Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкем айтқан әңгімелерден

25.06.2020, 9:55 1437

• Азамат азайын десе демде.

• Табансыз жігіт – тауансыз.

• Ойы олақтың тілі шолақ.

• Көптің бірі – көгеннің үзігі.

• Кедей байғұстың күні кіжінумен өтеді.

• Тілі тиекті, ойы орамды.

• Тұманды күн – тұмаулы күн.

• Күлкіге де күй керек-ау, қарағым…

• Балалы қарғаға боқ тимейді.

• Отпен ойнағанның ойраны шығар.

• Иланды да әлді кісі қазады. (Илан – шипалы шөп)

• Аң қылықты адамдардан сақтан.

• Күңнің күңкілін өзіне бер.

• Жұғын бар жерде шыбын бар

• Ауру кірді дегенше, әлек кірді десейші.

• Сүтпен кірген жанмен шығады.

• Төркіні жақынның төсегі жиналмайды.

• Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс.

• Балталыдан қалталы қауіпті.

• Аузын баққан бай болар.

• Жұтаған жұртын мақтап жылайды.

• Жындының үлкен-кішісі болмайды.

• Алуға келгенде әлекедей жалаңдайды, беруге келгенде­ бүйі шаққандай безектейді.

• Өзімшілден бұзақылық, бұзақылықтан қияңқылық, қияңқылықтан қылмыс…

• Бер десең бедірейген, ал десең алақайлаған.

• Ишанға қол беріп тұрып шайтанға жол берген.

• Осы бар болғырдың тойғанша жеп, өлгенше қарғайтыны-ай…

• Жырақта жүргенде кісінегіш ағайын араласа келе тістегіш…

• Әй дейтін әжелерден әл кеткелі, қой дейтін қожалардан күй кеткелі қай заман…

• Әркім өз лағын теке қылғысы келеді.

• Бұл дүниенің тасқа басылмаған заңын түгендеп тауыса­ алмайсың.­

• Адам пенде қысылғанда жақынын сағалайды, досын жағалайды­, дүмдінің көлеңкесін паналайды.

• Мықты болғың келсе, жердей бол, бәріне шыдап көтерген.

• «Тоғай да тоғай, тоғай сайын бір ноғай» деген ғой бұрынғылар.­

• Үйірі басқаны ноқта қосады, жас-жасты Алла қосады.

• Қарап отырғанша бір іске жарап отыр, кәсіп болмай нәсіп болмас.

• Тоқтышағын боталы інгенге балаған патшағар.

• Жетекшіні жерлестен, ақылды ағайыннан іздеген басш­ы болып оңбас.

• Жақсылар – елдің тынысы, жақсы сөз – жанның тынысы­.

• Жиғаныңыз иманыңызға бұйырсын.

• Біреу күшіне, біреу ашуына шыдамайды.

• Үлкеннің жолын кеспе, талабыңа кес болар; кішінің жолына­ тұрма, көмілмей қаларсың.

• Өз балаңды кісі болғанша бағасың, балаңның баласын­ өле-өлгенше бағасың.

• Түбін  білмеген  тегін  білмейді.  «Жеті атасын білмеген – жетесіз»­ деген ғой, тамырына қарай бұтағы, тегіне қарай  ұрпағы.

• Біреулер Кісіге, біреулер Кісісіне сеніп күн көреді, біреулер маңдайына сеніп еңбек етеді.

• Аса жуас болма, аса жуас болсаң қулар басынып қор боларсың.­

• Аса қу да болма, аса қу болсаң, түбінде тұтыларсың.

• «Тоқты асығы демеңіз, қолыңа жақса – сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса – дана ғой» деген бұрынғылар.

• Бекер болды. Бекер сайладыңдар. Ашуы алты жылда бір келетін­ ол жайсаң колхозды басқара алар ма екен… (Әкемнің осы айтқаны елге жайылып кетті).

• Ақылды арымайды, алтын шірімейді.

• Шоқынған татардан жақсылық күтпе.

• Түйенің танитыны – жантақ.

• «Сақалды құл жарытпас» деген

• Құл құтырса құдығыңа түкірер.

• Ұлың – бақыт, қызың – жақұт.

• Ұлы бардың өзі бар, қызы бардың көзі бар.

• Сапырылысқан дүние-ай, ағайын да ала-құла, малың да ала-құла, көктегі бұлт та ала-құла, бәрінің де бір тыншуы­ болмады-ау…

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: