Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара теңіздегі жағдай Қазақстанның мұнай экспортына соққы болды

24.07.2026, 14:00 23

Қазақстан Қара теңіздегі ахуалдың күрделенуіне байланысты мұнай тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатып, мұнай өндіру көлемін азайтты, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұндай шешім кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

«Бұл ретте консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды жағдайда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын», – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомствоның хабарлауынша, мұнай тиеудің уақытша тоқтауына байланысты резервуарлардың шамадан тыс толып кету қаупі туындаған. Осыған орай мұнай өндіруші компанияларға өндіріс көлемін уақытша азайту туралы шешім қабылданған.

«Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Министрлік өндірісті қысқарту уақытша сипатта екенін атап өтті. Қара теңіздегі жағдай тұрақтанғаннан кейін Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тиеу және экспорттау жұмыстары қалыпты режимде қайта жалғасады.

Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыттарының бірі. Елімізде өндірілетін мұнайдың басым бөлігі осы құбыр арқылы Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізіліп, одан әрі әлемдік нарыққа жөнелтіледі.

Коллаж: BAQ.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: