Жер бетінде тұратын әрбір алтыншы адам, дәлірегі бір миллиардтан астам жан, қандай да бір мүгедектікпен өмір сүреді екен, бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік банктің жиі айтатын бағалауы. Алайда осы санның артында жатқан ең ауыр шындық – дене жарақаты да, ауру да емес, сол адамға есік ашпайтын қоғам. Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, мүгедектігі бар адамдардың бар болғаны үштен бірі ғана еңбек нарығына белсенді қатысады, қалғаны жұмыссыз не жұмыс іздеуден біржола қалып қойған. Тіпті, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше дамыған елдерде де мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі 44 пайыз шамасында қалса, дені сау азаматтарда бұл көрсеткіш 75 пайызды құрайды, ал кейбір мемлекетте мүгедектігі бар жандардың жұмыссыздығы 80 пайызға дейін жетеді.
Мұның себебін халықаралық сарапшылар жасырмайды, ол жұмыс берушінің көзқарасында жатыр. Жұмыс берушілер көбіне «мүгедектігі бар адам жұмыс істей алмайды» деп ойлап, оған сенім артпайды. Дегенімен, нақты тәжірибе мұның жаңсақ пікір екенін дәлелдеген. Мәселен, Оңтүстік Кореядағы бір электроника зауытында жұмысшылардың сексен пайызға жуығы мүгедектігі бар адамдардан тұрады, олардың еңбек өнімділігі дені сау адамнан сәл төмен болғанымен, өнімдегі ақаудың нөлге жуық болуы сол айырманы толық өтейді, әрі мұндай қызметкердің жұмыстан кету деңгейі тым төмен. Демек, мәселе адамның қабілетінде емес, оған мүмкіндік беретін ортаның бар-жоғында жатыр. Ал бұл мәселені аймақтағы ағайыннан да байқап жүрміз.
ӘЛЕМ ДЕ ОСЫ ТҮЙІНМЕН АРПАЛЫСАДЫ
Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Амангелді ауылында тұратын Раушан Жүсіпова да осы мәселемен үнемі бетпе-бет келіп жүргенін жасырмады.
– Мен мүмкіндігі шектеулі жан болсам да, бойымдағы шығармашылығыммен қоғамға септігімді тигізгім келеді. Шәкірттерге домбыра тартып, тоқыма тоқып үйреткім келеді. Мен – тоғыз ағайындымын, екеуі дүниеден өтті, жетеуміз қалдық, жетеуміз де – мүмкіндігі шектеулі жандармыз. Ата-анам да солай болды. Мектеп қабырғасында жүргенде шеттетіліп қала беретінмін, мен сияқты жандарға оқу орнына түсу де қиын, — дейді Раушан Жүсіпова.
Оның тағдыры жалғыз емес. Бүгінде Қызылорда облысында 34 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады, өткен жылғы дерек бойынша оның 19360-ы еңбекке жарамды. Алайда соның ішінде небәрі жеті мыңға жуығы ғана жұмыспен қамтылған. Демек, еңбекке жарамды әрбір үш адамның екеуі жұмыссыз. Алаңдатарлығы да сол, осы статистиканың артында Раушан тәрізді мыңдаған жанның жаншылған үміті тұр.
Бұл түйткіл тек біздің ғана басымызда емес, ол – жаһандық мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік банктің бағалауынша, бүгінде планетада бір миллиардтан астам адам, яғни жер бетіндегі әрбір алтыншы жан қандай да бір мүгедектікпен өмір сүреді. Халықаралық еңбек ұйымының дерегі одан да қатты алаңдатып отыр. Мүгедектігі бар адамдардың бар болғаны үштен бірі ғана еңбек нарығына белсенді қатысады, қалғаны жұмыссыз не жұмыс іздеуден біржола қалып қойған. Дамыған елдердің өзінде жағдай көңіл көншітпейді. Ол туралы бұған дейін де атап өттік.
ДАМЫҒАН ЕЛДЕР МӘСЕЛЕНІ ҚАЛАЙ ШЕШКЕН?
Әлемнің көп елі бұл түйінді квота жүйесі арқылы шешуге тырысады әрі олардың тәжірибесі біз үшін аса құнды. Еуропа Одағына мүше 27 елдің 23-інде осындай квота бар. Алайда олардың квотасы біздікінен әлдеқайда жоғары, орындалуы қатаң қадағаланады. Германияда жұмысшысы 20-дан асатын әр кәсіпорын жұмыс орнының бес пайызын ауыр мүгедектігі бар адамдарға беруге міндетті. Францияда бұл талап одан да биік, ол алты пайызды құрайды. Италияда жеті пайыз, Польша мен Аустрияда да биік межелер белгіленген. Жапония мен Оңтүстік Кореяда да дәл осындай міндетті квота жүйесі жұмыс істейді.
Бұл елдердегі квотаны қағаз жүзінде қалдырмайтын басты тетік айыппұл екенін бөле айту керек. Германияда квотаны орындамаған жұмыс беруші әр бос орын үшін айына 140 еуродан 360 еуроға дейін айыппұл төлейді, ал бірде-бір мүгедектігі бар адамды жұмысқа алмаса, бұл сома 720 еуроға дейін өседі. Францияда квотаны орындамаған кәсіпорын жыл сайын арнайы қорға қомақты қаражат аударуға мәжбүр. Жиналған осы айыппұл мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалтуға, оқытуға жұмсалады. Сонымен қатар, бұл елдер тек жазалап қана қоймайды, ынталандырады да. Германияда мемлекет мүгедектігі бар адамды жұмысқа алған кәсіпорынға жалақыны уақытша субсидиялау арқылы қолдау көрсетеді. Дания болса одан асып түседі, онда еңбек қабілеті төмендеген адам жартылай жұмыс істейтін орынға орналасса, мемлекет оның жалақысының үштен екісіне дейінгі бөлігін өз мойнына алады, нәтижесінде ол елде мүгедектігі бар адам мен дені сау адамның жұмыспен қамтылу айырмасы ең төмен деңгейде.
Десе де, сарапшылар бір ғана квотаның бәрін шеше алмайтынын да ескертеді. Көптеген зерттеу квота тек бар қызметкер мүгедек болып қалғанда ғана тиімді жұмыс істейтінін, ал жаңа адамды жұмысқа алуға әлсіз ынталандыратынын көрсеткен. Сол себепті, бүгінде әлем «квота мен кемсітуге тыйым салатын заңды әрі әлеуметтік кәсіпкерлікті қатар дамыту керек» деген тұжырымға келіп отыр. Дәл осы себептен жалаң санды қуып, квотаны жасанды толтырғаннан гөрі, адамға шынайы лайық жұмыс пен жағдай жасау маңыздырақ саналады.
ЕЛДЕГІ ЕСЕП ЖАЙЫНДА
Қазақстан бұл салада әлемдік стандарттан шет қалған жоқ. Еліміз 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың алдында бірқатар халықаралық міндеттеме алды. Бұл конвенцияның мәні терең, ол мүгедектігі бар адамды бұрынғыдай аяушылық пен қайырымдылықтың нысаны емес, өз өмірі үшін шешім қабылдауға қабілетті, құқығы бар толыққанды субъект ретінде қарауды талап етеді. Конвенцияны ратификациялаған мемлекет мұндай азаматтың лайықты өмір сүруіне, кемсітусіз еңбек етуіне жағдай жасауға міндетті.
Осы міндеттемеге сай елде квота жүйесі қайта қаралды. Бұрын ол барлық кәсіпорын үшін бірыңғай үш пайыз болса, бүгінде жұмысшы санына қарай екіден төрт пайызға дейін сараланып белгіленеді. Бұдан бөлек мемлекет нақты ынталандыру тетіктерін де енгізді. Жұмыс беруші мүгедектігі бар адам үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтаса, оған кеткен бір миллион теңгеге жуық шығын өтеледі, ал сондай орынға орналасқан адамның жалақысы үш жыл бойы субсидияланады. Қызылорда облысында да «Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы» бағдарламасы жүзеге асып, өткен жылы 1280 азамат жұмысқа орналасса, 193 адам кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алған. Бұл сандар өзгеруі де мүмкін, өйткені біз өткен жылғы есепке көз жүгірттік.
Заң мен квота болғанымен, оның орындалуы әлсіз. Бұрынғы Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Абдиев квотаны негізінен мемлекеттік мекемелер ғана ұстанатынын, оның өзінде толық орындалмайтынын ашық айтады.
– Өкінішке қарай, квотаны ұстанатындар аз. Көбіне ұстанатыны мемлекеттік мекемелер, мектеп сияқты. Жыл басында облыс әкімінің қаулысы шығады, төрт пайыздық квотаны орындау бойынша. Бірақ тек мемлекеттік мекемелер ақпарат береді, соның өзінде орындалмаған жағдайларды көріп жатамыз, — дейді депутат.
Оның сөзінше, мәселенің түйіні заңның толық іске қосылмауында жатыр. Әлеуметтік кодекс қабылданғанымен, оның астындағы құқықтық актілер дайын болмағандықтан, заң әлі күшіне толық енбей тұр. Депутат шешімді әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудан көреді, оған Германияның тәжірибесін мысал етеді, онда қызметкерінің басым бөлігі мүгедектігі бар адамнан тұратын инклюзивті ұйым салықтан босатылады.
ЖӘРДЕМАҚЫ ЖҰМЫСТЫҢ ОРНЫН БАСА АЛА МА?
Жұмыс таппаған адамның жалғыз сүйенері – мемлекеттік жәрдемақы. «Бірақ ол адамды кедейліктен шығара ала ма?» деген сауалға нақты сандар жауап береді. 2026 жылы жалпы аурудан мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақы бірінші топқа 111 мың теңге, екінші топқа 89 мың теңге, үшінші топқа 61 мың теңге шамасында белгіленді. Ал елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 85 мың теңге көлемінде. Демек үшінші топтағы адам, нақ Раушан Жүсіпова сияқты алты баланың анасы, айына небәрі алпыс мың теңгемен, яғни күнкөріс деңгейіне әрең жететін қаражатпен өмір кешеді. Бұл ақша адамды аштан өлтірмейді, бірақ оны кедейліктен де шығармайды.
Жалпы алғанда, өткен жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша елдегі мүгедектік бойынша жәрдемақы алатын адам саны 545 мыңнан асады, мемлекет бұған жыл сайын 68 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды. Алайда осы орасан қаржы адамдарды тек күнелтуге жетеді, ал оларды еңбекке тартып, өз нанын өзі табатын дәрежеге жеткізу мәселесі әлі шешілмей тұр. Айтпасқа болмайды, жұмыссыз қалған жан жәрдемақыға амалсыз тәуелді болады, уақыт өте сол тәуелділік әдетке айналады, адам жұмыс іздеуден шаршап, өзіне сенімінен айырылады. Ал жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, ол адамның қоғамдағы орны, өзін керек сезінуінің кепілі. Халықаралық сарапшылар да атап өткендей, жұмыспен қамтылу – мүгедектігі бар адам үшін қоғамға кірігудің, азаматтық құқықты толық пайдаланудың басты жолы.
ЖАРЫҚ СӘУЛЕ БОЛҒАН ЖАНДАР
Дегенімен, қараңғыда сәуле болып жанған жандар да бар. Бірінші топ көз мүгедектігі бар Гүлсім Әбілова он тоғыз жыл мектепте ұстаз болған, көзі нашарлап, мүгедектік алған соң үйде қалуға мәжбүр болады. Бір-екі жыл күйзеліске түскен ол ақыры өзіндей жандарды жинап, қоғамдық бірлестік құрады, шағын шеберхана ашып, он шақты адамды жұмыспен қамтиды.
– Өзім мүмкіндігі шектеулі жан болған соң, олардың жанайқайын түсінемін. Жаныма шақырып, «сенің қолыңнан осындай іс келеді, бекерге үйде отырма» деп жұмысқа тарттым. Гипс өнімдерін, тойтабақ, сувенир жасаймыз. Үйді айына 120 мың теңгеге жалға алып отырмын, оны айналымнан төлеймін. Біздің мақсат – баю емес, мүгедектерді жұмыспен қамту, — дейді Гүлсім Әбілова.
Осы шеберханада адал еңбегімен несібесін теріп жүргендердің бірі – Валентина Калменова. Оның айтуынша, бұл жұмысты табу да оңайға түспеген.
– Басқа тігін орындарына барсаң да алмайды. Жұмыс таппай жүргенде Гүлсімге жолығып, жағдайымды айттым, ол жұмысқа шақырды. Енді өзіміздің нәпақамызды тауып жатырмыз, тігін тігеміз, дайын заттарды үтіктеп, сатамыз, — дейді Валентина Калменова.
Бұл жандардың тағдыры дәл сол халықаралық зерттеулер айтқан шындықты дәлелдейді. Кемсітуден қашқан, жалданып жұмыс таба алмаған мүгедектігі бар адам көбіне өз ісін ашуға бет бұрады, өйткені ол еркіндік пен икемді уақыт береді, әрі кемсітуді айналып өтеді. Гүлсім құрған шеберхана – сондай инклюзивті кәсіпкерліктің тірі үлгісі.
ШЕШІМ ҚАЙДА ЖАТЫР?
Бұл түйткілдің шешімін іздеуде әлемнің озық тәжірибесі бағыт бола алады. Атап айтқанда, инклюзивті кәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамту – бүгінде ең тиімді жолдардың бірі. Финляндияда «Кейсла» атты кафе бар, онда бас аспаздан басқасының бәрі – мүгедектігі бар жандар, ас әзірлеуден даяшыға дейін бәрін өздері атқарады. Мұндай орта адамға тек табыс қана емес, қоғамға араласу, өзін керек сезіну мүмкіндігін де береді. Қуантарлығы, мұндай үрдіс елімізде де бой көтере бастады, жуырда Атырауда тұңғыш рет «Belyes» инклюзивті кофеханасы ашылып, мүгедектігі бар жасөспірімдердің әлеуетін арттыруға жол ашты.
Цифрлы технология да жаңа есік ашып отыр. Ресейде ерекше топтағы азаматтар «Everland» онлайн платформасы арқылы үйде отырып жұмыс табады, 2023 жылы осы платформа арқылы 2700-ден астам адам тіркеліп, 700-ден астамы жұмысқа орналасқан деген деректі көзіміз шалып қалды. Испанияда «DisJob» порталы арқылы 2020 жылдың өзінде мыңнан астам адам жұмыс тапқан. Мұндай қашықтан жұмыс мүгедектігі бар адам үшін аса қолайлы, өйткені ол қолжетімсіз орта мен көлік мәселесін бір-ақ айналып өтеді. Қазақстанда да enbek.кz сайты жұмыс істейді, бірақ ол жалпыға ортақ болғандықтан, мүгедектігі бар жан көбіне өзіне лайық орынды таба бермейді.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту – тек олардың емес, бүкіл қоғамның сынағы. Әлемнің тәжірибесі, заң мен квота, мемлекеттік қолдау бәрі бар, тек оларды нақты іске айналдыру жетіспейді. Германия квотаны айыппұлмен қадағалап, Дания жалақыны субсидиялап, Финляндия инклюзивті орта құрып жатқанда, біз де сол жолға түсуіміз керек. Заң қағазда қалмай, жұмыс беруші стереотиптен арылып, қоғам тең құрметпен қарағанда ғана мұндай жанға бар жерде бағдаршамның жасыл түсі жанбақ. Өйткені қоғамның кемелдігі оның ең әлсіз мүшесіне деген қамқорлығынан көрінеді, ал еңбек ету құқығы аяушылықпен емес, нақты мүмкіндікпен өлшенеді. Түсінгеніміз – осы.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Коллажды жасаған автор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!