Қала дамуын бағалағанда көбіне бюджет көлемі, инвестиция мөлшері немесе құрылыс қарқыны секілді сандар алға тартылады. Десе де, кез келген макроэкономикалық көрсеткіштің шынайы құны оның халықтың тұрмыс сапасына қаншалықты әсер еткенімен өлшенеді. Бюджет ұлғайғанымен, тұрғындардың күнделікті мәселесі шешілмесе, инвестиция тартылғанымен, жаңа жұмыс орындары ашылмаса немесе салынған нысандар ел игілігіне тиімді қызмет етпесе, экономикалық өсімнің мәні де әлсірейтіні әмбеге аян. Сондықтан бүгінгі күннің басты сұрағы – қаржының қанша бөлінгенінен бұрын, оның қаншалықты тиімді игеріліп жатқанында.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң серпіні байқалады. Қаланың бюджеті еселеп артып, инвестициялық белсенділік күшейіп, құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Дегенмен, бұл өсімнің артында қандай нақты жұмыстар тұр? Мемлекеттік қаржы қай салаларға бағытталды? Инвестиция көлемінің артуы қандай жобалар арқылы қамтамасыз етілді? Осы және өзге де өзекті сауалдар мен шаһардың 2026 жылдың бірінші жартыжылдық жұмыстарының есебі Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингінде кеңінен сөз болды.
Қала басшысының айтуынша, биыл да негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталған. Бюджет көлемі ұлғайып, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үймен қамту және салықтық түсімдерді арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Экономиканың тұрақты дамуына негіз болатын бұл көрсеткіштер алдағы кезеңдегі жоспарлардың да ауқымды екенін аңғартады.
– Өткен жылы қаламыздың бюджеті бастапқыда 73 млрд 100 млн теңге көлемінде бекітілген еді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішке бірнеше рет нақтылау енгізіліп, нәтижесінде бюджет көлемі екі еседен астам ұлғайып, 154 млрд 200 млн теңгеге жетті. Ал биылғы жылдың басында қала бюджеті 94 млрд 200 млн теңге болып бекітілгенімен, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттердің есебінен оның көлемі бүгінде 226 млрд 632,3 млн теңгені құрап отыр. Бөлінген қаржының негізгі бөлігі құрылыс саласына, коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және кенттер мен ауылдық округтердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Жыл басынан бергі бюджет түсімдері де жоспарлы деңгейден жоғары қалыптасты. 1 шілдедегі мәлімет бойынша қала қазынасына 79 млрд 739,7 млн теңге түсіп, белгіленген жоспар 100,8 пайызға орындалған, — дейді Н.Сәбитұлы.
Жергілікті бюджеттің мүмкіндігі көбіне салықтық түсімдердің көлеміне тәуелді. Осы бағытта қалада салық базасын кеңейту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Атап айтар болсақ, кірістер басқармасымен бірлесіп 6 526 салық төлеушімен нақты жұмыстар ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде бюджетке қосымша 2 млрд 496,2 млн теңге түсіру жоспарланып, бүгінге дейін оның 1 млрд 683,7 млн теңгесі өндірілсе, қалған 812,5 млн теңгенің жыл соңына дейін түсуі күтілуде дейді қала әкімі өз сөзінде.
Құрылыс саласында да оң динамика сақталуда. Биылғы жылдың алғашқы алты айында атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 73 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8 пайызға артқан. Сонымен қатар, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 201 399 шаршы метрді құрап отыр. Ал ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 2 миллиард 897 миллион теңгені құрады. Әкімнің ақпаратынша, бұл көрсеткіш жыл қорытындысын толық сипаттай алмайды. Себебі егін жинау науқаны мен негізгі ауыл шаруашылығы жұмыстары жылдың екінші жартысында жүзеге аспақ. Сондықтан саладағы өндіріс көлемінің жыл соңына дейін едәуір артуы күтілмек.
Қалада кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артып келеді. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 27 жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылса, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы мен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы бірқатар кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, «Даму» қорының субсидиялау тетігі арқылы да жаңа жобалар мақұлданып, нәтижесінде қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 32 мыңнан, ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 63 мыңнан асты. Шағын және орта бизнес саласында биыл 868,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңір экономикасына қомақты үлес қосылды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері жолаушылар вагондарын жөндейтін өндірістік кешен мен метан газ құю бекеті бар сервистік кешен іске қосылса, қағаз-картон өндірісі және 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы жалғасуда. Инвестициялық белсенділік халықаралық деңгейде де артып келеді. Биыл Испания және Германия инвесторларының қатысуымен жалпы құны 104,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі өндірістік жобаның құрылысы басталды. Санитарлық-техникалық жабдықтар мен шыны ыдыстар өндіретін бұл кәсіпорындар іске қосылған кезде 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осы бағытта жалпы көлемі 5,8 млрд теңге инвестиция тартылып, «Сұлтан» әмбебап базары толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта «Асбол», «Сыбаға» және «Талғат» базарларында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.
Қалада туризм, жол-көлік инфрақұрылымы және абаттандыру бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Туризм саласында халықаралық стандарттарға сай бес жұлдызды «Rixos» қонақүйі, сонымен қатар, «Ibis» және «Pana» қонақүйлерінің құрылысы жалғасып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға негіз қалануда. Бұдан бөлек, биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық берілген. Жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 23 жоба аясында 71 көшеге күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа көпір салынуда. Қазіргі уақытта қаладағы 32 көшеде құрылыс қарқын алған. Ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарында «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпір мен Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстары бар. Одан өзге, Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелі мен сол жағалауды қала орталығымен байланыстыратын жаңа автокөлік көпірінің жобалары көлік қатынасын жеңілдетіп, шаһардың көлік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Қалалық ортаны жақсарту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Биыл 26 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңдары, шағын футбол алаңдары мен воркаут аймақтары салынуда. Сонымен қатар, санитарлық тазалық мәселесі де тұрақты бақылауда. Қала аумағының кеңеюіне байланысты бүгінде «Қызылорда тазалығы» мекемесі күн сайын 826 көшеде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, шаһардың тазалығы мен көркін сақтауға үлес қосып келеді.
Брифинг барысында биыл облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда қаласы мен елді мекендерді абаттандыруға 11,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені айтылды. Соның нәтижесінде Президент саябағы толық жаңғыртылып, көгалдандыру, автоматтандырылған суару жүйелері, автотұрақ пен жол құрылысы жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізіліп, жағалау бойында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолы салынуда. Әкімнің сөзінше, алдағы уақытта Президент саябағы мен Астана шағын ауданын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы да басталады.
Жаза кету керек, қаламызда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқын алған. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жаңа Достық үйі, инклюзивті спорт орталығы, республикадағы алғашқы Құзыреттілік орталығы, сондай-ақ заманауи «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Бұл нысандар өңірдің білім, спорт және қоғамдық өмірінің жаңа мүмкіндіктерін кеңейте түсті.
Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін 300 орындық көпбейінді аурухананы пайдалануға беру жоспарланса, сол жағалаудағы жаңа емхана, перинаталдық орталық және Титов шағын ауданындағы емхана құрылыстары жалғасуда. Сонымен қатар Президенттік кітапхана мен жаңа Драма театрының құрылысы басталып, халықаралық талаптарға сай «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақындады.
Қала әкімінің ресми баяндамасына сүйенсек, шаһардың дамуы мұнымен шектелмейді. Бүгіннің өзінде жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 101 жаңа жоба әзірленіп, республикалық және облыстық бюджеттердің қарауына ұсынылған. «Қолдау тапқан жағдайда бұл бастамалар Қызылорданың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға тың серпін береді» дейді Қызылода қаласының басшысы Нұржан Ахатов сөз соңында.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!