Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жартыжылдық  жұмыстардың  жемісі

24.07.2026, 16:20 46

HALYQLINE.KZ

Әлеуметтік-экономикалық даму туралы сөз қозғалғанда назар көбіне статистикалық көрсеткіштерге ауады. Алайда, кез келген санның артында нақты жұмыс, жүзеге асқан жоба және тұрғындардың күнделікті тұрмысына әсер ететін өзгерістер тұратыны анық. Сондықтан өңірдің даму қарқынын бағалау тек пайыздық өсіммен шектелмейді. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саланың сапасын арттыру, мұның барлығы – бір-бірімен өзара сабақтас үдеріс. Жалағаш ауданында биылғы алғашқы жартыжылдық осы бағыттағы жұмыстардың жалғасқан кезеңі болды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының алты айлық қорытындысын жариялап, негізгі салалардағы көрсеткіштер мен қолға алынған жобалар туралы баяндады.

Жыл басынан бергі көрсеткіштер аудан экономикасында оң динамика сақталғанын көрсетеді. Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 110,7 пайызды құраса, өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 100,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Сонымен бірге, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,2 пайызға жеткен.

Экономикалық белсенділіктің тағы бір маңызды индикаторы саналатын бөлшек сауда көлемі де жоспарланған деңгейден жоғары орындалған. Ауыл шаруашылығы өндірісі, құрылыс жұмыстары және тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша да өсім сақталған. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс, құрылыс, шағын бизнес және инвестициялық жобаларға басымдық берілуі экономиканың құрылымын әртараптандыруға бағытталған саясаттың бір бөлігіне айналып келеді.

Брифинг барысында аудан бюджетінің орындалуына да ерекше тоқталды. Атап  айтар болсақ, бірінші жартыжылдықта нақтыланған бюджет толық көлемде игеріліп, жоспарланған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік туған.

Өңір экономикасының тұрақтылығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – кәсіпкерлік белсенділік. Бүгінде бұл ауданда 2541 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2471-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 91,5 пайызға жетуі кәсіп ашуға деген қызығушылықтың сақталғанын аңғартады. Жыл басынан бері түрлі қаржы институты арқылы кәсіпкерлердің 56 жобасы қаржыландырылған. Қолдау шаралары өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттарды қамтиды.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да биыл жалғасын тапқан. Бағдарлама аясында 37 жоба қаржыландырылып, 39 жаңа жұмыс орны құрылған.

Сонымен қатар, соңғы жылдары аудан экономикасында инвестициялық жобалардың үлесі артып келеді. Биыл бұл бағыттағы ең ірі бастамалардың бірі – швейцариялық «Harvest Agro Holding» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан агроөнеркәсіптік жоба. Жобаның жалпы құны 68 миллиард теңгені құрайды. Өндірістік кешен толық іске қосылған жағдайда техникалық қарасора, жүгері және мақсары өсіріліп қана қоймай, оларды терең өңдеу жолға қойылады. «Бұл өз кезегінде дайын өнім көлемін ұлғайтып, қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді» дейді аудан әкімі өз сөзінде.

Биылдың өзінде компания тарапынан 26,3 миллиард теңге инвестиция салынған. 7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 142 жаңбырлатып суару қондырғысы іске қосылған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба өңірдегі агроөнеркәсіптік өндірісті әртараптандырумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу, заманауи агротехниканы пайдалану және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы бастамалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, аудан аумағында жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның бесеуі бүгінде іске асырылып, нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орны құрылды, — дейді А.Ибраимов.

Экономикадағы инвестициялық белсенділіктің артуы ауданның өндірістік әлеуетін кеңейтумен қоса, еңбек нарығына да ықпал етіп отыр. Жаңа өндірістердің іске қосылуы тұрақты жұмыспен қамтылған тұрғындар санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Егін шаруашылығы, мал өсіру, жер ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу соңғы жылдары ауданның даму күн тәртібінен түспеген бағыттардың қатарында. Брифинг барысында бұл саладағы негізгі көрсеткіштерге де кеңінен тоқталынды. Ресми мәліметке сәйкес, биыл аудан көлемінде 41 мың 864 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы орналастырылған. Оның ішінде өңірдің негізгі дақылы саналатын күріш 16 мың 618 гектар алқапқа егілген. Сыр өңірінің экономикасында күріштің алар орны бөлек. Жалағаш ауданында да бұл дақыл көптеген шаруашылықтың негізгі табыс көзі болып отыр. Қазіргі уақытта ауданда тіркелген 359 шаруашылықтың басым бөлігі егіншілікпен айналысады. Бұл ауыл шаруашылығының аудан экономикасындағы үлесі әлі де жоғары екенін аңғартады.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, технологиялық жаңғырту мәселесіне де басымдық беріліп келеді. Заманауи техникалардың қолданылуы еңбек өнімділігін арттырумен қатар, уақыт пен шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасқан. Жыл басынан бері аудан шаруашылықтары жалпы құны 147 миллион теңгені құрайтын жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Брифинг барысында келтірілген мәлімет бойынша ірі қара, қой-ешкі, жылқы, түйе және құс саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскен. Бұл саладағы өсім ауылдық жерлердегі жеке қосалқы шаруашылықтардың белсенділігін де көрсетеді.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде 8 мың 753 гектар жер мемлекет қорына қайтарылып, оның 3 мың 429 гектары қайта айналымға енгізіліп, жеке және заңды тұлғаларға табысталған. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сыр өңірі үшін су мәселесінің өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Осыған байланысты су ресурстарын үнемді пайдалану технологияларын енгізу де маңызды міндеттердің біріне айналған. Ауданда биыл 15 мың гектар егістік алқапта лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Жалағаш ауданы халқы орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылған. Дегенмен, қолданыстағы жүйелерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соның бірі – Есет батыр ауылындағы ауызсу желілерін қайта жаңғырту жобасы. Жоба іске асқаннан кейін сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі артып, қызмет көрсету сапасы жақсарады деп жоспарланып отыр.

Энергетика саласында да бірқатар жоба әзірленуде. Қазіргі күні ауданның бірнеше елді мекеніндегі электр желілерін жаңартуға қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, оларды қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Перизат ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: