Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл – татулық тірегі

05.09.2023, 17:50 331

Тіл – ұлттың қазынасы, халықтың жүрегі, елдің ел екенін дәлелдейтін құндылығы. Қандай қоғам болмасын қос құндылығынсыз ел атанбайды. Оның біріншісі жер болса, екіншісі – тіл. Сондықтан болар, дүлдүл ақын да, шешен де, қолына қалам ұстаған жазушы да отан мен тіл тақырыбына келгенде ерекше шабыттанып, қайнаған қанын салып сөз маржанын тереді. Тілдің қасиетті атануы да содан. Елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мереке ретінде тойланып келе жатқанына биыл алтыншы жыл. Бұл датаны ұлттық мереке санатына жатқызудың артында арнайы мән-мағына жатыр. Бұл күн – тіл саласына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ тілі қолданысының артуына аянбай тер төгіп еңбек еткен, артында қаншама еңбек қалдырған ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Былтыр ағартушының 150 жылдық мерейтойы тойланып, әлем бойынша атап өтілді. Биыл қос мереке қарсаңында шаһарда  «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өткізіліп, тіл жанашырлары мен қазақ тілінің дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне үлес қосып жүргендер марапат төрінен көрінді.

 «Достық үйінде» өткізілген іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов сөз алып, барша тіл мерейін асқақтатып жүргендерге ерекше алғыс білдірді.

  • Бұл күн – ұлт тағдыры мен тілі үшін күрескен қазақ әліпбиінің негізін салған Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл күнде тіл мерекесі күнін атап өтудің мәні зор. Өздеріңізге белгілі, Ахмет Байтұрсынұлы «Алаш» автономиясын құру жолындағы саналы ғұмырын ұлттық мүддеге арнады. Қайраткердің ерен еңбегі ұлт жүрегінде жатталды. Алаш жұрты арысын «Ұлт ұстазы», «Ұлттың рухани жетекшісі» деп алақынына салды. Бұл мереке – достық пен бірліктің, түсіністік пен жарасымдылықтың жарқын үлгісі. Өйткені, тіл – татулықтың алтын көпірі, досықтың дәнекері. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз мемлекетіміздің басты ұлттық коды. Бүгінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі әлемдегі 6000-ға жуық тілдің ішіндегі қолданылу өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарында екені білгілі, – деп, Шахмардан Асқарұлы тілдің адамзат үшін бәсі биік екенін атап өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облысы филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасын» иемденді. Одан бөлек тіл мерейін асқақтатып жүргендер облыс әкімінің алғыс хатын иемденіп, бірқатар қазақ тілінің белсенділері ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Алғысын» алды.

Фестиваль барысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат көпшілікті тіл мерейінің  үстемдігі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

  • Соңғы уақыттары Қызылорда өңірінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірнеше мемлекеттік мекемелермен бірлесіп тілге ерекше көңіл бөліп келеді. Ел Президентінің «Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек» деген сөзі бар. Бұл сөздің астарында ана тілімізді құрметтеумен қатар сол тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, өз тілімізде таза, еркін сөйлей білуіміз керек дегенді меңзеді. Дегенмен, Президенттен бастап, министрлік, әкімдік, қоғамдық тамақтану орындары өзге де кез келген орталық тіліміздің мерейін арттыруда өз қолымен шаруалар атқармаса, тіліміз төрге шықпайтынына көзім жетіп жүр. Бұған ел болып, жұрт болып көңіл бөлуге тиіспіз, – деді тіл жанашыры С.Аңсат.

Мұнан соң БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған облыстық «Мемлекеттік тіл және БАҚ»  конкурсының жеңімпаздары анықталып, марапат мінберінен көрінді. Мемлекеттік тілді дамыту бағытында белсенділік танытып жүрген және облыс тұрғындарына қазақтілді сапалы қызмет көрсетіп отырған тіл үздіктері түрлі номинация бойынша үздік деп танылып, сахна төріне шығарылды. Және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жиналған көпшілікке тілдің қадір-қасиеті мен адамзат өмірінде алар орны, ұлттың қазынасы ретінде бағасы бағамдалып, толғамдар айтылды. Рухани азық алған ағайынға фестиваль соңында концерттік бағдарлама қойылып, әуезді әндер шырқалды.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: