Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әке әлемі» – мәңгілік құндылықтар мекенінде

20.07.2022, 15:15 380

HALYQLINE.KZ

Халқымыздың сан ғасырдан тамыр тартатын тарихын жаңғыртып, өскелең ұрпақпен қайталанбас өнер туындыларын қайта табыстыратын мәдениет пен тарих үндескен ортада қызмет етіп келе жатқаныма 10 жылдан аса уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында музей жұмысының қыр-сырымен танысып, сала мамандарымен біте қайнаса қызмет еттім. Музей қабырғасында жүріп қанша тарихтың, қанша тарихи оқиғаның, бағалы жәдігерлер мен құнды экспонаттардың мұражай қорына табысталуының куәсі болдым. Осы ретте өзім еңбегім сіңген, жаныммен үндес музей мұрағатына отбасымыз үшін құнды жәдігерді табыстауды жөн көрдім.

Бала кезімде әкем қайда барса, жанына мені ертіп жүруші еді. Сонда есімде қалғаны, сапарға шыққанда, жол жүргенде жанынан тастамай, көлігіне орнатып қоятын шағын теледидары болатын. Оны «жол теледидары» деп атайтынбыз. Салмағы небәрі 3-4 килоны құрайды. Өзі шағын, жолға шыққанда ұстауға өте ыңғайлы бұл құрылғы – Кеңес дәуірінің қайталанбас құнды техникаларының бірі. Ғылыми атауы – «Электроника ВЛ – 100» теледидары. Теледидар 1969 жылы ленинградтық «Мезон» және Хмельнинцкдегі «Катион» зауыттарынан қара-ақ түсті үлгіде шығарыла бастаған. Атауын кеңес дәуірінің ұлы көсемі Владимир Ильич Лениннің 100 жылдығына орай «Владимир Ленин, 100 жыл» деп атаған екен. Шаңырағымызда осы күнге дейін сақталып, біз үшін бағалылығын жоғалтпаған осынау дүние ендігіде музей төрінде тұрып, құндылық мәні артса деген тілек біздікі. Себебі өзі асқан ұқыптылықпен сақтаған теледидарын әкемнің көзінің тірісінде музейге табыстауға өзім рұқсатын алған едім.

Адам қабілетінің шексіз екендігіне риясыз сенетіндердің бірі менмін. Себебі бала кезімнен әкемнің қолынан шыққан қанша бұйымды көзім көрді. Ол кісі қолөнерге өте шебер, домбыра, бесік, гитара жасайтын. Әкемнің қолынан шыққан түрлі жиһаздар, шағын қобдишалар бертінге дейін сақталды. Анам мен әкем 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлкен өнегелі отбасы. Бала кезімізде әкем анамның бесік тербетуден қолы босамай, шаршап жүргенін көргеннен кейін, өз қолымен электрлі бесік жасап берген екен. Ол кезде мұндай бесік еш жерде сатылмайтын, тіпті жасалмайтын, көрші-көлем, туған-туыс қызығып, сұрап та алады екен. Әкемнің анама деген шексіз махаббаты ғой. Әйтпесе, мұндай жаңа технологияның сатылымға шыққаны бертінде емес пе? Әкем кейде жұмысынан шаршап келгенде анамның тізесіне басын қойып, үйдегі газет-журналдарды оқытатын. Сонда, өзі оқи алмағаннан емес, асыл жарының қоңыр, әсем үнін сағынып келеді екен-ау! Сонымен қатар, үйде әкем өз қолымен ойып жасаған домбырасы сақталған. Күллі қазақ үшін киелі домбырамыз әлі күнге дейін қарашаңырағымыздың төрінде ілулі тұр. Бір кездері әкем электрлі гитара да жасап шыққан еді. Сонда деймін-ау, қазір аса бағалы саналатын мұндай музыкалық аспапты кезінде әкем өз қолымен жасаған екен-ау. Қазір отбасымызда екі бауырыма әкемнің ұсташылық өнері дарыған. Қанмен берілген осы бір қасиет керемет қолөнер бұйымдарының қазақ мәдени тарихында ары қарай да жалғаса беретінінің дәлелі емес пе?

Осы саланың пұшпағын илеп жүрген маған құндылықтарды қастерлеу, мұраны сақтау, өткенге құрметпен қарау сықылды қасиеттер әкемнен дарыған сыңайлы. Көз тірі кезінде қастерлеп, өзі құндылық санаған жәдігерлер туралы қағаз бетіне түсірмес бұрын, әкеме арнап құран бағыштадым. Ойымда шырамытқан бала күнгі естеліктерді жарыққа шығарып, қоғам игілігіне ұсынсам, әке аруағы баласына риза болар деп үміттенемін!

Алтын  СӘДІРҚЫЗЫ,

Қызылорда  қаласының  тарихы  музейінің  экскурсоводы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: