Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Заңның «з» әрпін де білмейді»: Нұрсұлтан Орынбек партиялық тізімдегі кейбір кандидаттар туралы

27.07.2026, 16:10 22

HALYQLINE.KZ

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Нұрсұлтан Орынбек Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Құрылтай депутаттығына кандидаттар қатарында заңнан аса хабары жоқ адамдардың болуына қатысты пікір білдірді.

Заңгердің айтуынша, Құрылтайдан қоғам әрдайым оң өзгеріс күтеді. Алайда ол жаңа құрамдағы депутаттардың арасында орыс тілінде сөйлейтіндердің көп екеніне назар аударған.

«Құрылтай тізіміне сайланған азаматтардың ішіндегі менің ең бірінші аңдаған мәселем – көбіне орыстілділердің баруы. Бұл туралы өз пікірімді де жаздым», — деді Нұрсұлтан Орынбек.

Ол мемлекеттік қызметке орналасудың өзінде заңдар бойынша тест пен қазақ тілінен емтихан тапсырылатынын еске салды. Ал заң шығаратын органға қойылатын талап бұдан да жоғары болуы керек деп есептейді.

Заңгердің пікірінше, Құрылтайға үміткерлер міндетті түрде заңгер болмауы мүмкін. Дегенмен, олардың заңды, мемлекеттік басқару жүйесін және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі тексерілуі қажет.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Орынбек саяси партиялардың танымал әншілер мен блогерлерді өз қатарына тартуына да тоқталды.

«Ал әнші, блогер немесе басқа сала өкілдерін ешкім де шектемейді, ол – олардың өз құқығы. «Қазаншының өз еркі» демекші, партиялардың өздері біледі. Бірақ «А корпусы» деген – жай сөз емес. Ол – басқарушы деңгейдегі, елдің тағдырын шешетін адам. Ол қалайша заңды білмеуі мүмкін? Оны оқу – бір бөлек, түсіну – бір бөлек. Бірақ заң шығаратын адамның заң білмеуі қаншалықты әділетті?», — деді Нұрсұлтан Орынбек.

Дереккөз: adaladam.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: