Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЛАҢ

16.12.2021, 9:00 651

Адамы көп Алматы – Алаңы жоқ,

Алаңы жоқ болған соң – Адамы жоқ!

Алаңы жоқ қаланың – алаңы көп.

Жалғыз-жарым жалаймыз жараны кеп.

Ақ мәрмәр тас жарқылдап табандарда,

Алшаң басар күн қайда Алаңдарда?!

Алақандай алаңша арман боп тұр –

Алшаң баспақ түгілі, аялдарға.

Алаң да алаң, алаң жұрт, алаң бәрі,

Аяулы да баяғы Алаң кәні?!

Егілгені жұрт жасып Желтоқсанда,

Төгілгені сүт тасып шараңдағы, –

Болмап па еді барлығы осы Алаңда,

Қалмап па еді қан құны босағаңда.

Қазып сауда-саттық жер жасайтындай,

Жазып сонша не қылдық Жасағанға!

Осы Алаң – Желтоқсанның желі ескені,

Азаттықтың бесігі емес пе еді?!

Жебір жүйе жөргекте тұншықтырған

Еркіндік, елдік дейтін нәрестені.

Жарнамаң  жарқырасын қанша алтындай,

Барша адам ар мұратын аңсар тынбай.

Бейбіт күнде басыңа не күн туды,

Ақала ордаңды ормен қоршайтындай?!

«Алтын адам» қанатты барыс мінген,

Ар, қасиет қашты деп намыс бізден,

Адамы жоқ Алаңға арзу айтып,

Аттан-айқай салардай тап үстіңнен!

Бір елі елдік санаң аласармай,

Киелі кеңдік саған жарасар сай.

Далиған даламдай бір Алаң салшы,

Қалқиған қорап өңшең қала салмай!

Дәлу айы – секілді дүлей келер,

Аттап бассаң бір сақшы – сілейген ер.

Азаттығын – өзінің ғажап күнін

Қарсы алады қашанғы үреймен Ел?!.

Төреғали  ТӘШЕНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: