Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алғашқы қадам

11.10.2020, 11:00 825

HALYQLINE.KZ

Руми көп деректердің бірі бойынша Балх аймағының Вакш ауылында дүниеге келген. Қазіргі Тәжікстан. Вакш өзенінің жағалауында. Ауғанстанмен шекаралас аймақ. Ол туралы мынандай әпсана бар.

– Бері қарашы, әй, ғұламаның баласы: мына шатырдан секіруге бәстесейік, – тігіншінің баласы Синан самарқандық көпес Лаланың зәулім сарайын нұсқады да, жеңінен бұқарлық оюмен кестеленген орамалды суырып алды. – бәске мынаны тігемін!  

Екеуі отырған шатырдың шетіне кеп, төменге қарады. Астында қалың өскен тал-шілік екен. Екі үйдің ортасын ну қып жіберген. Екі шатырдың ортасы шамамен бес кез. Кем емес. Ғұламаның баласы мен тігіншінің баласы жабық базардағы саудагерлер құсап сатыр-сұтыр қол алысты. Синан шатырдың қарсы бетіне барып, шапанның етегін беліне буып, тақиясын шешті. Қатты жүгірген күйі көршінің шатырына құстай ұшып топ ете қалды. Дәл солай қайтадан кері секірді.

Бір таңғаларлығы, ғұламаның баласы Масуд та, басқа балалар да Синанның ерлігін дөп қайталады. Енді бәрі жиналып Жалаладдинге қарап тұрған. Ол ең соңғы еді. Құдай сөзін ұстанған ғұламалардың ғұламасы Сұлтанның баласы ең соңғы болуы мүмкін бе? Туғаннан әлжуаз болған бұл бала өте тұйық, әсершіл, жүгіріп ойнағанды қаламайтын, шуылдақ ойыннан қашатын бала болды. Егер сол сәтте Мүмине-хатун шатырға шығып, бәрін төменге түс деп шақырмағанда, сол құдай атқыр бес кезді ол да секірер ме еді, кім білсін… Екі шатырдың ортасында жүгіріп бара жатқан баласын көргенде, анасы көзін тарс жұмды.

– Жалал!

Бәрі оның дауысына жалт қарады. Тап қазір ұлынан мәңгілікке айырылатындай дауысы жарықшақтанып шықты. Баласы шатырдың шетіне  жетіп қалған, тоқтайын дегенде, аяғы тайып кетіп, қолы ербеңдеп, жерге құлап түсті.

Сүйетін әйел мен мейірімі шексіз аналар іштен жарып шыққан ұлдарын не сүйіктілерін белгісіздікке секіруден сақтағысы келеді. Жан-жүрегінде қайсарлықтың пісіп жетілуіне кедергі келтіреді. Жүрегін тек өзі жаулап алғысы келеді. Сәулелі оймен нәрленбеген махаббаттарымен есеймеген жанды қолдап, еркін әлемге ұшырудың орнына қанатын кеседі, мойнына тас болып жабысады. Ғалам мен адамзаттың бірлігінің ғажайып кереметін танытпастан өзімшілдік пен аярлықтың құрдымына құлатады.  

Шатырда тұрғандар жалт бұрылып қарағанда, Жалал жоқ болды. Бұл шатырда да, көршінің шатырында да жоқ. Бәрі ойбайлап шатырдың шетіне жүгіре жетті. Тал-шілік тапжылмастан сіресіп тұр.

Есін жиғанда алғаш көргені беті дөп-дөңгелек періште сынды қыздың келбеті. Ол қарақаттай көзімен оған таңғала қарап тұрды. кірпіктері дір-дір етеді. Әкесінің үйіндегі соңғы күні де қоштасқан адамы сол шатырдан құлағанда көрген Лала көпестің бүлдіршін қызы Гаухар-хатун еді.     

Жалал бозарып кеткен. Өлік сияқты тырп етпей жатты. Беті қан-жоса. Басын көтере бере өзіне қарай жүгіріп келе жатқан балаларды көрді. Олардың артын ала анасы мен сүт анасы Насибу келе жатты.

Егер балалар мазақ етсе, ол шыдар еді. Алайда олардың бет-жүзінен жеңілгенді аяу, осал адамға деген мүсіркеуді оқыды. Әкесіне тән намыс мұның бойын да шарпып өтті. 

Орнынан тұрды. Өзі де түк түсінбестен, әкесінің сөзімен көзіне елестеген елестерді сипаттай бастады.

– Жасыл киім киген жауынгерлер мені көк зеңгірдің биігіне шығарды. Аспан патшалығының қабырғаларын айналдырып жүргізді. Сендердің айғайларыңды естіді де, қайтып жерге қайтара салды…

Оның сөзін мұқият тыңдаған балалардың бетіндегі аяушылық пен келемеж сап тыйылды: мұндайды ғұламалардың ғұламасы тек Сұлтан ғұламаның баласы көре алады.

Тек қарақат көзді жеті жастағы Гаухар ғана әуелгі таңданысын жасыра алмай  қарап тұрды. Оның көзіне тік қараған Жалал:

– Шатырдың үстінде мысық та, тиін де шапқылап жүре береді. Ал рух әлеміне саяхаттау тек ерік-жігері мықты адамға ғана тән. Солай!

Бүгін он екіге толып, әкесінің үйінен жыраққа аттанбақшы боп тұрған Жалал сол кездері айтылған сөздері үшін ұялып тұр. Шын мәнінде сөздің өзінен емес, соны айтқан мәнерінен, тәкәппарлығының кесірінен айтылған мақтаны үшін қысылды. Дегенмен, ол өтірік айтпаған еді. Оның сәтсіз секірісі рухты танудағы шексіз саяхатының алғашқы титтей қадамы болған екен.

Радия  Фиша

Аударған  Шынар  Әбілдә

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: