Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай әлемі – қараңғыда адастырмайтын темірқазық

13.08.2021, 16:45 853

HALYQLINE.KZ Апта басында еліміздің түкпір-түкпірінде ұлы ақын, ағартушы, ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының туған күні тойланды. Өткен жылы үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып бекітіліп, ақынның 175 жылдығы аталып өтілді. Негізі бұл шараға дайындық 2019 жылы басталды. Осылайша, күнтізбеде айтулы дата пайда болды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деп ұлы тұлғаның алар орнын айқындап көрсетсе, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмайтын темірқазық іспетті. Санасын жаңғыртып, сапасын арттырғысы келген адам Абайды оқып, оның өлеңдері мен қара сөздерінен мол ғибрат алып, рухани кемелдене түседі. Сонау ХІХ ғасырда айтып кеткен сөздері күні бүгінге дейін құнын жоғалтпай, бізге бағыт-бағдарымызды көрсетіп, өзектілігін сақтап отыр» дейді.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен былтыр мерейтойға қатысты республикалық жоспар бекітілді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы той тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізілетінін мәлімдеді. Мерейтой қарсаңында «Abai» арнасы ашылып, көрермендерге жол тартты. Президенттің қатысуымен Абай өлеңдерін оқудан онлайн челлендж өтті. Пандемия салдарынан «Абай-Аманат» атты онлайн концерт-спектакль сахналанды. «Абай мұрасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Тәуелсіздік толғауы», «Елім менің» «Ұлы дала» республикалық конкурстары, «Абайдың мұрасы – адамзат қазынасы» атты әлеуметтік роликтер мен қысқаметражды фильмдер фестивалі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Абай шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия тілдеріне аударылып басылды. ТҮРКСОЙ шеңберінде 2020 жыл «Абай жылы» деп бекітілсе, Қазақстанның ұлттық банкі «ABAI. 175 JYL» деген атпен коллекциялық монета шығарды. Ал «Қазпошта» «Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл» деген пошта маркасын айналымға енгізді. Қазақстан Республикасының Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария елшіліктері мен Чехияның «Клементинум» ұлттық кітапханасы жанынан «Абай» орталығы, Моңғолиядағы елшілік жанынан Абай бұрышы ашылды. Тбилиси көшелерінің біріне Абай Құнанбайұлының есімі берілді.

Түркияда ақынның құрметіне саябақ ашылып, ескерткіш тақта орнатылды. Абу-Даби қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы қолданысқа берілді. АҚШ-та «Абай виртуалды орталығы» қызметіне кірісті.

Біз Абайды қалай танып жүрміз?! Осы сұрақтың жауабын Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова біледі және жауап бере алады.

– Біз Абайды қалай танып жүрміз?! Оның өз заманында айтқан сөздерінің әлі де өзекті екенін ескеріп жүрміз бе?! Бұл біздің әлі де ұлы Абайды өзіміздің тани түсуіміз, өзгеге таныта беруіміз үшін алдымызға қойып отыратын міндетіміз болмақ.

Бір халықтың емес, бүкіл адамзаттың ақынына айналған кемеңгер Абайдың асыл мұрасы – баршамыздың рухани азығымыз, жол көрсетер құбылнамамыз!, – деп жазады облыс әкімі өзінің фейсбук парақшасында.

Қазақ руханияты үшін айтулы саналатын Абай күнінде аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар» мектепке барып, Абай ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

– …Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда адамзат ақыл-ойының асқар шыңына айналған Абай – ұлттық мақтанышымыз. Ғасырдан астам уақыт бұрын қоғам дамуының қозғаушы әлеуметтік-экономикалық күштері – еңбек, бірлік, кәсіп, сауда, өнер-білім туралы айтқан ой-тұжырымдары тәуелсіздігіне 30 жыл болған Қазақстанның жаңғырып, жаңару жолындағы аса маңызды факторлары екені даусыз, – деді облыс әкімі.

Атап өту қажет, өңірдегі 4 білім беру ошағына, 86 көшеге Абай есімі берілген. Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған. Қала іргесіндегі Абай ауылындағы мектеп ауласына бюсті, «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар» мектебінің ауласына ескерткіші орнатылған.

Ал, бүгінгі таңда ел аумағында ұлы ақынның 50-ден аса ескерткіші мен бюсті бар. 31 елдімекенге, 1300-ге жуық көше мен даңғылға, 100-ден аса мектепке Абай Құнанбайұлының есімі берілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: