Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде республикалық күйшілер конкурсы өтті

04.07.2026, 9:52 29

Ұлттың рухы мен болмысы, ғасырлар қойнауынан жеткен ұлы тарихы мен рухани қазынасы әрқашан қасиетті қара домбыраның шанағында өмір сүріп келеді. Қазақ халқының күллі ғұмыр жолы, тәлімі мен тәрбиесі тарих болып домбыра үнінде сайрап тұрғаны хақ. Міне, осынау баға жетпес ұлттық өнерімізді ұлықтау, төл мәдениетіміздің айшықты белгісін ардақтау мақсатында Сыр өңірінде зор мәдени оқиға орын алды. Ұлттық домбыра күніне және Сыр бойы күйшілерінің бірегей шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған «Сыр толқыны» атты дәстүрлі ІІІ республикалық күйшілер конкурсы өз мәресіне жетіп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Осынау дүбірлі де ауқымды өнер додасының салтанатты ашылу рәсімінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы Шермағанбет арнайы сөз сөйлеп, өңір жұртшылығы мен қатысушыларды айтулы мәдени шарамен құттықтады. Ол өз сөзінде Сыр елінің қасиетті күйшілік мектебінің тарихы мен өміршеңдігіне, ұлттық кодты сақтаудағы қара домбыраның рөліне кеңінен тоқталып, алыс-жақыннан келген жас дарындарға сәт сапар мен ақжолтай тілек білдірді.

Аламан бәйгеде бақ сынаған, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үміткерлердің кәсіби шеберлігі мен орындаушылық өнерін бағалау үшін отандық мәдениет пен музыка саласының нағыз майталмандарынан құралған беделді қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар алқасының төрағасы ретінде белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің оқытушысы Бақытжан Bисенбайұлы Дүйсенғазиев, қазылар құрамында елімізге танымал эпик жыршы, әнші, этномузыкатанушы, фольклорист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Берік Мырзалыұлы Жүсіпов, дирижер-композитор, «Құрмет» орденінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Түркістан қаласындағы Конгресс-Холл көпсалалы кешені жанындағы «Алқоңыр» ансамблінің бас дирижері Еркін Шаяхметұлы Нұрымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облыстық симфония оркестрінің дирижері, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры Әмзе Балтабайұлы Mүсілім және дәулескер күйші, Мәдениет саласының үздігі, Шиелі аудандық мәдени шығармашылық орталығы жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі Әділбек Ахметханұлы Тәшімов болып, әрбір туындының орындалу ерекшелігіне кәсіби тұрғыдан баға берді.

Екі кезеңнен тұрған аса тартысты байқауда бас қаламыз Астанадан, шуақты Шымкенттен, күй ордасы Атырау облысынан және Сыр өңірінің Арал, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласынан келген ең үздік, маңдайалды 10 жас дарын бақ сынасты. Олардың қатарында ұлттық өнерді серік еткен Асқарбаева Аяулым, Сүйеуғали Қайнар, Соңғыбаев Еркебұлан, Маханбет Дәурен, Кеңес Қуаныш, Ахметов Ернар, Жұмабеков Димаш, Октябрұлы Шадияр, Нұрмағанбетов Нартай және Ақжол Жансерік сынды өнерпаздар бар. Байқаудың бағдарламасы да өте күрделі әрі мазмұнды болды. Күйшілер І кезеңде Асан Көнектің «Ілме», Шал Мырзаның «Бұғының күйі» (Нәби Жәлімбетовтың нұсқасы), Жалдыбайдың «Қара жорға» (Қобылаш Жаймұратовтың нұсқасында) күйлерін, сондай-ақ Әлшекейдің «Қыз тоқтаған», «Бозінген», «Егес», «Терісқақпай», «Толқын», «Бұқтым-бұқтым» сынды өз қалаулары бойынша таңдалған туындыларын және Қошқарбек Тасбергеновтың «Нартай Қосбасар» күйін нақышына келтіре орындады. Ал шешуші ІІ кезеңде қатысушылар Қазанғаптың «Бұранбел Ақжелең» (Қыз он бес келгенде) (Қалпар Жармағамбетовтың нұсқасы) күйін, Құрақтың Досжанының «Шалқымасын» және Қобылаш Жаймұратовтың нұсқасында билет суыру арқылы Қ.Ахмедияровтың «Ақмешіт» күйін шеберлікпен орындап, өздерінің жоғары дайындықтары мен домбыра құлағында ойнайтын қабілеттерін дәлелдеп шықты. Осынау ауқымды жоба Сыр бойының бай күйшілік мектебі мен дәстүрлі музыкалық мұрасын жаңғыртып, жас орындаушылардың шығармашылық өсуіне үлкен серпін берді.

Қазылар алқасының шешімімен, байқауда ерекше өнерімен көзге түскен Шымкент қаласынан келген Маханбет Дәурен, Қызылорда қаласының намысын қорғаған Кеңес Қуаныш пен Ахметов Ернар және Жұмабеков Димаш арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Ал тартысты доданың жүлделі орындары келесідей ретпен бөлінді: байқаудың ІІІ орынына Атырау қаласынан келген Соңғыбаев Еркебұлан, Астана қаласынан Асқарбаева Аяулым және Арал ауданының тумасы Октябрұлы Шадияр лайық деп танылды. Жоғары шеберлік көрсеткен Шиелі ауданының өнерпазы Нұрмағанбетов Нартай мен Шымкент қаласынан келген Ақжол Жансерік жүлделі ІІ орынды өзара бөлісті. Ал байқаудың ең жоғары марапаты — І орынды Астана қаласынан келген дүлділ күйші Сүйеуғали Қайнар қанжығасына байлады.

Ұлттық мұрамызды ұлықтап, ата-баба аманатын арқалап жүрген барша өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз! Қазақтың қасиетті қара домбырасының үні мен күмбірлеген күйі мәңгілік ел аспанында үзілмей, асқақтай берсін!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: