Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақша мәтінді «ЖИ тілінен» қалай арылтамыз?

21.09.2026, 16:15 84

Қазақша мәтінде орыс тілінің синтаксисіне ұқсап кеткен тіркестер жиі кездеседі. Мұндай құрылымдар мәтінді ауырлатып, қазақ тілінің табиғи ырғағын жоғалтады. Журналист Болатбек Мұхтаров «Қатал редактор» Telegram-арнасында осындай калькалардан арылудың қарапайым тәсілдерін ұсынды.

Журналистикада 2003 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Болатбек Мұхтаров телевизия, баспасөз, интернет-басылымдар мен PR саласында жұмыс істеген. Оның айтуынша, жақсы мәтін кейде бір сөзді ауыстырудан емес, сөйлемнің құрылысын тұтас қазақшалаудан басталады.

Мұхтаров ең алдымен тұйық етістік пен «арқылы» сөзінің шамадан тыс қолданылуына назар аударады. Мұндай жерде қазақ тілінің көсемше тұлғаларын пайдаланған әлдеқайда табиғи естіледі. Мәселен, «мәселені талқылау арқылы шешті» деудің орнына «мәселені талқылап шешті» деп жазуға болады.

Сол сияқты «етістік + үшін» құрылымы да мәтінде жиі көбейіп кетеді. «Кездесу үшін келді» деген тіркесті контекстке қарай «кездескелі келді», «кездесейін деп келді» деп өзгертуге болады. Ал «ретінде» сөзінің орнына кей сөйлемде «болып», «деп», «етіп», «қылып» сөздері әлдеқайда қазақы шығады.

— Осындай формула мәтінді ЖИ-дікінен де, тірі мидікінен де уникал қылады. Көсемше — омыртқаның майы,— деп жазады журналист.

Ол қазақша мәтінде көмектес септігінің де орынсыз көбейіп кеткенін айтады. Мұны орыс тіліндегі творительный падеж құрылымдарының ықпалымен байланыстырады. Мәселен, «мәселені қиындықпен шешті» дегеннен гөрі «мәселені қиналып шешті» табиғи. «Сағынышпен еске аламын» — «сағынып еске аламын», «қызығушылықпен қараймын» — «қызығып қараймын» болып жеңілдейді.

«Ән айтумен шектелген жоқ» тіркесін «ән айтып қана қойған жоқ», «жанжалды келісімге келумен реттеді» дегенді «екі тарап келісіп, жанжал реттелді» деп беруге болады. «Шетелге сапармен барды» орнына «шетелге сапарға шықты», «таумен қоршалған» орнына «айналасын тау қоршаған», «деген атаумен тарихта қалды» орнына «… деп тарихта қалды» деген нұсқалар мәтінді қазақ тілінің табиғатына жақындатады.

Күнделікті жаңалықтарда кездесетін «сәукелемен келді», «орамалмен келді» тәрізді тіркестер де осы қатарға жатады. Қазақшада «сәукеле киіп келді», «орамал тағып келді» деген әлдеқайда нақты әрі табиғи естіледі.

Мұхтаровтың кеңесінің түйіні қарапайым. Қазақша мәтінді жақсы жазу үшін жеке сөзді қазақшаға аудару жеткіліксіз. Сөйлемнің қаңқасын да қазақ тілінің өз заңдылығына бағындыру керек. Көсемше, етістіктің табиғи тұлғалары және сөздердің қазақы тіркесімі мәтінді калькадан арылтып, оқуға жеңіл етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: