Жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерді мыңдаған жас тамамдайды. Қолына диплом алған түлектер жаңа өмірдің есігін ашып, мамандығы бойынша қызмет етуді армандайды. Десе де, көп ұзамай олардың бір бөлігі еңбек нарығының қатал шындығымен бетпе-бет келеді. Себебі, әмбеге аян, диплом алу мен жұмысқа орналасу – екі бөлек мәселе. Бүгінде жоғары білімді жастар арасында жұмыс іздеп сенделу қалыпты құбылысқа айналғандай. Бірі айлап, енді бірі жылдап жұмыс таба алмайды. Ал жұмыс тапқандарының өзі көбіне мамандығына қатысы жоқ салада еңбек етуге мәжбүр. Көп жағдайда жұмыс берушілер жас мамандардан кемінде екі-үш жылдық тәжірибе талап етеді. Бірақ оқу орнын жаңа бітірген түлек ол тәжірибені қайдан алады? Осы тұста парадокс пайда болғанын байқаған боларсыз? Жұмысқа тұру үшін тәжірибе қажет, ал тәжірибе жинау үшін жұмыс керек.
ӨЗГЕ ЕЛДІҢ «КҮҢІ» мен «ҚҰЛЫН» ДАЙЫНДАУДАМЫЗ…
Мәселенің тағы бір қыры – кадр даярлау мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздік. Кей мамандықтар бойынша жоғары оқу орындары жыл сайын жүздеген түлек шығарады. Бірақ олардың барлығына бірдей жұмыс орны дайын емес. Нәтижесінде, төрт жыл оқып, диплом алған жас маман басқа салаға кетеді немесе уақытша табыс көздерін іздеуге мәжбүр болады. Әсіресе, өңірлердегі жағдай алаңдатарлық. Ауылдық жерлерде жоғары білімді жастарға арналған бос жұмыс орындарының саны шектеулі. Сондықтан болар, жастардың басым бөлігі ірі қалаларға көшуге тырысады. Бұл өз кезегінде өңірлердегі кадр тапшылығын күшейтіп, ауылдардың дамуына кері әсерін тигізетіні рас.
Сарапшылар жастар арасындағы жұмыссыздықтың ұзаққа созылуы әлеуметтік мәселелерге де жол ашатынын айтады. Жұмыссыз жүрген жас өзін қоғамға қажетсіз сезінуі мүмкін. Кей жағдайда бұл психологиялық күйзеліске, әлеуметтік белсенділіктің төмендеуіне, тіпті елден көшу туралы ойлардың көбеюіне себеп болады.
– Расын айту керек, қазіргі білім беру мен жұмыспен қамту бағдарламасының арасы жер мен көктей. Оқыған оқуының теориялық тұсымен ғана танысқан жас маманға саласын тәжірибе жүзінде игеріп кету қиынға соғатыны рас. Бір жақты ғана кінәлау дұрыс емес, әрине. Дегенмен де, мәселенің түпкі өзегі – оқу орындарының жас маман даярлаудағы салғырттығында деп түсінемін. Баланың ынтасы мен мамандыққа деген икемділігін алғаш қалайтын да – осы оқу орны. Сол себептен де, сала таңдамас бұрын, сол саланы жетік игеремін деген жасқа кеңесім – теория мен тәжірибенеі тең дәрежеде көрсетіп келе жатқан білім ордасын таңдағаны абзал. Әйтпесе, әлгінде, жоғарыда айтқанымдай, жұмыссыздықтың жүгін арқалап жүріп, ақыр соңында бөтен елдің құлы мен күңіне айналуға дайындаласыздар, — дейді мұғалім Т.Құдайберген.
Жастардың өзі де мәселенің бар екенін жасырмайды. Әлеуметтік желілерде «дипломым қабырғада ілулі тұр», «мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым», «оқыған кәсібіме сұраныс жоқ екен» деген пікірлер жиі кездеседі. Осы іспеттес бәлки, сылтау көрінген шырылдаған шындықты естігенде сіздің де ойыңызға жас маманға деген «тәжірибесіз, 4 жыл бойы не оқыған» деген сипаттағы көзқарастар қалыптасуы мүмкін. Алайда, екіжақты да бірдей саралау қажеттігін естен шығармағанымыз жөн. Мемлекеттік грант негізінде 4 жыл үздік оқыған 2023 жылғы жас маман әлі күнге дейін тұрақты деген жұмыстың тұрақсыздығынан шарашаған. Атап айтар болсақ, алғашқы оқу тамамдаған жылында 1 жыл жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасса, кейіннен келісімшарт негізіндегі белгіленген уақыты аяқталып, жұмысынан қол үзіп қалған. Содан бері әр оқу орнымен, мектеп қабырғасының табалдырығын тоздыруда. Бір қызығы да, үздік диплом иегері болса да, жұмыс берушінің талабы жұмыс өтілі мен сол баяғы көне Қазақстанның қисық қағидасы…
–2023 жылы үздік студент атанып, үлкен үмітпен аяқтаған оқу орнымның бүгінде магистр дәрежесіндегі білім алушысымын. Негізгі мақсатым – толыққанды жұмысқа орналасып, тұрақты табыс табу, әрине дипломымның жемісін көру. Өкінішке қарай, біздегі кей әділетсіздік пен бос жұмыс орындарын жоққа шығарушы басшылардың залалынан, әлі күнге дейін сыбайлас-жемқорлық пен жұмыссыздықтың құрбаны боп келемін. Ата-анамның да үкілеген үміті де осы күректей диплом еді. «Дипломың ендігі өзіңе қызмет етсін» деуші еді. Қазір, керісінше, дипломды қарапайым қызыл қағаз ретінде көрместен басқа амал қалмады, — дейді Айгерім Өтегенқызы.
РЕСМИ ДЕРЕКТЕГІ ДӘЙЕКТЕРНЕ ДЕЙДІ?
Мәселені шешу үшін ең алдымен білім беру жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі қажет. Жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс күшейіп, студенттерге оқу кезінде өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндігі кеңейтілуі тиіс. Сонымен қатар, жас мамандарды алғашқы жұмыс орнына орналастыру тетіктерін жетілдіру де маңызды. Диплом – адамның білім алғанын дәлелдейтін құжат қана. Ал оның нақты құндылығы еңбек нарығында сұранысқа ие болған кезде ғана артады. Сондықтан бүгінгі күні қоғамды толғандыруы тиіс басты сұрақ – жастарға диплом беру емес, олардың ертең сол білімін қайда және қалай пайдаланатынын қамтамасыз ету.
Мәселенің өзектілігін ресми деректер де жоққа шығармайды. Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері өңірде 20 345 жас түрлі жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 4 883 жас жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, 2 215 жас еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына орналасса, 1 503 жас субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Оның 392-сі жастар тәжірибесіне, 29-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 082-сі қоғамдық жұмыстарға тартылған. Сонымен қатар, 1 165 жас жеке бастамалар арқылы тұрақты табыс көзін тапқан. «Жастарды еңбек нарығына бейімдеу бағытында кәсіпкерлікке де басымдық берілуде» дейді мамандар. Мәселен, 621 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 14 841 жас Enbek.kz платформасындағы онлайн курстардан өткен. Алайда, бұл көрсеткіштер жастарды қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрсеткенімен, жоғары білім алған түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы мәселесі толық шешілді дегенді білдірмейді.
Жастарды жұмыспен қамту мақсатында өңірде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері де тұрақты ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – биыл 29 сәуірде «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығында өткен «Enbek Hub – Qyzylorda» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Іс-шара барысында жергілікті 42 жұмыс беруші 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынса, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан 9 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Жалпы, жәрмеңкеде экономиканың түрлі саласы бойынша 10 мыңнан астам вакансия таныстырылды. Нәтижесінде, 200-ден астам азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына және тұрақты жұмыс орындарына жолдама алған. Ал 80-ге жуық қызылордалық солтүстік өңірлердегі жұмыс орындарымен танысып, қоныс аударуға ниет білдірген.
ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ ЖАЙЫ – ОСЫ
Дегенімен, бұл жерде тағы бір маңызды сұрақ туындайды. Егер өңірде мыңдаған бос жұмыс орын болса, онда неге жоғары оқу орнын бітірген кей жастар жұмыссыз қалып отыр? Жоғарыда жазып өткеніміздей, сарапшылар мұны еңбек нарығындағы сұраныс пен білім беру жүйесіндегі ұсыныстың сәйкес келмеуімен байланыстырады. Бір жағынан жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды іздейді, екінші жағынан жас түлектер тәжірибе жинақтайтын мүмкіндікке зәру. Нәтижесінде дипломы бар жастардың бір бөлігі мамандығынан тыс салада еңбек етуге немесе ұзақ уақыт жұмыс іздеуге мәжбүр болады.
Сондықтан жастар жұмыссыздығы мәселесін тек бос жұмыс орындарының санымен өлшеу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – жас маманның алған білімі мен еңбек нарығындағы сұраныстың үйлесуі, сондай-ақ жастардың тұрақты әрі лайықты жұмысқа қол жеткізу мүмкіндігі.
Бәрін айт та, бірін айт. Шетелге кетіп, «күнімді көремін» деген жастарды көзімізбен көріп жүрміз. Ал қазіргі тенденция басқаша.
Мәселен, әлеуметтік желіде, оның ішінде барша жас буын белсенді отыратын тикток платформасы бүгінде кішігірім бизнес алаңына айналған. Сондағы сауда мен клиентің көзін тауып, жоғалтып алмауға жанталасқан саудагер жастар. Жалға алуға, уақыт шектеулігіне тәуелсіз, үйінде отырып-ақ, алақандай қара жәшікпен күнін көруде. Бұл турасында газетіміздің №27 (1344) нөмірінде жарияланған «Қазақ жастары тұрақты жұмыстың «есігін» неге қақпай жүр» тақырыбында тілшіміз Рыскелді Жахман да осы мәселенің өзектілігін жан-жақты саралап, көрсете білді. Бүгінгі жас буынның жайы – осы. Көз майын тауысып, сонау ауыл-аймақтағы ата-анасының абыройы мен үмітін ақтаймын деген жас түлектің, ендігі жас маманның жұмыссыз атануы да жанға батады. Кімді кіналаймыз, кімді сынаймыз? Құлшыныссыз 4 жылын сарп еткен жас буынды ма, жұмыс көзі табылмайтын, табылса да туысы мен танысынан артылмайтын басшылықты ма?!
Жоғарыда атап кеткеніміздей, құлшыныссыз тіркесіне тоқталайық. Тек басышылық пен оқу орнынан мін іздеу – әлгіндегі аталған мәселеміздің шешімі не түпкі негізі болмайтын жағдайлар да бар. Мәселен, «әйтеуір жоғары бакалавр дәржесіндегі дипломым болса екен» деп оқитын жастарды да жоққа шығара алмайтынымыз анық…
Ал, ендігі бұл да – жұмыссыздық пен сандықтағы қажетсіз құжаттың бір дәйегі…
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!