Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастарға сенбеген елдің болашағы «қартайып» туады

16.07.2026, 9:00 47

Неге екені белгісіз, алдыңғы буын кейінгі буынға үнемі сене бермейді. Өзінің жасы мен тәжірибесін алға тартып, бас болуға талпынған жасты жасытып, жігерін құм қылуға құмар көбі. Олай дейтінміз, осы заманмен тыныстап, тәуелсіз күннің шуағымен көзін ашқан замандастар қанша тырысса да, қатаң басшы мен оның ұзақ жыл бойы жанында жүрген сенімді әріптестерінен әрі аса алмай, қанша дағдысы мен білгенін ішке тұншықтырып, карьера қуумен ерте қош айтысып жатады. Қоғам жаңа имиджге зәру. Бірақ білегін сыбанып, іске кірісемін деген буын не өзінің, не мекеменің имиджіне жұмыс істей алмай, көптің қатарына қосылып кетіп жатыр. Бұны қолдан жасалып жатқан болашаққа балта шабу десек те қате емес. Айтпақшы, жастардың бастамасын әрі ысырудан бөлек, мақтау естігендердің аяғын шалуды көздейтін әріптестер де жоқ емес. Осыдан кейін бізге батыстық даму мен шығыстық қарқынға ілесу қиын. Ол-ол ма, жастардың жеке өмірін аңдып, сол туралы әңгіме таратып, онымен бақталасатындар туралы әңгіме мүлде бөлек. Хош. Қазақ арасында жастардың жүк көтерер  күшіне  сенімсіздік  бұрыннан  бар. Ол  туралы  қазақ  зиялылары  не  дейді?

Ұлы Абай өзінің алғашқы қара сөзінде «Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!» деп жазғаны бар-тын. Ел басқарудың өзін, халық­қа болыс болуды «жастар атқарамын демесе, бізге не күн туғандық?!» деп өзін ол жауапкершілікке кәрі санамады ма… Бұл сөзімізбен ақсақалдың ел басқарудан ада болуы керек дегенді айтқымыз келмейді. Тек заман жаңарған сайын, оның атқа­мінері  де  сол уақыттың ақтаңгері болуы керек дегенді түсінеміз. Біздегі бюрократия ол түсініктен алыс. Десе  де,  айту – парызымыз.

Абай тағы бір қара сөзінде бүй деп айтары бар жасқа құлақ түрмейтін қоғамды ашына сынайды. «Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық  дейсің!» — дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ». Жаңа заманның жастарының жаңа ойын, тың пікірін қабылдамайтын, «бәрін өзім білемін» дейтін қоғам ешқашан ғылымның шыңына жетіп, жетістік алмайды. «Өзім білемдіктің» соңғы нүктесі, сол дақпырт пен даңғазаға толы жұрттың ит­әуресіне айналады. Оны заман да, адам да кешірмесі анық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы cөздің астарында, жастарды елдікке тәрбиелеп, болашақтың тұтқасын берік ұстауға үйрету – аға буынның қолында дегенді түсіндіретіндей.

Мөңке бидің заман туралы тол­ғауларында: «жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады, кәрілерге сөзі өтпейтін жасың болады» деген тіркес кездеседі. Заманның албырттығы да осында болар, әр кезең әрқилы өрнегімен құнды. Әйткенмен, осы уақытқа ортақ дүние – кәрі мен жас­тың арасындағы текетірес, мойын­дамаушылық. Қазақ ықылым заман­нан жастарға әрдайым үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің тағылымы етіп үйреткен. Оның ізгі жалғасы ретінде біз де өзімізден кейінгілерге алдыңғы  буынға құрметпен қарап, айтқанын орындауға талпынамыз. Тәрбие тамыры­ның тым тереңге кеткені сондай, ол – қазақ жаны мен танымына ежелден сіңіп кеткен әрекет. Дегенімен, біздің айтпағымыз  – мүлде  басқа  дүние.

Сөзімізді қуаттау мақсатында, қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің «жастардың жолына кедергі болмаңдар, олар қателессе де, өз қателігімен өседі» деген сөзін назарыңызға ұсы­найық. Халық жазушысы осы сөзі арқылы өмірде қателесіп, кешірім есігін қақпаған адам ізгі жолдың ізіне оңайлықпен түспейтінін анық суреттейді. Олай деуге негіз бар, қателесіп көрмеген адам қателіктің, оның  салдарын қалай ұқсын? Ал қателіктің қандай екенін білмеген адам болашақтың тізгі­нін ұстауда әлсіздік танытаны  даусыз.

Авторын білмедік, бірақ ел аузында жүрген тағы бір нақыл сөзге көзіміз  түсті. «Жастарға  сенбеген  елдің  бола­шағы «қартайып» туады». Олай бол­ма­ғанда қайтеді, жаңашылдық­ты жастар туғызатыны аксиома ғой. Біз сол ақиқатты ашық қозғай алуымыз арқылы бола­шақты ілгерілетіп, қазірдің өзінде елдің рухани санасының оянуына қызмет етеміз. Уақыт тізгіні ешкімнің қолын­да емес. Бір күні маңызды болған дүние, ендігі құны көк тиын. Ал  қазір көңіл аудармаған нәрсе өз уақыты келгенде жаңа басым­дыққа ие болып, заманның зүбар­жатына  айналып, қолдан-қолға тимейтін асқан құндылыққа ие болуы мүмкін. Оны сөзұстар ізгілер уа­қыт  деп  атап  кеткен.

Ұлы Абай айтқандай, «көкі­ректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ», ал ондай сенім болмаған жерде көкірек сәулесінен шуақ шашылмайтыны түсінікті. Жас­тар сенім білдірмей-ақ сәуле боп жарқырап, күн болып шуақ шаша алады. Оған сенім білдірмесе де, тәжірибе  жинауға  мүмкіндік  керек.

Айтпақшы, тағы айта кете­тін мәселе – жастардың еңбегін құнсыз­дандыратындар көп. Көз майын тауы­сып, бар күшін арнаған еңбекті әп-сәтте жасанды интеллекті мен өзге біреудің демеуі деп қарас­тыра салу – тағы да алдыңғы буында оңай іс. Оған тайсалмайтын табандылық пен қайт­пайтын қайсарлық бол­маса, заманның заңғары былай тұрсын, кірпіш болып қалануға да орын таппай қалатынымыз рас. «Тесік моншақ жерде қалмайды» дегенді ретті де, ретсіз де пайдаланып жатамыз ғой, ал бүгінде танысы мен табысы болмаса, алтын әшекей болып та еленбей қалуыңыз мүмкін. Айтуға сұранып тұрған ақиқаттың біреуі – осы. Айтып-айтпай не керек, дағдысына мән бермей, дөкейі­не қарайтын кез болып тұр. Елдің ертеңі одан күйрейді десек те артық шығар, бірақ біз қалаған болашақ, тақырыпта айтылғандай, қартайып, тым кеш жете­ді. Сонда, дамимыз дегені­міз далбасаға айналады. Құдай бетін әрі қылсын, біздің қолымызда күш те, қайрат та, мүмкіндік те көп. Оны жетілдіру үшін де көптің көмегі қажет бола қоймайды. Тек жас буынға ағалық ақыл, үлкендік кеңес берсе, тәжірибе жинақтап, қателесіп, сол қателігінен сабақ алатын жағдай жасал­са, тәжірибені кеш жасадық  деп  сан  соқпас  еді.

Дамыған елдердің қатары­на кіру үшін, ұлт  мәдениетін арттырып, қыруар қаржы жұмсау қажет дегенді жиі естіп едік. Оған қоса, жастардың бастамасына қолдау білдіріп, бет­алысын бүркемей, қанатын қайыр­масақ болды, өз жолы мен өз заманын құратын жастардың саны да, сапасы да артатынына үміт зор. Сіз тек  мүмкіндік  жасаңыз.

Кемел  ҚҰРМЕТ

Коллаж  жасаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: