Шығыс халықтарының, берісі түркі тайпа­ларының мүшел есебі бойынша жыл басы екенін айтудан танған емес. Аталмыш халықтық мерекенің қазақ топырағында жаппай атап өтілуіне 1926 жылдан кейін жол берілмеуі оның бірыңғай діни реңк алып, әуелгі мағынасы алашұбарлана бастағандығынан бола­тын.

Жалпы, Наурыз табиғат-анамен егіз өрім ілкі тегін ұмытпаған халықтардың ортақ мерекесі екені  даусыз. Өйткені  оны бір заманда Еуропа, Иран, Үндістан, Алдың­ғы және Орталық Азия, Кавказ, Оңтүстік пен Солтүстік Америка, тіпті Африканың үндіеуропа тілдері тобындағы халықтары, әртүрлі мәдениет ұстанып, сан алуан күштерге табынған римдіктер, яхудей дініндегілер мен ежелгі славяндар өздерінің ұлттық бол­мысындағы рухани ерекшеліктерге бейімдеп, түрліше тойлағаны мәлім. Батыс халықтары Иисус Христос туған рож­дество мерекесін  жаңа жыл есебінде кейін атап өте бастаса керек. Ал Орта Азия, Парсы, Шығыс халық­тары мен  түркінің  заңды  жұрағаты  қазақтар  үшін  бұл – таби­ғаттың  қайта түлеу мерекесі, жыл басы. Ендеше халық­тың сүрсан­асы мен тұрмыс-салтында өзіндік орны болған, кейін келе, мән-мағынасы күреңітіп, ұмытылуға айналған Наурызға қатысты бір табиғи жайтты уақыт өрнегі тотықтыра бастаған жадымызда қайта жаңғыртып өтейік.

Сонымен, қазір көпшілігіміз жыл басы 21-22 наурыз деген ұғымға ден қойып, дағды алдыра бастағанымыз жасырын емес. Алайда біз осының астарына жіті мән беріп жүрміз бе? Олай болса, жыл басы наурыз айының нақты қай жұлдызында басталуға тиіс? Бұған орай байырғы болжамдар мен дала қазағының табиғатты бақылаған білігінен кімнің не білгені бар? Әлде «көп айтса көндінің» керімен бұдан былай да ескі сүрлеумен жүре береміз бе?

Наурыз айының нышаны білінген­нен бастап тіршіліктегі табиғи бастау­ларды ұлықтау мәдениеті мен кейінгі көзқарастардың итжығыс күресінің халық санасындағы жемісті, жеміссіз жолдарына қоса, тым қара­байыр түсініктер жауыннан кейін­гі құрқұлақтай қаптай бастайды. Әрі-беріден соң парсы жұрты «новруз», яғни «жаңа күн» атандырғанға дейін біздің қазақ күн мен түннің теңесуіне қатысты Шығыс күнтізбесімен егіз төл ұғымдарды білмеген сияқты жағымсыз әсер  қалдырады.

Бес мүшелді, соған сай 12 жылда ауысып отыратын 5 түсті (ақ, сары, көк, қызыл, қара), яғни 61 белесті «бір жас» деп тұжырым жасайтын байыр­ғы қазақ өзінің жыл қайыру дәстүрін тым ерте дәуірлерден бастайды. Белгілі этно­граф  ғалымдар, марқұм Ерік Көкеев пен Талас­бек Әсемқұловтар айтып, жазып қалдырған дәлелді деректерде адамның жасына қатысты осы 61 жылдық тармақ дала мәдениетінде 16 мың рет қайталаныпты. Аталған бес мүшел арасындағы қара түс қай жасқа (13, 25, 37, 49, 61) тура келсе, сол белес иесі үшін өте қауіпті деген сенімде болған бабаларымыздың алпысқа толмай өлген кісіні «екі жастың біріне келмей өлді» дейтіні де сондықтан. Осы өлшемді ұлы тарихқа, яғни 16 мың жылдық мерзімге шаққан әрбір адам біздің бәсімізді өзге халықтардың үрдісімен қатар қойып салмақтағанда, қазақ салт-дәстүрлерін тым кенже дамыған немесе өзгелерден еншіленген көшірме деп те айтуға ауызда­ры бармас еді.

Кейінгі кезде халық арасында белгілі бір дәстүрді талдап, түсінуге қатыс­ты шиеленісті түсініктер салдарынан жыл басы Наурызға байланысты қазақы ұғымдардың дені кірме екені жиі айтылып қалып жүр. Қазақтағы «көрісу» (бұл кәдуілгі «жүз көрісу» болуы да мүмкін) дәстүрінің тұжырымдамасын өзінше анықтап, «Амал мерекесінің тамы­ры моңғол мен тува халықтарында жатыр» деп топшылайтын орыс ғалы­мы Андрей Астафьевтің пікірі біз үшін сонша маңызды ма? Сонда біздің баба­лар­ымыз Наурыз айының бірінші жұлды­зын Амал (Хамал – парсы  тілінде Тоқты – Зодиак  шоқжұлдызы, 21 наурыз бен 20 сәуірдің аралығы) атандырып, көктем келгенде «Амал келді, амал кірді» деп, жаңа күн кіргенде бір-бірімен көрісу рәсімін жасайтын қазақ осы дәстүрді моңғол мен тывадан алды деген долбар тұжырымға иланып, көзсіз көбелектей көне беруге бола ма?

Мысалы, парсы тілді халықтар Нау­рыз мерекесін тойлағанда әр жерден лаулатып от жағып, оған май құяды. Дәл осындай рәсімді біздің бабаларымыз да жасаған және мұндай ырымдар күні бүгінге дейін қазақ тұрмысынан қалмай, ілесіп келе жатыр. Олай болса, енді осыны да қазақ атам парсылардан алған  деуіміз  керек  пе?

Ауылдық жерлерде шаңыраққа жас келін түскенде От-ана құрметі үшін отқа құйрық май салып, жер-ошаққа иілдіру  рәсімі  әлі  де  бар  екенін  көзіміз  көріп жүр. Ал енді осы қандай салт, нендей  күшке  ие  рәсім? Сөз  жоқ,  бұл – байырғы бабаларымыздың ежелгі қоңсыластары  үнді-иран жұртымен  қатар  қасиет  тұтқан  жоралғылар. Зороастризм сенімінде болған дәуірде Ахура Маздаға табынған көне жұрт кәдуілгі отты үш түрге бөлетін. Олар – ошақ, от және күл. Бір ғажабы осы үш асылды ой мен сөздің, әрі әрекет­тің бірлігі деп білген. Демек, ойы бұзық кісінің сөзі де бұзылуы заңды, ал сөз бұзылған жерде әрекет те соған сай сиырқұйымшақтана бермек. Осы үштік (ежелгі орыстар 3 деген санға аса мән беретіндіктен, жыл басы мерекесінде дастарқанға үш бас сарымсақ қояды) негізге құрылған қарапайым пәлсапаны жатсынбай қабылдап, ошағына тер төккен бұрынғылар қыздарына Күлбаршын, Күлбарам, Күлайым, Күлжамал, Күләнда, Күлдана, Күлпаш, Күлбала деп ат қоятын. Соның бәрін ирандық «гүл» түбірге айналдырып алып жүрген де өзіміз, өзге ешкім емес.

Бір-біріне «Шырағың сөнбесін!» деп тілейтін біздің жұрттың Наурыз келген түні Қызыр бабаның құрметіне әр шаңырақта қос шырақ жағып қоятын рәсімі де – ескіден келе жатқан наным-сенімдерінің жұқанағы. Ислам мәдениеті бойынша, бұл мұсылманшылыққа жат әдет саналғанымен, дәстүрлі қазақ қоғамында әулиенің мазары­на, киелі саналатын жерлерге шам жағу, дүниеден өткен жанның туыста­ры қайтыс болған марқұмды жатқызып, ауашаланған үйге сүйек шыққан кештен бастап, әр күні ымырт жабылғанда  кісінің  рухы  жер  бетін  тас­тап мәңгі мекені – бақиға аттанғанға дейін 40 күн шырақ жағу рәсімі зороастризмнен қалған, негізінен яхуди (иудаизм) мен христиан дініне тән ғұрыптар кейбір қоғамдастарымыздың арасында әлі күнге дейін сақталып келеді. Наурыз мерекесі күндері жиған-терген дүние-мүлкін қағып-сілкіп, отпен аластап алатын қазақ баласы ғасырлар бойы жинақтап, әртүрлі сенімдер мен мәдени ауыс-түйістер толқынында сіңірген салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарының барлығын осы күндері қайта жаңғыртуға тырысады. Өйткені, салт-дәстүрлер жаңғырып, ескі ырым, жоралғылар мен белгілі бір тылсым рәсімдер қайталанған сайын адам баласы өзінің ілкі бастауларына қайтып, рухтар қауышып, түлеп отырады деген түсінік сана түкпіріне жазылған, балталасаң да бұзуға келмейтін жасырын мәліметтер жиынтығы  болып  саналады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Наурыз тойы 9 күн бойы тойланғаны айты­лады (Мәшһүр Жүсіптің деректерінде 8 күн, алайда бүгінгідей бір ай емес. – Б.Ж.). Өйткені Наурыз айының 13-жұлды­зында 90 күнге созылған қытымыр қыс маусымы толық күрмеліп, келесі жылдың шырағы жағылады. Шаруа­ның жайын білетін қазақ қыс айының осы соңғы күндерін «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» атандырғаны да сондықтан. Олай болса, тұтас бір жылдың кейін қалуы, 12 жылда бір келетін мүшел­дің кіруі (көктем мерекесінде байыр­ғы орыс халқы ас мәзірінің қатарына міндетті түрде 12 сабақ жас пияз қосады), көктем­нің келуі, яғни жыл басы 14 нау­рызға сәйкес келеді. Дәстүр бойынша, Наурызнама (кей деректерде Наурыздама. – Б.Ж.) мерекесінің сегізін­ші күні «тойтарқар» рәсімін жасап, күн мен түн теңескен сәтте, яғни   22 наурызда биік қырдың басына шығып, таң шапағын қарсы алып, келесі жылға  аман-есен өткеніне қуанған қазақ 9 санын кездейсоқ таңдамаған. Көне нумерология ғылымында 9 – адам деген сөздің ишарасы. Осыдан келіп, «үйірімен үш тоғыз» ұғымы, яғни бір айдың және 9 санына қатысты барлық қасиеттер жиынының тіні тарқатылады. Өйткені адам баласының өмір тіршілігі белгілі бір тылсым сандардың заңдылығына байлаулы екенін көнедегілер жақсы білген.

Әрине, біздің бұл ойымызбен көп адамның бірден келісе кетуі екіталай. Бірақ байырғы қазақ басқаны білмесе де, табиғаттың тілін жетік меңгергенін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Мен сол ғазиздерден қалған табиғи біліктің бір үзігімен ғана бөліскелі отырмын. Өйткені ғылыми еңбектер­дің дені 12 жылдық күнтізбелік тармақ «қытай мәдениеті арқылы тибет, моңғол, ұйғыр һәм қазаққа сіңген» деген пікірлерге иек артудан аспай отыр. Ал осы халықтармен өмір бойы қоңсы болып, байтақ даланы бөлісе жайлаған біздің ескі ру-тайпаларымыз тұтынған дәл осындай ескі мәдени ұстындар туралы айтуға келгенде, неге екені белгісіз, кегежеміз кейін тарта береді. Амал қанша, ғалымдардың басым бө­лігі осылай деп белгісін бекітіп қойған соң, әзірге осы мәліметтерді малдана тұруға мәжбүрміз. Әйтсе де, түбірімен қайта қарап, заманауи зердемен зерттеу­ге сұранып тұрған мәселенің бірі де – осы.

Ал енді біз еліміздің бүгінгі Батыс өңірінде тұратын қазақтардың (Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе) не үшін 14 нау­рызды «Көрісу» немесе «Амал» мереке­сі деп атайтынына жіті мән беріп жүрміз бе? Жалғыз Батыс өңірін жайлаған ағайындар, Ресей мен Қарақалпақстанда тұратын қандастарымыз ғана емес, Кавказ халықтары, оның ішінде әзірбайжандар да жыл басы деп бір-бірімен тап осы 14 наурызда көрісетінін қандай табиғи құбылыспен немесе этникалық байланыспен түсіндіруге болады?

Табиғаттың тілін бір кісідей түсінген бабаларымыз Жердің он екі айда Күнді бір айналып шығуын жыл деп атаған. Жалпы жұртқа белгілі, жыл басы – тышқан. Халық арасында «Тышқан қалай жыл басы атанды?» дейтін балаларға арналған ертегіде осы мәртебеге ие болу үшін таласқан хайуанаттар арасындағы оның айлакерлікпен жеткен әрекеті ерекше айтылады. Ал бұл ертегінің балаларға арналу себебін түсіндірмей-ақ қойса да болатын шығар. Өйткені көшпелілер өзінің ғасырлар бойы жинақтаған табиғи тәжірибесін бауырындағы баласына тал бесікте жатқанда анасының ақ сүті мен әлдиі арқылы дарытуға тырысқан.

Бүгінгі Поволжье, Ресей, Орта Азия, Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Қазақстанның құмшауыт пен тақыр жерлерін мекендейтін, ұсақ кеміргіштер тобына жататын, қорқу дегеннің не екенін білмейтін өжет әрі өте сақ тышқан тектінің балпақ деген түрі болады. Өзі үш-төрт жылдан артық өмір сүрмейді. Жыныстық қабілеті өмірінің екінші-үшінші жылы ғана кемеліне келіп, толыса бастайды. Отызға тарта шөптің түрімен қоректеніп, үнемі өсімдіктердің тамырынан ылғал сора­тындықтан, суға да аса құмар емес. Оның ерекше бағалы жон терісі сәуір айының ортасына қарай түлеп, күн көзіне шығылысып, қып-қызыл болып, жанардың жауын алып құлпыра түседі.

Бір қызығы, әлгі мақұлық жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құша­ғында өткізеді. Құм шыжғырған шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын әбден қандырып, қыс күрмелер күні, яғни 13 наурызда бір-ақ оянады. Соған қарағанда жыл мезгілінің ауысуына байланысты табиғатта болып жататын ерекше өзгерістерді бірінші осы тышқан тұқымы сезетін болса керек. Қысқы ұйқыдан алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары оянады. Сөйтіп, сол күні табиғаттың қандай мінез танытып тұрғанына қарамастан, қыстай жатқан індерінің аузын, ішін толайым тазалап алып, бір-бірімен кісі сияқты көріседі. Егер күн райы тәуір болса, сол сәттен бастап тіршілігін жалғастырады. Ал ауаның әлі де болса сынбаған, қытымыр екенін байқаса, балпақ қалыпты әдетімен ініне кіріп, күн жылынғанша қайтадан көз шырымын алуға кіріседі.

Мұндай табиғи құбылыстарға таң­ғалуға да болмас. Мысалы, кеміргіш­тер отрядының тиінтәрізділер тұқымдасына жататын, Қазақстанның орманды дала, шөлді жерлері мен таулы аймақ­тарында ұшырасатын, терісі аса бағалы, майы халық медицинасында әртүрлі сырқаттарға ем ретінде кәдеге жаратылатын суыр деген сүтқоректі бар. Солардың өз арасында болатын адам айтса нанғысыз «Суырдың қыз ұзату» рәсімін аңшылықпен айналысатын ағайын білуге тиіс. Қаз-қатар тізіліп тұрып, ұяластарын ұзатқан сәтте суырлар адамша қимастық таны­татынын аңшылар әңгіме еткенде, оны бейжай отырып тыңдаудың өзі мүмкін емес. Ал Қазақстанның Жайық, Сыр­дария, Ертіс, Іле, Шу, Тентекқара, Қобда өзендерінде кездесетін, тірші­лігінің көбі суда өтетін, аса бағалы терісінің ерекше жұпар иіс шығаратын қылшықтарынан парфюмерияда қолданылатын «құндыз жұпары» алынатын, әпсана бойынша су түбіндегі шамшырақ аталатын ерекше жарық тастың сақтаушысы әлгі кеміргіштер отрядының қатарындағы құндыз деген тышқан екен.

Балпақтың әлгі ғажайып әрекеті жыл басы Наурыз келгенде ауыл-үйдің айналасын тазартып, кір-қоңын жуып, киім-кешегін қайта жаңартып киетін дала халқының тіршілігіне қатты ұқсайды. Олардың жылдағы осы әдетінен бір танбайтынын білетін және табиғи құбылыстарды қалт жібермей үнемі бақылап жүретін бұрынғының ескерімді қариялары балпақ іннен шыққан күнді жыл басы дейтін.

Бұған байланысты халық жады да көп нәрсе сақтаған. Ел арасында «байдың ұлы балпанақ» деген сөз қалған. Бұл әлгі тышқан тұқымдастың май басқан, толық, балпиған, қобалақ болмысына сүйсініп айтылған теңеу болса керек. Кешегі аштық зұлматы құрық салған жылдары адамдар балпақтың етін жеп жан сақтаған. Кіші жүз қазақтары арасында айтылатын «Төрт­қара, балпағыңды жеп қара» деген қағытпа сөз – соның белгісі. Қазір ұмытыла бастағанымен, бұрын қазақ тұрмысында балпаққа қатысты атау, есім тергеу, ойын түрлері де жиі кездесетін. Тоғыз ай мен бір жастың арасындағы топ-толық, дені сау перзентін кеміргіш тұқымдасы ұрпағының атымен «балпанақтай» деп еркелететін қазақ оның ерекше қасиетін ежелден білсе керек. Қазақтың балалар фольклорында «Бала, бала, балпақ / Басың неге жалпақ?» деген әзіл аралас жыр жолдары да кездеседі. Жалайырдың атақты биі, көсем әрі әулиесінің есімі Балпық болуын­да да бір табиғи үйлесімділік пен заңдылықтың болуы мүмкін.

Сонымен, 13 наурызда соңғы нүктесі қойылатын көне жыл 14 наурыздан бастап жаңа белеске ауысып, ежелден Күнді қасиет тұтқан дала жұрты жаппай той тойлауға кіріседі екен. Ал          22 наурызда күн мен түн теңесіп, ақ пен қара беттесіп, әрі қарай күн ұзарып, түн қысқарып, жер бауыры бусанып, тіршіліктің тамырына қан жүре бастайтыны айтпаса да түсінікті жайт. Сөйтіп, көктем мерекесін 9 күн тойлап күрмейтін көшпелілер содан соң келесі жылдың қамына кірісетін болған.

Қолдан келсе, бабалар сіңірген дала­лық білімнің қасиеті мен қадірін қашырмай, тылсымға толы ұлттық үрдістерімізді кіршіксіз тұтынғанға не жетсін?!

Берік  ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: